Щучье қаласында жуырда ғана Қытай астанасы – Бейжіңде мәресіне жеткен XXIV Қысқы Олимпиададағы Қазақстан ұлттық құрамасының нәтижесіне сараптама жасалған қорытынды жиын өтті. Отырысқа Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Парламент Сенатының депутаттары, Ақмола облысы әкімдігінің, Ұлттық Олимпиада комитетінің, министрлікке бағынысты ұйымдардың өкілдері, Қысқы спорт түрлері федерациясының басшылары, сондай-ақ мемлекеттік жаттықтырушылар қатысты.
«Қысқы Олимпиададағы нәтиже көңіл көншітпейді. Токиодағы сайыста тек қоламен шектелдік. Бейжіңнен мүлде жүлдесіз оралған ұлттық құрамаға қоғам ренжулі. Көпшіліктің сыны орынды деп ойлаймын. Екі Олимпиададағы нәтижеміз спорт саласында қордаланған мәселелердің бар екенін көрсетіп берді», деді Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев.
Министр бұл мәселені шешу жолы – жүйелі жұмыс екенін атап өтті. «Алдағы төрт жылдың ішінде жағдайды өзгерте салу оңай емес. Бұған таңда уақыт керек. Ол үшін барлық деңгейдегі спортшыларды дайындау жүйесіне спорт секцияларынан бастап Олимпия ойындарын қалыптастыруға дейінгі кешенді өзгерістер қажет. Бүгінгі күні біздің алдымызда тұрған үлкен міндет – спортты дамыту бағдарламасының бастамасын әзірлеу. Оған спорт нысандарының құрылысынан бастап, жарыс күнтізбелері мен оқу-жаттығу жиындарын жүйелеу, кәсіптік және бұқаралық спортты қаржыландырудағы балансты орнату, барлық деңгейдегі спорт мектептерін кадрлармен қамтамасыз ету. Төрешілерді, жаттықтырушыларды, спорт дәрігерлерін даярлау және осы секілді атқарылар жұмыстар көп. Әзірленген даму жоспарын ел Президентімен келісіп, оны жүзеге асыруға кірісеміз. Қазақстандық спортшыларды дайындайтын «Париж-2024» және «Милан-2026» арнайы бағдарламалары да осы жобаға енгізіледі. Бар жауапкершілік пен жүзеге асыру жұмысын министрлік өз міндетіне алуға дайын», деді Д.Абаев.
Сондай-ақ министр спортты дамыту бағдарламасын әзірлеуді спортшыларды даярлау жүйесіне тәуелсіз кешенді тексеру жасаудан бастау керек екенін айтты. Сонымен қатар ол ұлттық құрама спортшыларына қажет қолжетімді инфрақұрылым, білікті жаттықтырушылар тапшылығы, аз жалақы алатын спорт төрешілерінің мәселелеріне тоқталды.
Жиын барысында ведомство басшысы биатлон мен шаңғы жарысын дамыту бойынша пилоттық жобаның басталғанын жеткізді.
Министр спорттық резервті сапалы дайындау қажеттігіне де баса назар аударды. 2022 жылдың 1 сәуірінен бастап республикалық деңгейде олимпиадалық спорт түрлері бойынша ұлттық құрамалардың спортшыларын дайындау функцияларын әдеттегідей Ұлттық Олимпиада комитеті емес, Мәдениет және спорт министрлігі жанындағы Спортты дамыту жөніндегі республикалық дирекциясы жүзеге асырады. Министр жауапты вице-министрге дирекция қызметінің қысқа және орта мерзімді кезеңге арналған жұмыс жоспарын әзірлеуді тапсырды.
«Сізден сұрайтыным, ұлттық құрамалардың дайындығын тиянақты жоспарлауға мән беріңіз. Ұлттық Олимпиада комитетінің күнтізбелік жоспарына қайта-қайта өзгерту мен толықтырулар енгізуді тоқтататын кез жетті. Осындай жүйесіз жоспарлаудың кесірінен біз ақшаның көп бөлігін спортшылардың әуе билетіне жұмсаймыз. Өйткені тығыз алынады. Сондай-ақ дирекция әдістеме, күнтізбе, спортшылардың оқу-жаттығу барысы бойынша жоспарлар мен есептерді қатаң бақылауға алуы керек», деді Д.Абаев.
