Өткен демалыс күндері футболдан Ресей чемпионатының ойындары қысқы үзілістен кейін қайта жалғасты. Қазақстан ұлттық құрамасының ойыншысы Бақтиер Зайнутдинов өнер көрсететін Мәскеудің ЦСКА клубы 19-турда «Спартакпен» кездесті.
Мәскеулік командалардың бұл жолғы дербиі әскерилердің жеңісімен аяқталды – 2:0. Бұл ойындағы ЦСКА-ның жеңісіне жерлесіміз өз үлесін қосып, «Спартак» қақпасына кезекті голын соқты. 49-минутта Юсуф Языджи айып добын сәтті орындап, ЦСКА-ны есепте алға шығарса, Б.Зайнутдинов 79-минутта Иван Обляковтың әдемі пасынан кейін таблодағы көрсеткішті 2:0-ге жеткізді. Бұл – отандасымыздың «Спартакқа» салған үшінші голы. Бұған дейін жартылай қорғаушымыз «Ростов» сапында жүргенде де Мәскеу клубының қақпасына дубль жасаған еді.
Айта кетейік, матчты қосалқы құрамда бастаған Б.Зайнутдинов екінші таймның 56-минутында алаңға шыққан болатын. Жаңа жылдағы алғашқы матчта үш ұпайына қол жеткізген ЦСКА турнир кестесінде 4-орында келеді.