Таяуда Ауыл шаруашылығы министрлігінде “Кедендік одақ елдерінің агроөнеркәсіптік кешенін дамытуды ғылыммен қамтамасыз ету” атты халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференция болып өтті. Шараны еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі, “ҚазАгроИнновация” акционерлік қоғамы, Ресей ауыл шаруашылығы академиясы және Беларусь Республикасының Ұлттық ғылым академиясымен бірлесе отырып өткізді.
Беларусь, Ресей мен Қазақстан елдері Кеден одағына бірігуінің нәтижесінде маңызды дәуірге қадам басып отырғандығы аян. Үш елдің бас біріктіріп, бір жеңнен қол, бір жағадан бас шығаруы өзара ғылыми байланыстарды, агроөнеркәсіп кешеніндегі өзара тиімді ғылыми ынтымақтастықты жаңғырту үшін тың серпіліс пен жаңа дем беруде. Жаһандық экономиканың интеграциялануы жағдайында әлемдік азық-түлік рыногындағы бәсекелестіктің өсуі біздің мүмкіндіктерімізді біріктіре, бірыңғай аграрлық саясатты жүргізе отырып қана ауыл шаруашылығын дамыта алатынымыз сөзсіз. Аграрлық ғылым саласы үш елдің бірігу үдерістерінің қолайлы жолдарын көрсетуі тиіс. Ал Кеден одағының құрылуы жаңа тарихымыздағы үлкен маңызы бар құбылыс. Ол үш ел экономикасының дамуына, әсіресе, аграрлық саланың дамуына үлкен леп әкеледі.
Мамандардың берген мәліметіне сүйенсек, соңғы жылдары біздің елдерімізде импорт көлемі шарықтау деңгейіне жетіп тұр. Бұл – 39 млрд. долларды құрайды. Ал ТМД елдері аграрлық кешенінің ақсауына ауылшаруашылық саласына маманданудағы олқылықтар себеп. Еліміздің Ауыл шаруашылығы ғылым академиясы, “ҚазАгроИнновация” АҚ пен Беларусь Ұлттық ғылым академиясы және Ресей ауыл шаруашылығы ғылым академиясының арасында “Ауыл шаруашылығы саласындағы ізденістерде бірігу және АӨК-те қол жеткізілген жоғары ғылыми жетістіктермен бөлісіп отыру туралы” үшжақты келісім-шартқа қол қойылды.
Ресей, Беларусь және Қазақстанның аграрлық ғылымы тәуелсіздікті дамыту жылдарында едәуір жаңғыруына қарамастан, кеңестік аграрлық ғылым мектебінің сабақтастығын сақтап қалған және тәжірибешілер үшін жаңа ойлар мен ілім таратуға дәстүрлі түрде бағытталған. Егіншілік пен өсімдік шаруашылығы, мал шаруашылығы, жем-шөп өндірісіне, ауыл шаруашылығын механикаландыру және табиғи ресурстар саласына, сондай-ақ ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу аясында инновациялық жаңа техникаларды белсенді түрде енгізуде. Сонымен қатар, серпінді технологиялық шешім іздестіру – өнімнің бәсекеге қабілеттілігін арттырудың, Кеден одағы мемлекеттері үшін аграрлық салаға инвестиция тарту деңгейін көтерудің қажетті шарты. Үш мемлекеттің ауыл шаруашлығы өндірісінің жиынтық көлемі 112 млрд. АҚШ долларын құрайды. Мамандардың бағалауы бойынша Кеден одағына кірген үш елдің ІЖӨ-сі 2015 жылға қарай 15 пайыздан астамға өспек.
