Орта салмақтағы қазақстандық боксшы Қанат Ислам АҚШ-тың Плант-Сити қаласындағы бокс кешінде шаршы алаңға көтеріліп, британиялық Джимми Келлимен (25-2, 10 КО) жұдырықтасты. WBO Global белбеуі үшін өткен айқаста жерлесіміз он раунд қорытындысы бойынша төрешілердің шешімімен жеңіліп қалды. Бұл отандасымыздың 28 жекпе-жектегі жеңісінен кейін алғашқы жеңілісі болды.
Бокс кешіне дейін бірқатар бокс маманы бұл айқастың негізі фавориті ретінде қазақстандық боксшыны атаған болатын. Өйткені жерлесіміз тәжірибе жағынан да, статистикалық нәтиже бойынша да қарсыласына қарағанда бір бас жоғары еді. 29 жастағы Джимми осы күнге дейін кәсіби шаршы алаңда 27 кездесу өткізіп, 25 мәрте жеңіске жеткен. 10 қарсыласын нокаутқа жіберсе, өзі екі мәрте жеңілістің кермек дәмін татқан. Ұлыбритания боксшысының 2015 жылдың желтоқсан айында WBO нұсқасы бойынша әлем чемпионы атануға тамаша мүмкіндігі болды. Алайда өзінің отандасы Лиам Смитпен болған жекпе-жектің жетінші раундында техникалық нокаутпен ұтылды. 2018 жылдың желтоқсанында ирландиялық Деннис Хоганмен жұдырықтасып, қарсыласынан ұпай саны бойынша жеңіліп қалды. Өзінің соңғы бәсекесін Келли осы жылдың 12 желтоқсанында Гарри Мэттьюсқа қарсы өткізіп, оны үшінші раундта ұрып жықты.
Иә, айқасқа дейін британиялық боксшыда аз ғана басымдық бар еді. Себебі ол Қанат Исламға қарағанда үш ай бұрын жекпе-жекке шығып, өз бабын жоғалта қоймаған болатын. Ал отандасымыз ең кейінгі жекпе-жегін бір жыл бұрын, яғни 2021 жылдың 20 ақпанында өткізген. Бір жыл бойы шаршы алаңға шықпаған отандасымызға рингте өзін еркін сезінуі қиын болды.
Плант-Ситидегі жекпе-жектің алғашқы үш минутында-ақ Келли статистикадағы басымдық әрдайым шындыққа сәйкес келе бермейтінін дәлелдеп берді. Гонг белгісі соғыла салып, алға қарай ұмтылған британиялықтың Қанатқа қарағанда жеңіске деген құштарлығы, рингте өзін еркін ұстап, ширақ қимылдауы бізді секемдендіріп қойды. Тіпті үшінші раундта Келли отандасымызды төпелеп соққының астына алып, бар мәселені осы сәтте-ақ шешіп тастауды көздеп еді. Алайда Қанат тәжірибесінің арқасында бұл сәттен оңай сытылып шықты. Ал төртінші раундта екі боксшы да абайсызда бір-бірімен соқтығысып, қабақтарын жарып алды. Бірақ төреші жекпе-жекті жалғастыруға пәрмен берді. Егер айқас жарақатқа байланысты төртінші раундта аяқталғанда Джиммидің жеңіске жетуі күмәнсіз еді. Өйткені Келли төрешілер есебі бойынша алда тұрған еді. Әйткенмен кездесу толық 10 раундқа жалғасып, жеңімпаздың есімін бәрібір төрешілер анықтады. Бірінші төреші жекпе-жек тең аяқталды деп есептесе (97:97), қалған екі төреші 96:94 және 97:93 есебімен жеңісті британиялық боксшыға берді.
Осылайша, 2012 жылдан бері кәсіпқой бокста өнер көрсетіп, бірде-бір жекпе-жегінде жеңілмеген боксшымыз алғаш рет жеңілістің кермек дәмін татты. Қанат Исламның бұрынғы қарқынын жоғалтып алғанын кейінгі жекпе-жектерінен байқауға болады. Ол бұл жолы да қарсыласына еш тегеурін көрсете алмады. Бұрынғыдай жойқын соққыларын да байқай алмадық. Мұны қарсыласы да айтып отыр.
– Әр раундта басым түстім деп ойлаймын. Жекпе-жектің бел ортасынан асқанда қолымды жарақаттап алдым, сондықтан кейінгі төрт раунд тек джеб қана жасай алдым. Мен оның қысым жасағанын сезгеніммен, күшін сезбедім. Қанат жекпе-жекті бақылауға алғысы келді, бірақ мен оған жоспарын іске асыруға мүмкіндік бермедім, – деді Келли жекпе-жектен соң.
Өкінішке қарай, пандемиядан кейін кәсіпқой бокста жүрген қазақстандық боксшыларды не қырсық шалғаны белгісіз, әйтеуір жерлестеріміздің жолы болар емес. Енді, міне, бұл қатарға Қанат Ислам да қосылды.