Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова бастаған делегация Солтүстік Қазақстан облысында бірқатар мекеме-ұйымдарды аралап, Жолдау талаптары бойынша іске асырылып жатқан шаралармен таныстырды.
Адам денсаулығы – бәрінен қымбат
Өңірімізге жұмыс сапарымен келген Премьер-Министрдің орынбасары Гүлшара Әбдіқалықова, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова және облыс әкімі Самат Ескендіров М.Жұмабаев ауданының орталығы Булаев кентінде пайдалануға берілген емхананың ашылу салтанатына қатысты. Жаңа нысан «100 мектеп, 100 аурухана» бағдарламасы шеңберінде жүзеге асырылды. Ол үшін республикалық қазынадан 1,5 миллиард теңге бөлініп, жарты миллиард теңгеге осы заманғы медициналық құрал-жабдықтар орнатылды. Күніне 250 науқасқа дейін қабылдауға қауқарлы емхананың ашылуында сөйлеген Г.Әбдіқалықова Елбасының тікелей бастамасымен іске асырылып жатқан бағдарлама 2016 жылы толық орындалатынын, соған сәйкес ауылдық жерлерде медициналық қызмет сапасының жақсарғанын, бұл бағытта алда көп жұмыстар күтіп тұрғанын жеткізді.
Орталық аурухананың бас дәрігері Валерий Уваров мәртебелі қонақтарды денсаулық сақтау саласының жайымен таныстырды. Бүгінде емханада 45 дәрігер, 67 мейірбике жұмыс істейді. Бұдан тысқары орталық аурухананың қаржылық есебінен 4 маман даярлануда. Биыл «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы аясында тағы бес жоғары білімді дәрігер келмек. Барлық бөлімшелерге шетелдік қондырғылар орнатылған.
Былтыр облыстың денсаулық сақтау ұйымдары 900 миллион теңгенің заманауи медициналық құрал-жабдықтарын алып, тиімді қолданудың арқасында аса қатерлі аурулардың, ана өлімінің төмендегені байқалады.
Премьер-Министрдің орынбасары бас дәрігерлердің қатысуымен өткен активте Елбасының қазақстандықтардың өмір сүру ұзақтығын 80 жасқа дейін жеткізу міндетін қойғанын айта келіп, бірқатар тапсырмалар жүктеді. Облыста жүрек-қан тамырлары аурулары әлі бәсеңдер емес. Бала туу көрсеткіші төмен. Жоғары білімді дәрігерлердің жетіспеушілігі сезіледі.
Денсаулық сақтау министрі С.Қайырбекова мен аймақ басшысы С.Ескендіров өзара ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойды.
Еңбекақы төлеудің жаңа жүйесі
Әкімдіктің мәжіліс залында Премьер-Министрдің орынбасары Г.Әбдіқалықова мен облыс әкімі С. Ескендіровтің қатысуымен әлеуметтік сала қызметкерлерінің жиыны өтті. Оған Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова, Білім және ғылым министрі Аслан Сәрінжіпов, Денсаулық сақтау министрі Салидат Қайырбекова қатысып, Жолдаудың басым қағидаттары түсіндірілді. 2015 жылғы 1 шілдеден бастап төленетін еңбекақының жаңа жүйесіне қатысты келелі әңгіме қозғалды.
Ол жөнінде Т.Дүйсенова кеңінен түсіндіріп берді. Елбасы тапсырмаларына сәйкес елімізде азаматтық қызметшілерге еңбекақының жаңа жүйесі келесі жылдан қолданылып, үш кезеңде жүзеге асырылады. Бірінші кезеңде азаматтық қызметшілердің біліміне, біліктілігіне, атқаратын жұмысының күрделілігіне байланысты төленеді. Бұл орайда, қызметшілердің лауазымын басқарушы, негізгі, әкімшілік-шаруашылық және техникалық персонал деп 4 санатқа бөлу қарастырылған. Жаңа еңбекақы төлеу жүйесінің енгізілуіне байланысты жалақы артуы сараланады. Жолдауда атап көрсетілгендей, денсаулық сақтау саласының негізгі қызметкерлерінің еңбекақысы – 28, әлеуметтік қорғауда – 40, білім беру саласында – 29 пайызға көтеріледі. Екінші кезеңде еңбекақы төлеудің ынталандырушы компоненттері енгізіліп, жұмыстың түпкі нәтижесі, көрсетілетін қызметтің саны мен сапасы басты өлшемге алынады. Үшінші кезеңде азаматтық қызметшілерге өңірдегі өмірдің нақты бағасына қарай сараланған ақы төлеу тиімділігі мен мүмкіндігі қарастырылады. Биыл ең төмен еңбекақы есептеудің ғылыми негізделген әдістемесін әзірлеуді аяқтап, талқылауға шығару көзделіп отыр.
Тамара Қасымқызы зейнетақы, әлеуметтік төлемдер саласындағы өзгерістерге де тоқталды.
Жұмыссыздықты азайтатын бағдарлама
Халықтың әлеуметтік-экономикалық әлеуетінің басым бағыттарын белгілеп берген басты құжатты түсіндіру барысында мүмкіндігі шектеулі жандар мәселесіне ерекше назар аударылды. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Т.Дүйсенованың «Нұр Отан» партиясының филиалында өткен жүздесуіндегі сөзі осы бағытта өрбіді.
– Елбасының Үкіметтің кеңейтілген отырысында берген тапсырмаларына сәйкес қоғамдағы әлжуаз топтардың барлық санаттарына төленетін жәрдемақыны арттыруды көздейтін заң жобасы Парламенттің қарауына берілді. Биыл 1 сәуірден зейнетақы – 14, басқа әлеуметтік төлемдер 12 пайызға көбейеді. 2015 жылдың 1 шілдесінен бастап мүгедектігіне және асыраушысынан айырылғанына байланысты берілетін жәрдемақы көлемі 25 пайызға артады, дей келіп, республика бойынша 1200-ден астам нысанның мүгедектерге бейімделетініне тоқталды. Қызылжар өңірінде осындай 70 нысан жоспарланған. Кемтар адамдарды жұмыспен қамту жайы да жан-жақты ойластырылған. Қазір елімізде 400 мыңдай еңбекке жарамды мүгедек болса, олардың бестен бірі жұмысқа тартылған.
Министр «Жұмыспен қамту жол картасы-2020» бағдарламасында мүгедек жандарға жеңілдіктер қарастырылғанын жеткізді. Осы жоба шеңберінде 2,5 жылда 153 мың адам жұмысқа орналастырылған.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
Солтүстік Қазақстан облысы.