Павлодар облысында сүт қабылдайтын кәсіпорындардың саны көп болса да, барлығы дерлік тек ірі шаруа қожалықтарымен байланыс орнатқан. Елді мекендерді, нақты айтқанда ауыл-ауылды аралап, тұрғындардан, жеке аулалардан сүт жинауға бас ауыртқысы жоқ.
Қанатқақты жобаның ақыры
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жеке аулада мал ұстаған ағайынға қолдау көрсету маңызды екенін жиі айтады. Себебі ішкі нарықты ет және сүт өнімдерімен 70-80 пайыз қамтамасыз етіп отырғандар – қосалқы шаруашылықтар.
Сүт тапсыратын ірі шаруашылық басшылары да, сүт қабылдайтын кәсіпорын директорлары да баға жайлы сөз қозғауға құлықсыз. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы мамандарымен әңгіме бары-сында бағаны шамалап біліп алдық. Белгілі болғандай, ірі шаруашылықтардан алынатын сүттің әр литрі 130 теңгеден кем емес. Тіпті күз және қыс мезгілдерінде баға шарықтайтын көрінеді. Ал қосалқы шаруашылықтардан қабылдау бағасы 100 теңгеден асып көрмепті.
Сүт өңдеу кәсіпорындары басшыларының бұған қатысты айтар өз уәжі бар екен. Олар егер сүт сапасы жоғары болса, оны сатып алу құны да біршама көтеріңкі болатынын алға тартуда. Сүт сапасының жоғары болуы оның майлылығы мен қышқылдылығына байланысты. Егер сүттің майлылығы 3,5 пайыз, ал қышқылдылығы 19 пайыздан аспаса, онда өнім сапалы деген сөз. Сүт қабылдаушылар тұрғындардың тапсыратын сиыр сүті осы талап үдесінен шыға алмайтынын, салдарынан шикізаттың шамамен 10 пайызы жарамсыз болып қалатынын айтып ақталады.
Белгілі болғандай, алдыңғы жылдары қысқы маусымда сүтті қайта өңдейтін кәсіпорындар қанатқақты жоба шеңберінде жеке қосалқы шаруа қожалықтардан сүттің әр литрін 150 теңгеден қабылдаған. Сапасы да жіті бақыланыпты. Десе де, кейбір тұрғындар сүтке су қосып, пайда табуды көздеген. Соңында сүт қабылдайтын мекемелер олардан ат-тонын ала қашып, қанатқақты жоба сәтсіз аяқталған. Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы басшысының орынбасары Марат Шұғаев қанатқақты жоба өз нәтижесін бермегенін растады.
– 150 теңге барлық технологияларды қолданып, сүттің сапасын сақтап отырған ірі кәсіпорындарға төленіп келген-ді. Мұндай бағаны жеке аулада бекітіп, өнімнің сапасын арттыруды мақсат еткен едік. Яғни Павлодар және Успен аудандарындағы тұрғындардан сүт 150 теңгеден жиналды. Бірақ ойымыз іске аспады. Сол себепті пилоттық жоба тоқтатылды. Сөйтіп, бұрынғы бағаға (100 теңге) қайта оралдық, – дейді М.Шұғаев.
«Атамекен» өңірлік кәсіпкерлер палатасы директорының орынбасары Жомарт Сембаевтың айтуынша, бүгінде жеке қосалқы шаруашылықтарға тиімді бағамен сүт өткізу мүмкіндігі туындаған.
– Қазір аймағымызда ірімшік шығаратын кәсіпорындар саны артуда. Бір артықшылығы, ұсақ шаруашылықтардан құралған кооперативтер сүтті соларға тиімді бағамен өткізуде. Әйтпесе, ірі сүт өңдейтін зауыттар сүттің көлемі көп болмаса кооперативтерге аяқ баспайды, – дейді Ж.Сембаев.
Әр ауылда сүт қабылдау орны ашылса...
Бүгінде облыстағы сүтті қайта өңдеумен айналысатын 18 кәсіпорынның жүктемесі 75 пайызды құрап отыр. Мәселен, «Сүт» АҚ-да шикізатпен қамтылу көрсеткіші 65 пайызға тең. Яғни кез келген сүтті қайта өңдеу кәсіпорындарында шикізаттың қажеттілігі туындауда. Сондықтан да жеке қосалқы шаруашылықтардан сүт жинау ісін жүйелі ұйымдастыру қажет-ақ. Бұл турасында ауыл шаруашылығы саласының ардагері Мойылжан Қанаевтың айтары бар.
– Менің ұсынысым мынадай: ауылдағы ағайынды қолдау үшін сүтті сиырлары бар әр ауылда сүт қабылдайтын бекеттер ашу керек. Онда сүтті тазалау, салқындату, сақтау шаралары сақталса, өнімнің сапасы артып, жоғары бағаға сатылатын еді. Бұл ретте, ауыл әкімдері тұрғындардан сүт жинау ісін ұйымдастырғаны абзал. Антимонополиялық комитет өкілдері жеке ауладан сүтті арзан бағамен сатып алатын сүт зауыттарының жұмысын қадағалауы керек. Әйтпесе, арзанға бағаланған сүттің бағасы кейін екі-үш есе өсіп, зауыт өкілдері тұрғындардың өз бидайын өзіне қуырып беріп отыр, – дейді М.Қанаев.
