• RUB:
    6.68
  • USD:
    520.93
  • EUR:
    609.07
Басты сайтқа өту
28 Наурыз, 2014

Сыр бойында серпіліс бар

446 рет
көрсетілді

Кеше Премьер-Министр Серік Ахметов бастаған делегация Қызылорда облысына келді. Делегацияның жұмысы әуе­жайдан басталып кетті. Себебі, алдағы жылдарда Қызылорда әуежайының терминалы ха­лықаралық талаптарға сәйкес­тен­діріліп, қайта салынады. Бүгінде әуежай бір сағатта 150 адамға ғана қызмет көрсетуге қауқарлы. Оның үстіне аймаққа қатынайтын рейстердің де саны аз. Сондықтан терминалды қайта жасақтау мәселесі туындап отыр. Алғашында, тер­минал құрылысын жеке инвес­торларға беру көзделген. Деген­мен, бұл ой іске аспады. Енді Қызылорда облысының әкімдігі «Қазақстан теміржолы» ұлттық компаниясымен келісімге келмек. Алдағы сәуір айында екі жақ меморандумға қол қояды. Жаңа әуежайдың құры­лы­сы аяқталғаннан кейін оның жұ­­мысы да жанданады. Қазірдің өзінде әуе компаниялары Мәс­кеу, Ыстамбұл, Дубай секілді қалаларға жаңа рейс­тер ашуға дайын екенін жеткізген. Ал жаңа терминал сағатына 250 адамға қызмет көрсете алатын болады. Серік Нығметұлы әуежайда терминал құрылысының жобасымен танысып, сапарын одан әрі жалғастырды. Мұнан кейін делегация Сыр­­­дария ауданына қарасты Нағи Ілиясов ауданындағы «Мағ­жан және К» ЖШС-нің тұ­қым ша­руашылығында болып, онда ауыл шаруашылығы тауарла­рын өндірушілермен кездес­ті. Биыл қызылордалық диқандар 160 мың гектар жерге егін егеді. Оның 76,6 мың гектары күріш салысына тиесілі. Қазақстанның Еңбек Ері, «Абзал және К» толық серіктестігінің директоры Абзал Ералиев күріш шаруашылығы туралы баян етті. Өңірде өндіріліп жатқан күріш көлемі, шаруашылыққа енгізілген жаңа технологиялар мен өнім сорттары туралы мәлімдеді. Ал ауылшаруашылық басқармасының бастығы Талғат Дүйсебаев көктемгі науқан туралы, егін егуге дайындық жайын жапсарлады. Ең қуанарлығы, көктемгі егін кезінде жанар-жағармай қымбат бағаға алынбайды. Алдын ала келісім бойынша шаруалар жанар-жағармайды арзан бағаға сатып алады. Сонымен қатар, кейінгі жылдарда Қызылорда облысында ауылшаруашылық өнімін өндіру едәуір өскені айтылды. Бұл тарапта Елбасының ауыл шаруашылығына ерекше көңіл бөліп, Үкіметтің тиісті қолдауды дер кезінде көрсетіп отырғаны көп көмек беріп отыр. Аймақ экономикасының өсуіне, әлеуметтік жағдайдың тұрақты дамуына «Байқоңыр» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпо­рациясының қосып отырған үлесі де зор. Серік Нығметұлы «Байқоңыр» ӘКК жұмысымен де танысты. Қызылорда облысы әкімінің орынбасары Рзақұл Нұртаев мал шаруашылығына қатысты баяндама жасады. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдарында мал басының азайып кеткені анық. Соңғы уақытта аймақ 1990 жылғы көрсеткішке жеткен. Қазірдің өзінде өңірде ірі қара малының басы артқан. Аймақ басшылығы облыста уақ малдан гөрі ірі қараны өсірген қолайлы екенін айтады. Сондықтан ірі қара малын көбейтуге басымдық берілген. Үкімет басшысы бұл бағыттағы жұмысты одан әрі дамыта беру керектігін айтты. Аймақта асылтұқымды мал шаруа­шылығымен айналысып отырған «РЗА» акционерлік қоғам­ның басшысы Самұрат Иман­досов шаруашылық жайында кеңінен мәлімет берді. «Елбасы ауылшаруашылық саласына аса үлкен көңіл бөліп отыр. Сондай-ақ, еліміз­­­де «Агробизнес-2020» бағ­дар­ламасы