ЫРЫС АЛДЫ – ЫНТЫМАҚ
Қызылжар өңіріндегі әзербайжан этномәдени бірлестігінің төрағасы Тахир ГУСЕЙНОВ ынтымағы жарасқан Қазақстанда тұратынын, қазақ халқының бас идірген бауырластық, қонақжай қасиеттерін мақтанышпен жеткізді. – Өткен ғасырдың 30-шы жылдары саяси қуғын-сүргіннің зардабын көп тартқан халықтардың бірі – әзербайжандар. Сталиндік зобалаңның салдарынан туған жерінен аластатылып, Қазақстанның оңтүстік аймағына еріксіз жер аударылған. Одан кейін тың және тыңайған жерлерді игеру жорығына үн қосып, өз тағдырларын қазақ секілді тілі ұқсас, діні ортақ меймандос халықпен байланыстырушылар қатары аз болған жоқ. Біз бір-бірімен рухани байланысқа түсіп, туыстай болып кеткен аға буынның сабақтастық дәстүрлері мен қымбат құндылықтарын жалғастырушы ұрпақпыз. Қазақстанда туып-өскендіктен, атамекеніміз, туған үйіміз, Отанымыз санаймыз. – Тахир Ибрагимоғлы, қандастарыңыздың этнобірлестік жұмысына атсалысу белсенділігі қалай? – Бүгінгі күні облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясында 22 этномәдени ұйым мен 11 жастар клубы жұмыс істейді. Аудандарда 95 бірлестік құрылған. Қай-қайсысы болсын өскелең ұрпақты қазақстандық патриотизм рухында тәрбиелеуді, тұтастық пен ұлттық бірлікті қалыптастыруды басты мақсат етеді. Орталықтың құрылғаны бүгінгідей көз алдымызда. Тұңғыш жетекшілігіне пединситуттың жас маманы Камал Джанкишиоғлы сайланды. Қатарымыз санаулы болғанымен, қыруар жұмыстар атқарылды. Атамоғлан Мирзоев, Гюлага Илдырымов басқарған тұстарда көптеген тың бастамалар дүниеге келіп, қазақтың қасиетті қарашаңырағы астында ұлтаралық, конфессияаралық тату-тәттілікті үзбей насихаттап келеміз. Қоғамдық іс-шараларға жоғары саналылықпен қатысатын қандастарымыз баршылық. Олардың арасында марқұм Тахир Мұсаевтың есімі үлкен құрметпен аталады. Ол Тәуелсіздіктің туы желбіреген жылдары Елбасымыздың саясатын жан-тәнімен қолдап, ел игілігі жолында өлшеусіз қызмет атқарды. Булаево стансасында мешіт құрылысына қаржылық қолдау көрсетіп, Абай, Мағжан көшелерін көгалдандыру міндетін өз мойнына алды. С.Мұқанов атындағы қазақ сазды-драма театрын жаңғырту ісіне алғаш үн қатысушылардың бірі болды. Сол сияқты «Караяз» ЖШС-нің директоры Мирахмед Гасанов та облыс экономикасының дамуына зор үлес қосып келеді. Ол 500 адамға жұмыс тауып беріп отыр. Наурыз мерекесі қарсаңында жетім және ата-аналардың қамқорлығынсыз қалған облыстық мектеп-интернатқа апарған сый-сияпаттарды сатып алуға қомақты қаржы бөлді. Расул Дадашов, Сиявуш Зейналов, Чингиз Курбанов, тағы басқа алқа мүшелері балалардан аялы алақан жылуын аяған емес. – Тағы қандай іс-шараларға мұрындық болып жүрсіздер? – Қазақстан халқы Ассамблеясының сессияларында Төрағамыз Нұрсұлтан Назарбаев алдымызға келелі міндеттер қойып, бейбітшілікті, келісімді одан әрі баянды етудің үлгі-өнегелерін ұсынып келеді. Осындай сындарлы саясаттың арқасында Қазақстанда өзара сыйластық пен түсіністікке негізделген ахуал орнады. Бұл орайда, Қазақстан халқы Ассамблеясының 2020 жылға дейінгі даму тұжырымдамасының қабылдануының мән-маңызы зор. Бейбітшілік пен қазақстандықтардың бірлігі тоғысқан жерде әлеуметтік, экономикалық өрлеудің зор мүмкіндіктері пайда болды. Әлемдік дамудың алдыңғы легіне қосылуға бет бұрдық. Қазақ ұлтының біріктірушілік рөлі әлдеқашан мойындалған. Оны күнделікті өмірде сезініп жүрміз. Біз, әзербайжандар, ана тілімізде оқу, салт-дәстүрімізді өзге этнос өкілдеріне көрсету, қызықты да танымды шаралар өткізу мүмкіндігіне иеміз. Өзге де этномәдени бірлестіктермен Наурыз мейрамын, Сабантой, «Покровский перезвон» славян мәдениеті күндерін, 1 мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні мейрамын, Астана, Петропавл қалаларының күндерін, өңірлік байқауларды, рождестволық кездесулерді, жастар қанаты шеңберінде Тәуелсіздік күніне арналған «Қазақстанда өмір сүргенімізге мақтанамыз» атты фестивальді бірлесе өткіземіз. «Нұр Отан» партиясымен тақырыптық кештер, дөңгелек үстелдер ұйымдастырып, «бірлік қайда болса, еркіндік сонда, еркіндік қайда болса, елдік сонда» деген тәмсілдің мән-мағынасын ұқтыруға тырысамыз. – №17 ұлттық өркендеу мектеп кешенімен байланысып тұрасыздар ма? – Патриоттық, отаншылдық сезімі жоғары, рухани жан дүниесі кең еліміздің саналы азаматын тәрбиелеу алдымыздағы басым бағыттардың бірі болып табылады. Президентіміздің жастарға арнайы қайырылып, сөз арнауы тектен тек болмаса керек. Осы тұрғыдан алғанда, ұлттық өркендеу мектебі Ассамблеяның мәдени-білім беретін ошағына айналып, түрлі бағдарламалар бойынша жұмыс істеп келеді. Қазір онда 9 ұлт өкіліне жалпы білім берумен қатар, өз тілі мен мәдениетін оқып-үйренуге барлық жағдай жасалған. Сондай-ақ, қазақ халқының салт-дәстүрлері де кеңінен таныстырылады. Әзербайжан тілінің мұғалімі Г.Джафаров Алматы қаласында өткен «Оқыту барысында тілдерді меңгеруде инновациялық және интерактивті әдістерді қолдану» республикалық ғылыми-әдістемелік семинарында білімін жетілдіргенін айта кеткен жөн. Ал этнобірлестіктің тағы бір мүшесі Гюллу Гасанова Тараз қаласында өткен республикалық пәндер олимпиадасында орыс тілінде оқытатын мектептердегі қазақ тілі мен әдебиеті пәні бойынша екінші орынды иеленді. Аға буынның елге, жергілікті ұлтқа, тіліне, тарихына деген құрметін, сыйластығын көріп өскен бала тек осы ізгі жолды таңдары анық. Ел жарастығы ерен қазына екенін бір сәт те естен шығармауымыз керек. Қазақстандағы ұлтаралық достықты нығайтуға Ассамблея мүшелері ғана емес, барша жұрт болып атсалысқан жөн дегім келеді. Әңгімелескен Өмір ЕСҚАЛИ, «Егемен Қазақстан». Петропавл.
•
28 Наурыз, 2014
Ел жарастығы–ерен қазына
759 рет
көрсетілді