Конференция жұмысының негізгі мақсаты – аграрлық сала ғалымдарының бірігіп, өзара тиімді байланыстарды күшейтуге, сондай-ақ агроөнеркәсіп кешенінің әлеуетін көтеру үшін жаңа интеграциялық жағдайда агроөнеркәсіп кешенін тұрақты жетілдіруге, 3 ел экономикасының бәсекеге қабілеттілігін көтеруге жәрдем беру болып табылады. Конференцияның пленарлық отырысында Ауыл шаруашылығы ҒА академигі, “ҚазАгро-Инновация” АҚ президенті С.Кененбаев “Қазақстан республикасының агроөнеркәсіп кешені дамуының ғылыми қамтамасыз етілуі” тақырыбында баяндама жасады. Оның айтуынша, елімізде агроөндірістік кешеннің даму әлеуеті әлі де зор. Оған қоса АӨК-тің бәсекеге қабілеттілігінің факторы ретінде аграрлық саланың рөлі өсе түсуде. 2002 жылы ғылыми ізденістер профилінде жұмыс жасайтын ұйымдар еліміздің Ауыл шаруашылығы министрлігі қарамағына берілді. Осы кезден бастап жүйені жетілдірудің жоспарлы жұмыстары жасалып, қорытындысында аграрлық саланы рыноктық қайта реформалау жүргізілді. Мұндай тәжірибе іс жүзінде көптеген елдерде жүргізіліп, жақсы нәтижелер беруде. Атап айтсақ, Аргентина, Бразилия және Израиль елдері саланы зерттеуге үлкен мән берді және соның нәтижесінде жетістікке жетіп отыр. Сөйтіп, посткеңестік елдердің ішінде ең бірінші болып Қазақстан аграрлық саладағы ғылыми ізденістерді жүр-гізетін ұйымдардың қызмет тәжі-рибесінде жетекші басқару техно-логияларын енгізген, мамандандырылған басқару компаниясын құрды. Оның негізіне ғылыми-зерттеу ұйымы кірді.
Ал Ресей Ауыл шаруашылығы ғылым академиясының вице-президенті, академик А. Иванов бәсекеге қабілетті ауыл шаруашылығын ғылыми қамтамасыз етудің басым бағыттары жөнінде баяндама жасаса, Беларусь ҰҒА-сының мүше-корреспонденті З.Ильина да Кеден одағына мүше елдерге байланысты бірқатар мәселелерді талқыға салды.
Халықаралық ғылыми-тәжірибелік конференциясы өткен екі күн ішінде көптеген көкейкесті мәселелер көтерілді.
Венера ТҮГЕЛБАЙ.
ГАЗДАНДЫРУ АЯСЫ КЕҢЕЮДЕ
Облыс әкімі Болатбек Қуандықов пен “ҚазТрансГазАймақ” АҚ бас директоры Қайрат Шәріпбаев “Қызылорда қаласының жылу, қуат көздерін және тұрғын үй секторын ілеспе газға көшіру” жобасын іске асыруда өзара ынтымақтастық меморандумына қол қойды.
Қызылорда қаласын газдандыру жұмысы 2004 жылдан басталды. Оған осы күнге дейін мемлекет тарапынан 11 млрд. теңге көлемінде қаржы бөлінді. Бүгінгі күнге дейін 428 көп қабатты тұрғын үй мен 12 мың жеке сектор үйлері газға қосылды. Сөйтіп, қызылордалықтар арзан “көгілдір отын” қызығын көріп отыр. Нақты айтқанда, бүгінде 1 текше метр газ бағасы заңды тұлғаларға 3,87 теңге, ал жеке тұлғаларға 3,59 теңгеден келіп тұр. Сонымен қатар, қаланың бірқатар әлеуметтік-мәдени нысандары газдандырылып, бюджет қаржысын үнемдеуге қол жеткізілді. Жылу-электр орталығын газға ауыстыру арқылы тұрғындардың жылуға деген төлемі екі есеге дейін төмендетілді. Облыс халқы үшін осы аса маңызды жобаны алдағы жылы аяқтау жоспарланып отыр.
Қала аумағы жыл сайын дамып, өсіп келеді. Сондықтан да қазіргі басты міндет газдандыру жұмысын толық аяқтауға бағытталып отыр. Бұл істі жүзеге асыруға “ҚазТрансГазАймақ” компаниясы өз үлесін қосып келеді. Өткен жылы да осы компаниямен ынтымақтастық меморандумына қол қойылып, кең ауқымды жұмыстар атқарылды. Атап айтқанда, жеке тұрғын үйді газға қосу 99500 теңгеге дейін төмендетілді. Соның арқасында 2008 жылы 135 үй өз қаржысы есебінен газға қосылса, өткен жылы меморандумға қол қойылғаннан кейін 3712 жеке тұрғын үйге “көгілдір отын” кіргізілді. Енді осы меморандумға қол қою арқылы 15 мыңға жуық жеке сектор үйлерін газбен қамтамасыз ету көзделуде. Компания тарапынан жасалып отырған жеңілдікке сәйкес енді тұрғындар 99500 теңгені жыл ішінде, яғни әр ай сайын 8 мың теңгеден бөліп төлеу мүмкіндігіне ие болады. Сондай-ақ, компания өз қаражаты есебінен оңтүстік және солтүстік өнеркәсіп аймақтарына газ құбырын тартуды міндетіне алып отыр.
