Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетіндегі «Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің ұйытқы болуымен белгілі қаламгер, Президент сыйлығының лауреаты, Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері Қали Сәрсенбаймен әдемі әсерге толы оқырмандардың кездесуі өтті. Мазмұнды іс-шараға Парламент Мәжілісінің депутаты, қаламгер Сауытбек Абдрахманов, «Егемен Қазақстан» РГ» АҚ басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің ректоры Ерлан Сыдықов, «Тұран» университетінің ректоры Рахман Алшанов, Қазақстан Жазушылар одағы басқармасы төрағасының орынбасары, жазушы Мереке Құлкенов, сатирик Көпен Әмірбек, публицистер Жанболат Аупбаев пен Шархан Қазығұл және ақындар Ғалым Жайлыбай мен Қасымхан Бегманов бастаған бір топ зиялы қауым өкілдері қатысты.
«Кәусар» мәдени-танымдық бірлестігінің жетекшісі, Қазақстанның еңбек сіңірген әртісі, профессор Кенжеғали Мыржықбай бұған дейін де аталған оқу орнында халқымыздың біртуар тұлғаларымен бірнеше кездесу өткізгені белгілі. Соның жарасымды жалғасы ретінде өткен кеш шымылдығын әнші ағамыз әсем әнмен ашса, студенттер парасатты публицистің шығармаларынан үзінді оқып, жиналғандарды жылы шуаққа бөледі.
Жалпы қазақ оқырмандары эстет қаламгер Қали Сәрсенбайды жақсы біледі. Ол сонау сексенінші жылдардан бері мерзімді баспасөз бетінде қоғамның сан тарау өзекті мәселесін қозғап, ұлт өнерінің көкжиегін кеңейткен тұлғалар туралы жазған ойлы мақалаларымен көпшілікке танылды. Ұзақ жылдар «Жас алаш», «Егемен Қазақстан», «Парасат», «Алматы ақшамы» секілді газет-журналдарда қызмет істеп, қазақ баспасөзінің дамуына үлес қосты. Қазір «Ана тілі» газетінің бас редакторы, публицистикалық, прозалық кітаптары жарық көрген.
Қазақстанның халық жазушысы Қадыр Мырза Әли «Көркемөнерді көркем жігіттер жасайды» деген мақаласында: «Қали не нәрсені жазса да, біліп жазады. Біліп жазу үшін алдымен Құдай беретін жазғыштық қасиетті айтпағанда, білімпаздық, ізденімпаздық және керек. Бұл критерийлер болмаса, әлгі қасиетті ұстап тұру бекершілік. Осы орайда Қалидың эстеттік әлеміне баса назар аударған болар едім. Күнделікті шығып жатқан газетте ағымдық мәселелерге ілесіп отыруы, ой ұшқырлығын танытуы өз алдына, оның терең толғаныстарға құрылған дүниелері маған әлдеқайда қымбат көрінеді» деп талантты журналистің еңбегін жоғары бағалаған.
Кездесу барысында кеш иесі оқырмандармен ой бөлісіп, еркін пікір алмасты. Журналистикаға қалай келгені жайында қызықты әңгіме айтып, есімдері ел есінде қалған Шерхан Мұртаза, Камал Смайылов, Оралхан Бөкей, Амангелді Сембин туралы мағыналы естелік өрбітті. Кейінгі жазып жүрген ой-толғаныстарын оқып, жастардың сұрақтарына жауап берді. Сонымен қатар өзі басқарып отырған «Ана тілі» газетінде қолға алған жобалары жайында әңгімеледі.
− Ұлттың мұңын мұңдап, жоғын жоқтап жүрген ұлт басылымдары санаулы. Соның бірі – «Ана тілі» газеті. Осында отырғандардың барлығын біздің басылымның оқырмандары деп білемін. Негізі, халықты тәрбиелеудің түрі көп, соның ішінде өзім тұлғатану арқылы тәрбиелеуді жөн көремін. Осы бағытта біраз жобаны қолға алып, «Тұлға-тағдыр», «Ағалар айтып кетіпті», «Арыстар мен ағыстар» атты айдарларды аштық. Алдағы наурыздан бастап, атақты актер Асанәлі Әшімовтің жаңа жазып бітірген кітабынан үзінділер жариялаймыз, − дей келіп, осы кештің өтуіне мұрындық болған азаматтарға ризашылығын жеткізді.
Сондай-ақ кеш аясында автордың «Түнгі қойылым» және «Дүлдүл» атты қос кітабының таныстырылымы өтіп, сатирик Көпен Әмірбек бір сапта жүрген қаламдасы туралы ізгі лебізін білдірді. Кездесу соңында университет ректоры, академик Ерлан Сыдықов Қали Сәрсенбайға ғылыми кеңестің шешімімен аталған оқу орнының «Күлтегін» медалін табыс етті.