Елордада Мәдениет және спорт министрлігінің туризм саласы бойынша кеңейтілген алқа отырысы өтіп, онда елдегі туризм саласының 2021 жылғы қорытындылары мен алдағы жоспарлары талқыланды. Жиынға Президент Әкімшілігі, Парламент, Үкімет өкілдері, облыстық туристік сала басқармаларының басшылары, «Атамекен» ҰКП, министрлікке бағынысты ұйымдар басшылары, сондай-ақ туризм мен бизнес өкілдері қатысты.
Жиында бірінші болып сөз алған Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов бүгінгі таңда елдегі туризмді дамыту әлеуметтік-экономикалық тұрғыдан бұдан әрі дамуымызда маңызды орын алатынын айтты. Ол – экономиканың дамуы ғана емес, халықтың табысын арттырудың негізгі бағыттарының бірі, өйткені бұл сала жұмыс орындарымен де тікелей байланысты екенін жеткізді. Сондай-ақ Премьер-Министрдің орынбасары бүгінде дұрыс ұйымдастырылған мемлекеттік саясат пен туристік қауымдастықтың үйлесімді өзара іс-қимылы арқылы саланы жүйелі дамыту қамтамасыз етіліп келе жатқанын да тілге тиек етті.
– Шынын айту керек, мұның бәрі өзінен өзі оңай жасала қойған жоқ. Осы уақытқа дейін түрлі кедергілерден өттік. Пандемияға байланысты бірқатар қиындыққа да тап болдық. Бұл бағытта әлі де нақты жұмыстар істелуі керек. Дегенмен жоспарланған біраз дүние жүзеге асырылғанын өздеріңіз білесіздер. Нәтижесінде, 2021 жылы туризм саласындағы негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 564 млрд теңгені құрады. Қиын кезеңдерді ескере отырып басқа мемлекеттермен салыстырып қарасақ, бұл тәп-тәуір көрсеткіш деп айтуға болады. Әрі қарай да бұл бағытты бірге дамытуымыз керек, – деді Премьер-Министрдің орынбасары.
Ал ведомство басшысы Дәурен Абаев министрліктің 2021 жылы атқарған жұмысы және алдағы кезеңдегі негізгі міндеттері туралы есеп берді. Министр бүгінгі таңда эпидемиялық жағдайға және қабылданған карантиндік шараларға қарамастан, салада оң үрдістер бар екеніне тоқталды. Мәселен, 2021 жылдың 9 айының қорытындысы бойынша ішкі туристер саны 5,2 млн адамды құрап, 2019 жылдың карантинге дейінгі көрсеткішінен 100 мың адамға артқан.
Сонымен қатар Д.Абаев ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың туризм саласын мемлекеттік саясаттың перифериясынан шығарып, оны елдің экономикалық өсу драйверлерінің біріне айналдыру бағытында нақты міндет қойғанын айтты. Іс-шарада министрлік белсенді жұмыс жүргізетін 8 басым бағыт атап өтілді. Олар: туристік бизнесті қолдау, отбасылық демалыстың қолжетімділігіне бағытталған әлеуметтік бастамалар, мектеп туризмін дамыту, жаңа туристік бағыттарды әзірлеу және енгізу, келу туризмін ынталандыру, эко және агротуризмді дамыту, туристік әлеуетті нығайту үшін креативті индустрияларды іске қосу бойынша шараларды дайындау.
Д.Абаев балалар демалысын дамытуға баса назар аударуды тапсырды.
– Өткен жылы біз балалар мен жасөспірімдер туризмі нысандарын араладық. Республика бойынша 202 балалар лагері бар екені анықталды. Алайда олардың үштен бірі 1952-1990 жылдар аралығында салынған. Көпшілігінде материалдық-техникалық база ескірген. Осыған байланысты туризм саласына жетекшілік ететін вице-министрге және Kazakh Tourism-ге балалар-жасөспірімдер және сауықтыру туризмін дамыту жөнінде шаралар кешенін әзірлеуді тапсырамын. Егер қажет болса, біз тиісті бағдарламаны қабылдауға дайынбыз, – деді министр.
Kazakh Tourism ұлттық компаниясының басқарма төрағасы Талғат Аманбаев кейінгі үш жылда, яғни 2019-2021 жылдары елімізде бірқатар маңызды жоба атқарылғанын мәлімдеді. Жұмыстардың басым бөлігі Маңғыстау, Щучинск – Бурабай, Түркістан және Алматы мен Шығыс Қазақстан облыстарының аумағындағы Алакөл курорттық аймақтарын дамытуға бағытталған.
– Елімізге келген туристерге біз әрқашан сапалы қызмет көрсетуіміз керек. Сондықтан былтыр қазақстандық туроператор қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында онлайн сабақ жүргіздік. Оған еліміздің әр облысынан 3 мыңнан аса адам қатысты. Оның ішінде ауылдық жердегі 428 тұрғын туристерге қызмет көрсетуге ниетті екендіктерін байқатты. Сондай-ақ арнайы «Сапа белгісі» деген бағдарлама енгізіп, балалар туризмі, қала туризмі, агротуризм және Жібек жолы туризмі бағыты бойынша 3 300 туристік нысанды зерттеп, жаңа туристік өнімдерді дамыту бойынша ұсыныстар дайындадық, – деді Т.Аманбаев
Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде былтыр Қазақстан Lonely Planet жаһандық баспасының нұсқасы бойынша «Үздік қонақүй» номинациясын жеңіп алды. Ал Le Figaro атты франциялық басылым Қазақстанды 2021 жылы баруға ұсынылған 21 ел тізіміне қосты. The Telegraph Қазақстанды «Қарқынды дамып келе жатқан туристік дестинация» ретінде атап өтті.
Қазақстанның Travelstan жарнамалық ролигі Португалияда өткен 14th ART&TUR – International Tourism Film Festival фестивалінде «Үздік ролик» номинациясын иеленсе, Алматы облысындағы «Көлсай көлдері» ұлттық табиғи паркі мен Саты кенті әлемдік ауыл туризмінің «Оскарына» ие болды.