Ұлттық Олимпиада комитеті Спорт дирекциясының басшысы Елсияр Қанағатов XXIV Қысқы Олимпиададағы қысқы спорт түрлері бойынша ұлттық құрама қорытындысын жариялады. Ол Абзал Әжіғалиевтің, конькиші Надежда Морозованың жетістігін ерекше атап өтті.
«Олимпиаданың нәтижесі бізге сәйкес келмейді. Жастар алға ұмтылуы керек. 30 жастағы спортшылардың бәсекелес ізбасарлары жоқтығын көрсетеді. Коронавирус індеті Галышеваға әсер етті, Қалмырзаеваға да карантинде шектелуге тура келді. Конькимен жүгіру спорты дегенде қазақстандық спортшылардан есімізге бірінші болып Денис Кузин түсетіні жасырын емес. Бірақ Кузин дүниеге келген Қостанай қаласында мұзайдын кешені жоқ, есесіне футбол стадионы салынып жатыр. Егер сіздің өңірден осы спорт түрінен әлем чемпионы шыққан болса, неге жабық мұзайдын салмасқа?! Министрлік басшылығынан осы мәселелерге назар аударуды сұраймын. Шорт-трек қазіргі таңда фристайл могул, фристайл акробатика секілді әлемдік спорттың элитасы саналады. Федерациялар спорттың бұл түрін бағдарламаға енгізіп, аймақ спортшылары жұмылдырылуы керек. Себебі әлем тәжірибесінде спортқа, ең алдымен, федерациялар жауапты. Біз спорттық медицинаға көңіл бөле бастадық, 3 облыста орталықтар жабдықталды. Ғылым бойынша – генетикалық зерттеулер жүргізе бастадық», деді Е.Қанағатов.
Могул фристайлдан бас жаттықтырушы Елена Круглыхина қысқы спорт түрлерінен жоғары сапалы инфрақұрылымы мен 50 жылдан аса тиімді басқару институттары қалыптасқан АҚШ, Ресей, Норвегия, Жапония, Швеция басқа да елдердің спортшыларымен салыстырғанда қазақстандық спортшылардың бәсекеге қабілетті екендігіне назар аударды.
«Бізге резервтік кешендер қажет. Оқушы сабақтан шыққан соң жаттығатын орын жоқ. Сондай-ақ спортшыларымыз қатысатын сайыстарды БАҚ-та тікелей эфирде көрсету маңызды. Төрешілер әдетте Канада немесе Франция спортшыларының ұпайын арттырып жібереді. Өйткені оларды көріп, тамашалап отырған алып күш бар, ол – телевизиялық аудитория», деді Е.Круглыхина.
Шаңғы жарысы бойынша бас жаттықтырушы Александр Батяйкин республика көлемінде бұқаралық спорттық шараларды өткізу, өңірлердегі балалар жаттықтырушыларына жағдай жасау, оның ішінде жалақы көтеру, заманауи спорттық құрал-жабдықтармен қамтамасыз етіп, әдістемелер әзірлеу секілді мәселелерге тоқталды. Сондай-ақ ол өз шәкірттерінің Олимпиададағы төмен нәтижесі үшін кешірім сұрады.
Ұлттық шаңғы қауымдастығының бас хатшысы Асқар Валиев шаңғының фристайл, трамплиннен секіру, скандинавиялық комбинация және тау шаңғысы бойынша ұлттық құрамалардың нәтижелеріне талдау жасады.
«Бұл спорт түрлерінің дамуы үшін 20, 40, 60 метрлік жаттығу трамплиндері қажет. Елімізде тау шаңғысын дамытпау – өте ұят деп санаймын. Фристайл-акробатика – өте әсерлі көрініс. Біздің спортшылар үш қарғып секіруге барды. Бұл – қолдауды қажет ететін перспективалық көзқарас. Жалпы, жазғы дайындыққа арналған трамплин нұсқасын қарастырып жатырмыз», деді А.Валиев.
Жиын соңында қысқы спорт түрлері бойынша РОДО директоры Мұратбек Қыпшақбаев жиынға қатысушыларды Шортанды қаласындағы Ұлттық шаңғы орталығымен таныстырды. Сондай-ақ олар Мәдениет және спорт министрлігінің тапсырысы бойынша режиссер Алдияр Байракимов түсірген «Паралимпиадашы» фильмінің алдын ала көрсетіліміне қатысты.