Түркістан облысы Сарыағаш ауданында 80-ге жуық отбасы гүл өсiрумен айналысады. Дербісек ауылының тұрғындары қазіргі таңда үйіргелік жердегі жылыжайда гүлдің бірнеше түрін өсіруде. Былтыр шаруалар 600 мыңға жуық гүл өсірген.
Бір ғана мысал, бұл іспен 20 жылдан бері айналысып келе жатқан ауыл тұрғыны Махат Әуешов 20 соттық жылыжай аумағында раушан, альстромерия, хризантема сынды сұрыпты гүлдерді өсіруде. «Гүл көшеттерін өсірудің өзіндік қиындықтары бар. Егілген гүлді әр 10-15 күн сайын суарып тұру керек. Жылыжайдағы қалыпты температура 10-15 градус жылылықта болуы шарт. Ал наурыз айының басынан бастап сабағынан қырқылған гүлдер сатылымға шығарыла бастайды. Мереке сайын көршілер мен ағайын-туысқа өз ауламызда өскен гүлдерді сыйға тартамыз. Бұл кез келген жанның көңіліне ерекше қуаныш сыйлайтыны анық», дейді кәсіпкер. Бүгінде кәсіпкердің гүлдеріне сұраныс жоғары. Әсіресе Шымкент, Алматы, Нұр-Сұлтан қалаларынан арнайы тапсырыс берушілердің қатары қалың.
Ал аудандағы Жемісті ауылы тұрғындарының басым бөлігі үйіргелік жерде ағаш көшеттерін өндірумен айналысады. Шағын ауылда алма, алмұрт, өрік, шабдалы, шие, алхоры және сәндік ағаштардың бірнеше түрін өсіруге басымдық берілген. Негізінен жылына 300 мың шамасында көшет өндірілуде, сұраныс жоғары. Көшеттер республика аймағына арнайы тапсырыспен тасымалдануда.
Түркістан облысы