Бұл күндері Болгария астанасы – Софияда бокстан халықаралық «Странджа кубогы-2022» жарысы өтіп жатыр. Биыл 73-ші мәрте ұйымдастырылған байрақты додада Қазақстан боксшылары екі құраммен өнер көрсетуде. Сондай-ақ Еуропа мен Азия құрлығының ең үздік құрамалары да бақ сынауда.
Жарыстың алғашқы екі күнінің қорытындысы бойынша Қайрат Сәтжанов басшылығындағы ұлттық құрама өкілдерінің 10 боксшысы турнирдің ширек финалына жолдама алды. Атап айтқанда, ең жеңіл салмақта (48 кг) шаршы алаңға шыққан жастар арасындағы әлем чемпионы Санжар Тәшкенбай мен 2020 жылғы Қазақстан біріншілігінің жеңімпазы Даниял Сабит, 51 килодағы Дамир Әбдіқадыр, Тимур Қабдешов, былтырғы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері Махмұд Сабырхан (54 кг), Абзал Серік (63,5 кг), Дулат Бекбауов (67 кг) Сағындық Тоғамбай
(86 кг), Абзал Құттыбеков (92 кг) және Нұрлан Сапарбай (92 килодан жоғары) іріктеу жарыстарын сәтті өткізді. Енді олар бүгін және ертең ширек финал бәсекелеріне шығады.
Іріктеу кезеңдерінде Абзал Серік сербиялық Павел Федоровтан айласын асырса, Дулат Бекбауов алғашқы айқасында жерлесіміз, жастар арасындағы Азия чемпионы Дархан Дүйсебайдан басым түссе, екінші айналымда франциялық Уго Грауды 5:0 есебімен жарыс жолынан ығыстырды. Дулат енді ширек финалда өзбекстандық Жахонгир Рахмоновпен жұдырықтасады.
Сондай-ақ 86 килода өнер көрсететін Сағындық Тоғамбай қырғызстандық Эркин Адылбек уулуын – 5:0 (30:27, 30:27, 29:28, 30:27, 30:27), 92 килодағы Абзал Кұттыбеков ресейлік Владимир Узунянды – 4:1 (30:27, 28:29, 29:28, 29:28, 29:28) және 92 килодан жоғары салмақтағы Нұрлан Сапарбай да италиялық Винченцо Фиасчеттиді 5:0 (30:27, 30:26, 30:27, 30:26, 30:27) есебімен еш қиындықсыз жеңді.
Өкінішке қарай, Талғат Сырымбетов (54 кг), Дархан Дүйсебай (67 кг), Диас Молжігітов (75 кг), Жәнібек Қартбаев (80 кг) және Аманат Сабырғали (92 килодан жоғары) алғашқы айналымда-ақ қарсыластарынан жеңіліп, жарыс жолынан шығып қалды.
Айта кетейік, 27 ақпанға дейін жалғасатын Strandja 2022 жарысына әлемнің 36 елінен келген 300-ден аса (206 ер, 139 әйел) былғары қолғап шебері қатысып жатыр. Ерлер 13 салмақ дәрежесінде, ал қыздар 12 салмақта өнер көрсетуде. Биылғы турнирдің жалпы жүлде қоры 200 мың АҚШ долларын құрайды. Халықаралық бокс федерациясы (IBA) Софияда үздік шыққан саңлақтарды алғаш рет қаржылай сыйлықпен марапаттамақ. Мәселен, биылғы «Странджа кубогының» жеңімпазы – 4 мың, күміс жүлдегер 2 мың доллар және қолаға қол жеткізгендер 1 мың АҚШ долларын сыйақы ретінде алады.