Өз кезегінде Қ.Шәріпбаев компания республикадағы жеті облысты “көгілдір отынмен” қамтамасыз етіп, елдегі тұрмыстық табиғи газ рыногының 45 пайыздан астамын иеленіп отырғанын жеткізді. Соның ішінде соңғы жылдары Қызылорда облысымен әріптестік жағдайында жүргізілген жұмыс өз жемісін беруде. Бұл жолда облыс басшылығы тарапынан ұдайы көмек көрсетілуде. Енді алдағы уақытта тек облыс орталығын ғана емес, сонымен қатар аудан, ауылдарды да газдандыру жобасы жасалмақ. Қорыта айтқанда, жасалып отырған жаңа меморандум жаңа міндеттер жүктейді.
Еркін ӘБІЛ, ҚЫЗЫЛОРДА.
ТҮБЕКТІ ТҮЛЕТЕТІН ЖОЛ
Маңғыстаулықтарды сонау кеңестік кезеңнен бері толғандырып келе жатқан Атырау – Ақтау автожолының өңіріміз үшін стратегиялық маңызы бар “Бейнеу-Ақтау” бөлігін қалпына келтіру мәселесі Елбасымыздың тікелей қолдауымен оң шешіле бастады.
Ақтауда осы мәселеге орай Көлік және коммуникация министрлігі – Автокөлік жолдары комитетінің облыстық департаменті қоғамдық тыңдау өткізді. Онда облыс әкімінің бірінші орынбасары А.Айтқұлов аталған автожолдың Орта Азиялық экономикалық ынтымақтастық дәлізі бойындағы Еуропадан Орталық Азияға транзит пен саудаға мол мүмкіндік ашатындығына тоқталды. Автожол пайдалануға берілгенде жүк тасымалын арттырып, жолды пайдаланушыларға көліктік шығындар мен уақытты айтарлықтай үнемдеуге болады. Ал қазыналы түбектің “тоқсан жолдың торабына” айнала түсетіндігін айтты. Өйткені, ол автожолдар Ақтау, Құрық теңіз порттарына тіреледі. Сөз болып отырған “Бейнеу-Ақтау” жолының ұзындығы 429,67 шақырым. Ол Бейнеу – Шетпе – Жетібай – Ақтау арасын жалғайды. Яғни, Маңғыстау ауданының орталығын Қарақия ауданындағы Жетібай елді мекенімен жалғастыра отырып Ақтауға жетеді. Нақты құрылыс жұмысы Бейнеу мен Манашы аралығындағы 40 шақырымдық жерде жүреді. Оның жобалық-сметалық құжаттамасы жасақталып жатыр. Одан соң жолдың екінші, үшінші бөлігі – “Манашы-Шетпе”, “Шетпе-Жетібай-Ақтау”. Ол бөліктердің қажетті жұмыстары жасалуда. Жалпы, жол құрылысы 2013 жылы аяқталмақшы, – дейді облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының бастығы Аманғали Шамшадин.
Осы басқосуда Азия даму банкінің өкілі Манзур Рехман даму қарқыны тұрақты тәуелсіз Қазақстан инвесторлар үшін сенімді әріптес екендігін білдіріп, Қазақстан Үкіметімен келісе отырып аталмыш жолды салуға ұйғарым жасалғандығын жеткізді.
АҚТАУ.
БАЙЫПТЫЛЫҚ ТӘН
Президент Нұрсұлтан Назарбаевтың “Жаңа онжылдық – жаңа экономикалық өрлеу – Қазақстанның жаңа мүмкіндіктері” атты Жолдауында халықты мүмкіндігінше қызмет сапасымен қамту, күн сайын өскен бағаға тосқауыл қою тапсырылған. Жетісу жеріндегі осы мәселелердің орындалуы жайлы Табиғи монополияларды реттеу агенттігі Алматы облысы бойынша департаментінің директоры Байсейіт Түймебаев былайша әңгімелейді.
Халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайын жақсарту, зерттеу бүгінгі күннің басты мақсаты. Жолдауда қазақстандықтарды сапалы тұрғын үй, коммуналдық қызметтермен қамтамасыз ету мәселесі тапсырылып, онда электр энергиясы, жылу, ауыз су және тұрғындарға қолайлы тарифтерді белгілеу қажеттігіне назар аударылды. Осы бағытта өзімізге жүктелген міндетті орындауда тиянақтылықпен жүйелі жұмыс атқарудамыз.
Биылғы жылдың өткен мерзімінде Жолдауды іске асыру мақсатында Табиғи монополияларын реттеу агенттігінің 2010-2014 жылдарға арналған стратегиялық жоспарына сәйкес өңірдегі 72 табиғи монополия субъектілерінің қызметін реттеп, бақылау жүргізілді. Осы мерзімде тұлғалар тарапынан 65 өтініш түсті. Оның ішінде қолданып отырған тарифтерді өзгерту және бірінші берілген тарифтерді, нормативтік-техникалық ысыраптарды, шикізат, материалдар, отын, энергия шығысының техникалық және технологиялық нормаларын, нормативтік қызметші санын, мемлекеттің қатысуымен заңды тұлғалардың еңбекақысының шекті деңгейін және штаттық кестені бекіту мен үстем жағдайдағы нарық субъектілерінен ескертпе келгенін, оларға нақты шара көрсетілгенін айтуға болады.
Табиғи монополиялар субъектілерінің атқарған қызметтерінің тарифін және тарифтік сметаларын бекіту жөніндегі өтініштерді қарап, реттеу нәтижесінде 2010 жылдың өткен мерзімінде 53 млн. 106 мың теңге үнемделді. Оның ішінде 54 мың теңге жалпы тәртіппен, 39 млн. 452 мың теңге ықшамдау тәртібімен және 13 млн. 600 мың теңге төтенше реттеу шараларынан түсті.
Департаменттің жұмыс тобы мен облыстық әкімдік бірлесіп, жеке тұлғаның электр энергиясын тұтынуына арналған ең жоғарғы тариф көлемі белгіленді. Электр энергиясының көлемі Қарасай, Іле, Талғар аудандарында және Талдықорған мен Қапшағай қалаларында бір айда бір адамға, электр плиталарды қолданбайтын тұтынушыларға – 70 кВт және электр плиталарды қолданатын тұтынушыларға 90 кВт көлемінде бекітілді. Облыстың басқа аймақтарында бұл көрсеткіш 50 және 65-ке сәйкес. Бүгінгі таңда электр энергиясының ең жоғарғы және ең төменгі тарифін белгілеу “Жетісу Энерготрейд” ЖШС-мен келісілуде.
Шикізат материалдары, отын, энергия шығысын оңтайландыру жөнінде базалық және барлық табиғи монополиялар субъектісіне стратегиялық жоспардағы көрсетілген индикаторлар жеткізілді. Өткен мерзімде 6 табиғи монополия субъектісінің нормативтік-техникалық ысыраптары бекітілгені осының дәлелі. Департаменттің коммуналдық қызметінде есептегіш құралдар орнату жөніндегі бақылау жұмысы басым бағыттың бірі болып табылады. Ағымдағы жылдың алғашқы тоқсанында облыс бойынша жеке суық, ыстық су өлшегіштерін орнату мөлшері өскенін айтқан жөн. Ал, жалпы үйлердегі жылу энергиясын өлшейтін өлшегіштер қолданылғанына қарамастан, әлі де тұтынушы талабы толық қанағаттандырылмай отыр.
Кейбір табиғи монополия субъектілерінің басшылары өз міндетін толық орындамауда. Мәселен, “Алматы Шекер” акционерлік қоғамы бүгінгі күнге жылу энергиясын өлшейтін бірде-бір есептегіш орнатпаған. Суық су өлшейтін есептегішті орнатуда Райымбек ауданының “Кеген су құбыры” МКК, Кербұлақ ауданының “Кербұлақ су құбыры” МКК, Алакөл ауданының “Алакөл су құбыры” МКК мекемелері әлі де немқұрайдылық танытып келеді.
