• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әдебиет 28 Ақпан, 2022

Түркиядағы тұсаукесер

746 рет
көрсетілді

Ұлттық әліпбидің авторы, ағартушы-ғалым Ахмет Байтұрсынұлының кең көлем­де аталып өтіп жатқан мерей­тойында жоспар­ланған айтулы ша­ралардың бірі «Ұлт ұс­тазы» кітабының алғашқы тұсаукесері Түр­кия төрінде өтіп, көпшілікке жол тартты.

400 беттен тұратын ауқымды еңбек Қа­зақстан, Әзербайжан, Қырғызстан, Өзбекс­тан, Түрікменстан және Түркия елдерінің ғалымдары қатысқан «Қазақ тіл ғылымына тарихи шегініс» атты халықаралық ғылыми конференция аясында таныстырылды.

«Ұлт ұстазы» атты ахметтанудағы іргелі кітаптың авторы, филология ғылымдарының кандидаты, Ө.Сұл­танғазин атындағы Қостанай мемлекеттік педаго­гикалық университетінің профессоры Серікбай Оспан­ұлы да А.Бай­тұрсынұлы дүниеге келген ауылда туып-өскен. Мектеп қабырғасында жүріп-ақ көп дүниені көкейіне түйіп өскен ғалым ұлт ағартушысының өмірін зерттей жүріп, қалың оқырманға арнап бұған дейін 56 мақала жариялаған болатын.

– Ахмет Байтұрсынұлының өмірі мен оның шығар­ма­шылығы жайында халық әлі де толық білмейді. Мысалы, ұлты­ның сауатын ашу мақсатында төте жазуды тапқан осы кісі. Ахаң жайында айтылар сөз көп. Сондықтан әлемдік деңгейде аталып өтіп жатқан 150 жылдық мерейтойына орай, «Ұлт ұстазы» деген кітабымды дайындадым. Бұл ең­бек – менің өмірлік ізденісімнің жемісі, – дейді кітап ав­торы, ақын, профессор Серікбай Оспанов.

Жинақта ағартушы ғалымның өмірі мен шығар­машылығынан бөлек, ақындығы, сыншылығы және өміріне ықпал еткен тұл­ғалар жайы сөз қозғалады. Сондай-ақ екі тараудан тұратын кітапқа Байтұрсынұлы туралы шетелдік ғалымдардың ой-пікірі мен ахмет­танушылардың еңбегі де топтастырылып отыр.

Аталған кітаптың жарыққа шығуына Алматы қала­сы әкімдігі мен «Түркі мәдениеті» халықаралық ұйымы тікелей қолдау білдірген.