Сиырдың сүті – тілінде
Соңғы жылдары аймағымызда тауарлы сүт фермасы көптеп салынуда. Осылайша, сан жағынан Солтүстік Қазақстан және Павлодар облыстары – республикада көш басында. Бастысы, сапасы сан соқтырмағаны маңызды.
Сиырдың сүті – тілінде. Еліміздің ауыл шаруашылығы саласы жаңашылдыққа аяқ басқалы бері сиырдың сүті тілінде ғана емес, күтімінде екеніне мал баққан ағайынның көзі жеткендей. Малдың жем азығы сапалы болмаса, сауынды сиыр асыраудың қажеті шамалы. Мұны қаперіне алған Павлодар ауданының шаруалары суармалы жер алқабын тиімді кәдеге жаратып, жыл сайын заманауи қондырғылармен жабдықталған тауарлы сүт фермасын іске қосуда.
Мәселен, Кеңес дәуірінде атағы жер жарған Рождественский ауылдық округіне қарасты Розовка ауылындағы «Киров» ЖШС-і былтыр 420 басқа арналған тауарлы сүт фермасының құрылысын аяқтаған. Сөйтіп, симментал тұқымды сауынды сиырлардың санын 1 362-ге жеткізіп, мол өнім алуға ниетті. Жаңаның аты жаңа ғой. Мұнда бұрынғыдай ертелі-кеш шелегін арқалап жүретін сауыншылар жоқ. 3-4 адам ғана жұмыс істейді. Барлық шаруа автоматтандырылған. Ғимараттың маңдайшасына «Тауарлы сүт фермасы» деп жазылмаса, сырттан келген біреу әлеуметтік нысанға ұқсатары анық. Бұрын мал қиының исі қолқаны қабып, фермадан шыққанша асық болатын едік. Қазір сүт фермаларының тазалығына шыбын тайып жығылғандай, көңнің иісі сезілмейді де. Малдың тезегі автоматты түрде сыртқа шығарылып, кейін минералды тыңайтқыш ретінде пайдаланылады екен. Сиырлардың астына резеңке жамылғылар төселіп, ферманың ішіндегі температура реттеліп отырады. Сауын орынға кірген сиырлар айналма шарбақ арқылы өз орындарына тұра қалады. Сауыншылар таза майлықтармен сиырлардың желінін сүртіп, сүт сауу аппараттарын үрпіне кигізіп, іске қосады. Сүт құбырларымен «ақ бұлақ» аға бастайды. Осы жұмыстың барлығы да компьютермен бақыланып отырады.
– Ең бастысы – малдың жем азығы. Бұл үшін суармалы алқапты дамыту арқылы сүрлем, пішендеме сияқты дәруменге мол азықты әзірлеп жатырмыз, – дейді «Киров» ЖШС басшысы Болат Тәжиев.
Сүтке сұраныс
бәсеңдемейді
Облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының бас маманы Айдос Жақыповтың мәліметінше, бүгінде аймақта сүт бағытындағы шаруа қожалықтардың иелігінде 346,5 мың бас ірі қара бар. Соңғы 3 жылда облыста 20-ға жуық тауарлы сүт фермасы іске қосылған.
Тауарлы сүт фермасын іске қосқандардың ұпайы түгел. Сүт өнімдерін кәсіпорындарға өткізуден түсетін пайда бір бөлек, мемлекет тарапынан субсидия да қарастырылған. Мәселен, отандық асыл тұқымды сиыр сатып алсаңыз, әр басына 200 мың теңге демеуқаржы беріледі. Ал ТМД елдерінен әкелсеңіз – 225 мың теңге, Аустралия, АҚШ және Еуропа елдерінен сатып алынған сиырлардың әр басына 400 мың теңге субсидия үлестіріледі.
Сүтті кәсіпорындарға өткізгеніңіз үшін де субсидия қарастырылғаны белгілі. Қаражатты бөлу ісі тонналық жүйемен есептелетіндіктен, әр кило сүтке 10-35 теңге аралығында демеуқаржы беріледі. Сондай-ақ қолдан ұрықтандыру жұмыстарын оң жолға қойған шаруалар да ақшасыз қалмайды. Сыйымдылығы 400 бастан жоғары тауарлы сүт фермасын салғандарға инвестсубсидия төленеді.
Қорыта айтсақ, жеке қосалқы шаруашылықтардан сүт жинау ісін жүйелі ұйымдастырса, шикізат тапшылығы жойылар еді. Ауылдағы мал ұстаған ағайын да мол табысқа кенелері сөзсіз. Ал сүттің сапасын арттыру үшін арнайы бағдарлама әзірленіп, мал азығын реттеу, сүт қабылдайтын бекеттер ашу және тағы басқа шаруалар қолға алынса деген тілек бар.