• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2014

Бюджет түзетулермен толықты

310 рет
көрсетілді

Сенат Төрағасы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жетекшілігімен өткен палатаның кешегі жалпы отырысында әлеуметтік қамсыздандыру, Өзбекстанмен еркін сауда аймағы және 2014-2016 жылдарға арналған республикалық бюджет мәселелеріне қатысты заң жобалары қаралды. Әлеуметтік қамсыздандыру мәселелері бойынша өзгерістерді көздейтін заң жобасы екі оқы­лым­да қаралып, қабылданды. Заң­дық құжат Елбасының Үкі­меттің кеңейтілген отырысында жәрдемақылардың мөлшерін арттыру туралы тапсырмасын және биылғы Жолдауын орындау мақсатында әзірленген. Атап айтқанда, әлеуметтік сипаттағы төлемдердің мөлшерін 2014 жылғы 1 сәуірден бастап 12 пайызға дейін, ал мемлекеттік әлеуметтік жәр­демақылар мөлшерін 2015 жылғы 1 шілдеден бастап 25 па­йыз­ға арттыру жоспарланып отыр. Және де 2015 жылғы 1 қаңтардан бас­тап бала асырап алуға байланыс­ты 75 айлық есептік көрсеткіш мөл­шерінде біржолғы ақшалай төлем енгізу де назардан тыс қалмаған. Бұдан кейін депутаттар назарына Еркін сауда аймағы туралы шартты оның Тараптары мен Өзбекстан Республикасы арасында қолдану туралы хаттаманы ратификациялауға қатысты заң жобасы ұсынылды. 2011 жылғы 18 қазандағы Еркін сауда аймағы туралы шартты Өзбекстанға қолдану хаттамасына 2013 жылғы 31 мамырда Минскіде ТМД үкіметтері басшылары кеңесінің отырысында қол қойылған. Хаттамада импорт кезінде алып қоюларсыз өзара сауданың бажсыз режімі көзделеді. Еліміз Өзбекстанға тиісті тауарларды әкету кезінде оларға қатысты экспорттық баждарды қолдануды көздеген тауарлар тізбесін бекіткен. Сонымен бірге, Өзбекстан да елімізге тауарларды экспорттау кезінде кедендік баждарды қолдану құқығын өзіне қалдырған. Бұл ретте Өзбекстан Арме­ния­ның, Белоруссияның, Қазақ­станның, Қырғызстанның, Мол­дованың, Ресейдің, Тәжікстанның және Украинаның кедендік аумағынан шығарылатын тауарлар импортына қатысты кедендік баждарды қолданбайды деп көрсетілген. Заң жобасы сенаторлар тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ, кешегі отырыс­та депутаттар «Қазақстан Рес­публикасының Ұлттық қорынан 2014-2016 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» Заңға өзгерісті көздейтін заң жобасын қарап, қабылдады. Республикалық бюджетке берілетін кепілдендірілген трансферт абсолюттік мәнде 8 миллиард АҚШ доллары деңгейінде тіркелген. «2014-2016 жылдарға ар­налған республикалық бюджет туралы» Заңға өзгерістерді көздейтін заң жобасы да кеше қолдау тапты. Бұл жерде заң жобасы теңге бағамының АҚШ долларына қатысты өзгеруі мен әлеуметтік-экономикалық даму болжамы және Ұлттық қордан 2014 жылға арналған кепілдендірілген трансферт мөлшерінің түзетілуіне байланысты әзірленгендігін айта кеткен жөн. Және Мемлекет басшысының биылғы 17 қаң­тар­дағы Жолдауында және Үкі­меттің 2014 жылғы 14 ақпан­дағы кеңейтілген отырысында айтылған тапсырмаларын іске асыруға бағытталған. Сонымен, республикалық бюджеттің түсімі бекітілген бюджетпен салыстырғанда 432,5 миллиард теңгеге өсе отырып, 6 206,1 миллиард теңге, ал шығысы бекітілген бюджетпен салыстырғанда 408,7 миллиард теңгеге өсумен 7 124,8 миллиард теңге деп айқындалып отыр. Азаматтық қызметшілердің жалақыларын 10 пайызға арттыру мақсатында 63,5 миллиард теңге, зейнетақы төлемдері мен мемлекеттік әлеуметтік төлемдердің мөлшері – 53,4 миллиард, студенттердің стипендиясын 10 пайызға арттыруға – 4,7 миллиард, «Қолжетімді тұрғын үй-2020» бағдарламасын іске асыруға – 20,8 миллиард, 2013-2020 жылдарға ар­нал­ған «Агробизнес-2020» бағ­дар­ла­масын іске асыруға – 17,7 миллиард, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ қосымша қаржыландыру – 20 миллиард, еліміздің халықаралық міндеттемелеріне – 21,8 миллиард, ЭКСПО-2017 көрмесін өткізудегі ұлттық жоспарға 10 миллиард теңге және өзге де шығыстар қарастырылыпты. Заң жобасымен үкіметтік борыш лимиті 2014 жылдың 31 желтоқсанына 40 миллиард теңгеге қысқартылып, 5 673,0 миллиард теңге мөлшерінде бел­гіленген. 2014 жылы концес­сиялық міндеттемелер лимиті 122,5 миллиард теңгеге ұлғай­ты­лып, 279,8 миллиард теңге мөлшерінде белгіленген. Асқар ТҰРАПБАЙҰЛЫ, «Егемен Қазақстан».