да жемісті жұмыс жасап жатыр. Осы бағдарлама аясында 2020 жылға дейін аталған салаға 3 триллион теңге бөлінбек. Ал биыл ауыл шаруашылығына 194 миллион теңге беріледі», – деді Премьер-Министр шаруашылық өкіл­дерімен кездесуінде. Мұнан соң мәртебелі меймандар облыста салынып жатқан «Ана мен бала орталығында» болды. Кейінгі жылдары аймақта ана мен бала өлімі азайған. Ол үшін денсаулық сақтау саласы бойынша бірталай жұмыс атқарылды. Соның бірі осы орталық. Ал облыстық спорт және денешынықтыру басқармасының басшысы Садық Мұстафаев Сыр спортында серпіліс бар екенін айтады. Аймақта «Мұз айдыны», «Нұрсәт» теннис орталығы секілді спорттық кешендердің салынуы да бұл саланың дамуына серпін берсе керек. Үкімет басшысы «Мұз айдынының» жұмысын көріп, аймақта атқа­рылған шаруалар жайында мағлұмат алды. Ең бастысы, заманауи талаптарға сай келетін спорт кешендері тек облыс орталығында ғана емес, шалғай жатқан ауылдарда да салынады. Бұл ауылда жатқан талай таланттың жолын ашады деп сенеміз. Сондай-ақ, Серік Ахме­­тов «Smart Rubber» ЖШС-нің ескі автомобиль дөңге­­лек­­­­терінен тұрмысқа қа­жетті түр­лі зат жасайтын зауыт­қа барды. Кәсіпорында ре­зең­ке қиындыларынан ауыл ша­руашылығында қолд­а­ны­латын там­шылатып суа­ру әдісіне керек­­ті түтікше де шы­ғарады. Жо­­ба­ны герма­­­ния­лық «Water Future Systems GmbH» компа­ниясы әріп­тестік бағытта атқа­­рып жатыр. Қысқасы, бұл зауыт ешкім­ге қажетсіз жатқан көлік дөңге­лектерін өңдеп, одан пайдалы зат жасап шығарады. Жұмыс сапарының соңында Үкімет басшысы облыстық әкім­дікте қорытынды жиын өт­кізді. Жиын кезінде Серік Ахметов өңір өмірінде өзге­ріс барын атап айтты. Ал Қы­зылорда облысының әкімі Қырымбек Көшербаев атқа­рылған жұмыстарға шолу жасап, болашақта іске асатын шаруа­ларды атап айтып, түйткілді мәселелер төңірегінде де сөз қозғады. Облыс экономикасын дамыту үшін нақты консорциумдар құрылды. Осының негізінде ауыл шаруашылығы, ежелгі атакәсіп – балық шаруашылығы ерекше екпінмен дамып келеді. Қызылорда облысының экономикасы негізінен мұнай мен уранға тәуелді. Сондықтан өңір экономикасын әртараптандыру мақсатында металлургия кластерін қолға алу көзделді. Бұл бағытта да нақты жұмыстар басталып кетті. – Мемлекет басшысы елі­міздің 2050 жылға дейін­гі ұзақмерзімдік даму бағыт­­та­ры мен алға қойыл­ған мақсатқа қол жеткізудің нақ­ты қадамдарын айқындап берді. Бұл ретте индустрияландыру­ды күшейтуге, еліміздің агро­өнеркәсіптік кешенін дамытуды инновациялық сүреге салуға, шағын және орта бизнесті өркен­детуге ерекше мән берілмек. Біз бүгін осы мақсаттарға қол жет­кізуде Елбасы берген тапсыр­ма­ларды орындауға өңірде бар­лық қажетті мүмкіндіктер мен ресурстардың барлығына тағы да көз жеткіздік. Жалпы, облыста ауқымды жұмыстар атқарылуда. Экономиканың әртараптандыруға арналған бастамалар бар. Әрине, өңір басшысы жақсы бастамаларды көтеріп отыр. Осыған орай, Үкімет тарапынан тиісті қол­даудың көрсетілетінін айтқым келеді, – деді Серік Нығметұлы. Үкімет басшысының Сыр бойына сапары сәтті болды деп ойлаймыз. Себебі, Серік Нығ­метұлы жасалған жұмысқа оң бағасын беріп қана қоймай, аймақ басшы­­­лығының бастамаларын қолдай­тынын да білдірді. Ержан БАЙТІЛЕС, «Егемен Қазақстан». Қызылорда облысы.
Соңғы жаңалықтар