ТЖМ Төтенше жағдайлардың алдын алу департаментінің басшысы Рустамбек Амриннің хабарлауынша, еліміздің бес өңірінде, атап айтқанда, Солтүстік Қазақстан, Шығыс Қазақстан, Ақмола, Қарағанды және Қостанай облыстарында су тасқынының болу қауіптілігі өте жоғары. Ал қауіптілігі орташа аймақтарға Батыс Қазақстан, Ақтөбе, Павлодар, Алматы, Жамбыл және Түркістан облыстары кіреді.
Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте министрлік өкілі қазіргі уақытта қар шығару жұмыстарының жалғасып жатқанын, ал су тасқынына қатысты түпкілікті болжамды 1 наурыздағы жағдай бойынша Қазгидрометтің хабарлайтынын мәлімдеді. «Ақпан және наурыз айларында температура күрт көтеріліп, жаңбыр көп жауса, еріген қар мен жаңбырдан су тасқыны болуы әбден мүмкін. Осыған орай қардағы су қорының мөлшерін, топырақтың күзгі ылғалдануын, топырақтың қату тереңдігін талдай отырып, су тасқыны қаупі бар аймақтар анықталды», деді Р.Амрин. Оның айтуынша, Батыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан, Қарағанды, Ақмола, Қостанай және Ақтөбе облыстарында топырақтың қату тереңдігі өткен жылғы көрсеткіштен орта есеппен 6-68 см-ге төмендеген. «Ал қардың баяу еруі су тасқыны кезеңінің өтуіне оң әсер етеді» дейді спикер. «Төтенше жағдайлар министрлігі орталық және жергілікті атқарушы органдармен бірлесіп, көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайлардың туындау қаупін азайту жөніндегі іс-шаралар кешенін жүргізуде. Басқа апаттардың да, су тасқынының да салдарын жоюға қарағанда олардың алдын алу оңай және арзан. Бұл әлемдік тәжірибе және тиісінше, біздің саясатымыз», деген департамент басшысы 2021-2023 жылдарға арналған су тасқынына қарсы іс-шаралардың Жол картасы іске асырылып жатқанын да жеткізді.
ТЖМ мәліметтеріне қарағанда, соңғы бес жылда су тасқынынан еліміздің он өңіріндегі 165 елді мекен зардап шеккен. Су тасқынының теріс әсерін төмендету мақсатында министрлік жүргізген талдау нәтижелері көктемгі су тасқыны кезінде 1010 елді мекеннің су басу қаупіне неғұрлым бейім екенін анықтап берген. Ал бұл жерлерде 800 мыңнан астам халық тұрады.