Табиғи монополиялар субъектілеріне өткен мерзімде тексеріс жүргізіліп, 6 ұйғарым мен қаулы қабылданды, 3815,1 мың теңге көлемінде айыппұл салынды. “Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы” заңға сәйкес департаментке биылғы жылдың 1 қаңтарынан 5 табиғи монополиялар субъектісінен 2 млрд. 624 млн. 223 мың теңге көлемінде инвестициялық бағдарлама жобасы бекітуге берілді. Қазіргі кезде бұл жобалар зерттелу үстінде.
Биыл табиғи монополиялар субъектілерінің тарифтік сметаларын және тарифтерді өзгерту жөнінде 6 және нормативтік-техникалық ысыраптардың жобалары бойынша төрт мәрте жария тыңдау өткізілді. Табиғи монополия субъектілерінің ұсынылған тарифтік өзгерістері, нормативтік-техникалық ысыраптардың жобалары қарастырылған тыңдауларға қалалық және облыстық мәслихат депутаттары, тұтынушылар және олардың құқықтарын қорғау ұйымының өкілдері қатысып, мәселенің мәнділігі назарға алынды. Сондай-ақ, алқа мәжілісінде базалық табиғи монополиялар субъектілері басшыларының нормативтік-техникалық ысырапты азайту, есептегіш құралдарының орнатылуы жөніндегі есептері тыңдалып, еліміздегі “Табиғи монополиялар және реттелетін нарықтар туралы” заң талаптарын орындау жөнінде тиісті шаралар ортаға салынды.
Өз жұмысымызда үкіметтік емес ұйымдармен кездесу арқылы бағаға байланысты қолға алынған шараларды ортаға салып отырамыз. Биыл Алматы облысының мүгедектер қоғамының президиум мүшелерімен кездесу өтті. Кездесуде департаменттің атқарған жұмысы жөнінде ақпарат беріліп, Талдықорғандағы жылу, электр энергиясы, ауыз су тарифтеріне толық түсінік және тұрғындар сұрағына жауап берілді.
Халықтың әлеуметтік жағдайы олардың өмір сүру деңгейімен өлшенетіні анық. Демек, баға саясатына сергек қарап, тұтынушы талабы мен талғамын зерттеу, көрсетілетін қызмет сапасын арттыруға өз үлесімізді қосу негізгі міндетіміз. Талап пен табандылық арқылы агенттіктің стратегиялық жоспардағы тапсырмаларын орындау басты мақсат екендігін назарда ұстаудамыз.
Күмісжан БАЙЖАН, Алматы облысы.
Орталық мемлекеттік органдардың интернет-сайттары
Қазақстан Республикасының Үкіметі www.government.kz
Ішкі істер министрлігі www.mvd.kz
Қорғаныс министрлігі www.mod.kz
Қоршаған ортаны қорғау министрлігі www.nature.kz
Білім және ғылым министрлігі www.edu.gov.kz
Сыртқы істер министрлігі www.mfa.kz
Денсаулық сақтау министрлігі www.darі.kz
Көлік және коммуникация министрлігі www.mtk.gov.kz
Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі www.enbek.kz
Қаржы министрлігі www.mf.mіnfіn.kz
Экономика және бюджеттік жоспарлау министрлігі www.mіnplan.kz
Әділет министрлігі www.mіnjust.kz
Төтенше жағдайлар министрлігі www.emer.kz
Мәдениет және ақпарат министрлігі www.sana.gov.kz
Энергетика және минералдық ресурстар министрлігі www.memr.gov.kz
Ауыл шаруашылығы министрлігі www.mіnagrі.kz
Индустрия және сауда министрлігі www.mіt.kz
Туризм және спорт министрлігі www.mts.gov.kz
Жер ресурстарын басқару агенттігі www.auzr.kz
Байланыс және ақпараттандыру
агенттігі ww.alc.gov.kz
Статистика агенттігі www.stat.kz
Көші-қон және демография
агенттігі www.demomіgratіon.kz