ҚР Ұлттық банк төрағасы Ғалымжан Пірматов Үкімет отырысында Ресейдің SWIFT-тен ажыратылуы Қазақстанға әсер етпейтінін айтты, деп хабарлайды Egemen.kz.
Ғалымжан Пірматов өз баяндамасында Ұлттық банк еркін өзгермелі бағамда инфляциялық таргеттеу режимін ұстануды жалғастыратынын жеткізді.
«Ұлттық банктің барлық қажетті құралдары бар және оларды ақылға қонымды тәсілмен пайдаланады. Елдің жалпы халықаралық резервтері 25 ақпанда 87,7 млрд долларды құрады. Ай басынан бері өсім 346 млн доллар. Оның ішінде Ұлттық қордың активтері – 54,0 млрд доллар, алтын – валюта резервтері – 33,7 млрд доллар. Біз қаржылық тұрақтылық үшін тәуекелдер күшейген жағдайда валюталық интервенциялар жүргіземіз», деді Ғалымжан Пірматов.
Ұлттық банк басшысы шаралар кешені теңгелік активтердің тартымдылығын сақтауға, доллармен байланысты тәуекелдер мен айырбас бағамына қысымды төмендетуге, сондай-ақ инфляцияның елеулі өсу тәуекелдерін жұмсартуға бағытталғанын айтты. Сондай-ақ ол ресейлік банктермен трансшекаралық операциялардың жұмыс жоспары дайындалғанын атап өтті.
«Қазақстандық банктердің клиенттік және меншікті төлемдер мен ақша аударымдарын ел ішінде жүргізу бойынша барлық операциялары штаттық режимде жүзеге асырылады. SWIFT жүйесінен ажыратылған ресейлік банктердің клиенттерімен трансшекаралық операцияларды қамтамасыз ету үшін өзара есеп айырысуларды жүргізудің баламалы тетіктері әзірленді», деді Ғалымжан Пірматов.
Ғалымжан Пірматов Қазақстан Еуразиялық экономикалық одақтың мүшесі екенін, сол одақ аясында бізге әкелінетін импорттың 42%-ы Ресейге тиесілі екенін еске салды.
«Осының бәрін ескерсек, Ресейге қарсы жаңа санкциялар біздің еліміздің экономикасына әсер етеді. Ресей рублінің әлсіреуіне байланысты Қазақстанның қаржы нарығына қысым өсуде», деді Ұлттық банк басшысы.