• RUB:
    4.86
  • USD:
    441.66
  • EUR:
    475.14
Басты сайтқа өту
Спорт 21 Ақпан, 2022

Балуандар чемпионды еске алды

703 рет
көрсетілді

Жақында Семей қаласында спорттық және жауынгерлік самбодан Азия және әлем чемпионы Қуаныш Салықбайды еске алуға арналған дода өтті. Жақсылық Үшкемпіров атындағы Дене шынықтыру-сауықтыру кешенінде Шығыс Қазақстан облысының түкпір-түкпірінен келген 100-ден астам балуан 16 салмақ (ерлер 8 және жауынгерлік самбодан 8) бойынша жүлделерді сарапқа салды.

Ең әуелі Қуаныш Салықбай деген кім? Осыған азырақ тоқ­талсақ. Қ.Салықбай (08.07.1971–16.04.2019) Шы­ғыс Қазақстан облысы, Үржар ауда­ны, Қызылбұлақ ауылын­да дүниеге келген. Семей мал­дәрігерлік институтында оқи жүріп, Қазақстанның еңбек сіңірген жаттықтырушылары С.Тоқтарғазин мен С.Қор­жыкеновтің көмегімен күрес өнерінің әдіс-тәсілдеріне әб­ден қаныққан. Әуелі Ма­қан­шы (қазіргі Үржар) ауда­ны­ның, сосын Семей (кейін­нен Шығыс Қазақстан) об­лы­сының және Қазақстан құ­рама командасының намысын қорғаған. Ол – 48 жылдық ғұмырының 35 жылын кілем үстінде өткізген, күрес тарихында ең ұзақ белдес­кен балуанның бірі. Ол самбо, қазақ және белбеу күрестерінен халықаралық дәрежедегі спорт шебері, самбодан Қазақстанның бес дүркін чемпионы және төрт дүркін ел кубогының иегері, Азия чемпионы және әлем чем­пионы (35-39 жастағылар арасында), белбеу күресінен әлем чемпионатының күміс жүл­дегері, Қазақстанның бес дүркін, Азияның үш мәрте абсолюттік чемпионы.

– Алдағы уақытта Семейде Қуаныш Салықбаевтың атын­да қазақ күресінен турнир өткізсек, оны тұрақты өте­тін беделді республикалық тур­нир­­ге айналдырсақ, – деген Қазақстанның еңбек сіңірген жат­тықтырушысы Серік Тоқ­тарғазин Қ.Салықбайдың 35 жасқа дейін үзбей күресіп, тола­ғай табысқа жеткенін айтты. – «Балуандардың көбі отыздан аса бере күресті тоқтатады. Ал Қуа­ныш – отыз бес жасқа дейін үзбей күресіп кгп, ардагер­лер арасында самбодан қырық шақты республикалық және халық­аралық турнирлердің абсо­люттік чемпионы, Қазақ­станның бес дүркін, Азияның үш мәрте абсолюттік чемпионы болып, Шығыс Қазақстан облысының намысын абыроймен қорғаған балуан еді», деді ол.

– Қуаныш ағамыз – самбо және қазақ күрестерінен өзін­дік өрнегі, айла-тәсілі, же­ңіске деген құлшынысы бар балуан еді. Сондықтан оның есімі қазақ күресінде әрдайым қалады деп сенемін, – дейді Қазақ күресі федерациясының Шығыс Қазақстан өңірі бойын­ша президенті, Қазақ күре­сінен әлем және Азия чемпио­ны, «Қазақстан Барысы» тур­­нирінің күміс және қола жүл­дегері Шалқар Жоламанов. – Біз, Семей балуандары мен бапкерлері Қуаныштың атын қазақ күресінде әрдайым есте қалдырып, жас ұрпақ оның күрес жолынан үлгі-өнеге алу үшін Семейде Қуаныштың атында қазақ күресінен тұрақ­ты түрде өтетін беделді рес­публикалық турнир өткізсек деп өзара ақылдасып шештік. Енді жоспарымызды басшыларымыз қолдаса деген ниет бар.

Жеңімпаздар мен жүлдегерлер

Спорттық самбо:

1-орын: 53 кг: Сұңғат Нұрлатұлы, (2.Алмат Кәрім, 3.Бақдәулет Нұрмұханбет), 58 кг: 1.Нұрым Қайроллин (2.Дәулет Аманұлы, 3.Жақсылық Оспанов), 64 кг: 1. Есентай Имаханов (2.Төлеген Нұрғалиев, 3.Дидар Тұқышов), 71 кг: 1.Жанасыл Әнуаров (2.Жасын Қалиақпаров, 3.Аян Құрманбек), 79 кг: 1.Роллан Саятов (2.Шалқыбек Рахметолла, 3.Нұржан Бекешов), 88 кг: 1. Руслан Жарқынбаев (2. Қуаныш Рәтаев, 3. Елдар Бейсембаев), 98 кг: 1. Қуандық Стамполов (2.Аян Рамазанов, 3.Жоламан Манарбекұлы), +98 кг: 1.Талғат Әміренов (2. Әділ Түкешев, 3. Бексұлтан Ғизат).

Жауынгерлік самбо:

1-орын: 53 кг: 1. Жастілік Ахметбеков (2. Еркебұлан Мырзаханов, 3. Ерзат Маратбеков), 58 кг: 1. Мұхтар Мейрамбек (2. Семен Каратаев, 3.Роман Бойко), 64 кг: 1. Маратбек Рахметоллин (2.Манарбек Әсембай, 3.Қанат Тілеубергенов), 71 кг: 1. Дәурен Дәкенов (2.Азамат Байгожин, 3.Ерасыл Зияданов), 79 кг: 1.Нұрболат Құлбеков (2. Еламан Төлеш, 3. Тоқтасын Дәуіт), 88 кг: 1.Мағжан Жұмашев (2. Жайдар Хасенов, 3. Елдос Мырзахметов), 98 кг: 1.Еркебұлан Омаров (2. Нұрсұлтан Жұмағалиев), +98 кг: 1. Әліби Уәли (2.Дамир Секен).