• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Әлем 28 Ақпан, 2022

Украина-Ресей келіссөздері: Түйін қалай шешіледі?

1833 рет
көрсетілді

Украинаның бірнеше қаласында ұрыс жүріп жатыр. Украина мен Ресей өкілдерінің арасында екі ел арасындағы қақтығыстар басталғалы бері алғаш рет келіссөз өтті.

 

Украина президенті Воло­димир Зеленский бұл кездесу нәтижесіне үл­­кен үміт артпайтынын ашық айт­қан. Алайда ол бейбітшілік орна­туға ниет­ті екенін көрсету үшін Украи­на өкілдерін келіссөз жүргізуге жі­бер­ген.

Келіссөз болады деген уақыт­та Хар­ковь қаласында кескі­лескен ұрыс жү­ріп жатты. Жа­ры­лыстар таңер­тең Киев пен Харьковта естілсе, сол­түстіктегі Чернигов қаласын­дағы тұрғын үйге зымыран түс­кен. Украина президентінің әкім­шілігі атысты дереу тоқтатып, Ресей әс­кер­­лерінің ел аумағынан шыға­рылуын талап етіп отыр. Келіс­сөзге қаты­сушы Ресей өкілі Вла­димир Ме­дин­скийдің айтуын­ша, Мәскеу екі тараптың мүдде­леріне сай келетін келісімге қол жеткізгісі келеді. Кез­десу бас­талар алдында Украина пре­зи­­денті Володимир Зелен­ский Ресей әс­кер­лерін шабуыл­дамауға шақыр­ған еді.

Тағы бір маңызды мәселе,  Украи­наның Еуропалық одаққа қосылуы туралы болып тұр. Зеленский Еуроодақ мүшелеріне өз елін ұйым қатарына тез арада қосу туралы үндеу жолдады. «Біздің мақсатымыз – барлық еуропалықтармен бірге, ең бастысы, тең дәрежеде болу. Мен мұның әділ шешім екеніне сенімдімін. Және бұл мүмкін екеніне сенемін», деді ол.

Осыған дейін Еуропалық одаққа мүше мемлекеттер жетекшілерінің отырысынан кейін берген сұхба­т­ында Еуропалық комиссия төр­ағасы Урсула фон дер Ляйен Украи­наны Еуроодақ қатарына қосы­луға шақырды. «Біз тығыз ынтымақ­тастықта жұмыс істейміз, мысалы энергетика бойынша. Одан бөлек бірлескен жобаларымыз көп, уақыт өте келе олар бізге жақынырақ болып кетті. Украинаның бізге қосылғанын қалаймыз», деді Еуропалық комиссия төрағасы.

Сондай-ақ Урсула фон дер Ляйен Eu­ronews телеарнасына берген сұх­батында: «Еуропалық одақ тарихта алғаш рет шабуылға ұшыраған ел­ге қару-жарақ пен басқа да жаб­дық­тарды сатып алуды және жеткі­зуді қаржыландырады», деді. Еуро­ко­мис­сияның мәліметі бойынша қару-жарақ сатып алуға 450 миллион еуро және тағы медициналық құ­рал-жабдықтар алуға жұмсау үшін 50 миллион еуро беру жоспарланып отыр.

«Біз Еуроодақтың әуе кеңістігін Ре­сейге жауып жатырмыз. Біз Ресей­ге тиесілі, Ресейде тіркелген, Ресей ба­қы­лауындағы барлық ұшаққа тыйым салудамыз. Олар енді Еуро­одақтың әуе кеңістігі арқылы ұша алмайды», деді Еурокомиссия төрағасы.

Еуропалық одақ сондай-ақ ре­­сей­лік RT және Sputnik телеар­на­ларының хабар таратуына тыйым салады және бұл олардың еншілес компанияларына да қатысты. Санк­циялардың бөлек пакеті Александр Лукашенко билігіне де қарсы.

Одан бөлек, Еуроодақтың қор­ғаныс министрлері Украина-Ре­сей дағдарысын талқылауға шақы­рыл­ды. ЕО-ның Сыртқы істер және қа­уіпсіздік саясаты жөніндегі өкілі Ук­раинадағы қақтығысты талқылау үшін блоктың қорғаныс министр­лерімен кездесті. Жиын украин­дық­тарға жедел гуманитарлық көмекті үйлестіруге арналды.

Украина президенті сондай-ақ елін қорғау үшін әскери тәжірибесі бар сотталған азаматтарды қамаудан босататынын мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мораль жағынан қанша ауыр шешім болғанымен, қорғаныс тұрғысынан пайдалы болмақ.  

Ал ел астанасы Киевте қоғамдық көлік шектеулі режімде жұмыс істей бас­тады. Бұл туралы Киев мэрі Ви­талий Кличко хабарлады.

Ресей тарапы ұрысқа жұмсалған шығындар жайлы айта бастады. Алайда нақты саны берілмеді. Ресей президентінің баспасөз хатшысы Батыс елдері салған санкцияларға қатыс­ты пікірінде Ресейдің санк­ция­ның салқынын жеңуге әлеуеті жететінін мәлімдеді.

Дегенмен Ресей қаржы нарығына салынған санкциялардың әсері де білініп жатыр.

Біріккен Ұлттар Ұйымының Бос­қындар ісі жөніндегі агенттігі 422 мың адам Украинадан көрші елдерге шекара асқанын хабарлады. Көршілес елдер шекарасында азаматтар 72 сағатқа дейін кезекте тұрған.