Санаулы күндерден кейін Қытай астанасы – Бейжіңде XIII Қысқы Паралимпия ойындарының жалауы желбірейді. Наурыздың 4-і мен 13-і аралығында өтетін кезекті дүбірлі додада әлемнің 50 елінен келген 700-ден аса спортшы бақ сынайды.
Бейжіңдегі ойындарда Қазақстанның Паралимпиада құрамасының бес өкілі, атап айтқанда, Александр Герлиц, Ербол Хамитов, Сергей Усольцев, Юрий Березин және Денис Петренко пара шаңғы мен пара биатлон жарыстарында ел намысын қорғайды. Өкінішке қарай, Пхенчхан Паралимпиадасының шаңғы жарысында (1,5 шақырым, спринт) чемпион атанған Александр Колядин биыл Бейжіңде өз атағын қорғай алмайды. Себебі жерлесіміз допингке байланысты 2021 жылдың 13 қаңтарынан 2024 жылдың 13 қаңтарына дейін жарыстардан шеттетілген. Оның допингке тапсырған тесті 2018 жылғы ойындардан кейінгі жарыста оң нәтиже көрсеткендіктен, Пхенчхандағы алтынын ешкім қайтарып ала алмайды.
Қазіргі таңда мамандар петропавлдық шаңғышы Александр Герлиц ел қоржынына жүлде салуы мүмкін деп болжап отыр. Себебі 32 жастағы шаңғышы төрт жыл бұрынғы жарыстың шаңғы және биатлон бәсекесінде төрт мәрте үздік жеті спортшының қатарынан көрінген болатын. Сонымен қатар ол әлемдік рейтингте ТОП-5 спортшының қатарында тұр. Халықаралық дәрежедегі спорт шебері деген атаққа ие Герлиц 2011 жылы 21 жасында жол апатына түсіп, бір қолынан айырылған. 2014 жылдан паралимпиадалық спортқа ден қойған ол бір жылдың ішінде-ақ тәуір нәтиже көрсете бастады. 2015 жылы шаңғы жарысынан ел біріншілігінде топ жарып, алғашқы ірі жетістігіне қол жеткізді. Кейіннен ол бұл межені 2017 жылы да бағындырды.
– 2014 жылы паралимпиадалық спорттың бар екенін естідім де, толығырақ білгім келді. Кейін мүмкіндігі шектеулі адамдарға арналған арнайы клуб барын білдім. Ол жерге барғанда қандай спорт түрімен айналысуға болады, менің мүгедектігіме ыңғайлы спорт түрі қандай деген сияқты және тағы басқа да көп ақпарат алдым. Бірден спортпен шұғылданамын деген шешім қабылдадым. Содан бері жаттығуымды тоқтатқан емеспін. Әдеттегідей, қалалық, облыстық, республикалық жарыстарға қатыстым. Әр жеңіске жеткен сайын өзімді жігерлендіріп отырдым. Қолымнан келетініне сендім. Жаттығудың үстіне жаттығу қостым. Осылайша, аз уақыт ішінде Паралимпиадаға келгенімді де байқамай қалдым, – деген еді ол бір сұхбатында.
Паралимпия ойындарының ашылу салтанатында еліміздің туын спорттың пара шаңғы түрінен Әлем кубогының қола жүлдегері, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Ербол Хамитов ұстап шығады. Спортшыларымыз қазір Алматы облысында Қысқы ойындар алдындағы соңғы оқу-жаттығу жиынын өткізіп жатыр.
– Коронавирус індеті спортшыларымыздың Бейжіңдегі Қысқы Паралимпия ойындарына толыққанды қатысуына да кедергі келтірді. Спортшыларымыз іріктеу жарыстарының көбіне қатыса алмады. Сондықтан Бейжіңдегі ойындарға толық құрамда бара алмайтын болдық. Біздің паралимпиадашылар Қысқы ойындарға барар жолда үлкен жұмыс атқарды, көп еңбек етті. Паралимпиадаға жолдама алудың өзі үлкен жетістік. Біздің паралимпиадашылардың жеңіске деген құлшынысы жоғары, әлеуеті зор, өз күштеріне сенімі берік, – деп атап өтті Ұлттық Паралимпиада комитетінің президенті Қайрат Боранбаев.
Осы орайда Паралимпия ойындарының тарихына қысқаша тоқталып өтуді жөн көріп отырмыз. Жалпы, паралимпиадалық қозғалыстың пайда болу тарихы өте қызық. Бәрі Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін ұрыс кезінде жарақат алған адамдардың тірек-қимыл аппараты арқылы спортпен белсенді айналысуынан басталады. 1944 жылы профессор Людвиг Гуттманн науқастарды емдеудің маңызды бөлігі ретінде Ұлыбританияның Сток Мандевилл ауылындағы жұлын жарақаты бар науқастарды оңалту орталығында спорттық бағдарлама жасап, оны жыл сайын өткізе бастайды.
Жарысты өткізу идеясын халықаралық қоғамдастық қорлары қолдап, бәсекелер жыл сайынғы халықаралық спорттық іс-шаралардың қатарына қосылды. 1952 жылдан бастап бұл қатарға Нидерланд, Германия, Швеция, Норвегия спортшылары да қосыла бастады. Ал 1960 жылдан бастап әлемде алғашқы Жазғы Паралимпия ойындары өткізілді. Жарысты бірінші болып Италияның бас шаһары – Рим қаласы қабылдады.
Алғашқы Қысқы Паралимпия ойындары 1976 жылы 21-28 ақпан аралығында Швецияның Орнсколдсвик қаласында ұйымдастырылды. Жарысқа 16 елден 198 спортшы қатысты.