Көктем ерте келетін Түркістан өңірінің тұрғындары малын өріске шығара бастады. Бұл орайда облыстың кей аудандарында жайылым мәселесі өте өзекті. Дегенмен мәселені шешудің тиімді жолдары қарастырылуда. Мысалы, Бәйдібек ауданында әкімдік пен аудандық прокуратура тарапынан жүргізілген түсіндіру жұмыстары нәтижесінде жерді пайдаланушылар мен ауыл тұрғындары игі бастаманы жүзеге асыруда.
Аудандағы 11 ауылдық округке қарасты 51 елді мекен маңайындағы қажетті жайылым жер картасы әзірленіп, оған енгізілген 310 жер пайдаланушы заңды тұлға анықталған. Халықтың жайылым жерге қатысты мұқтаждығын шешуге атсалысқан жер иелері әр ауыл аумағы бойынша жасалған картаға енген 413 гектар жайылымды ел игілігі үшін беруге келісті. Мысалы, Алғабас ауыл округінен Әлібек Шірікбаев – 139 гектар, Білісбек Қасымбеков – 79, Көктерек ауыл округінен Диханбай Дүйсенбек 195 гектар жайылым жерді аудандық жер қорына қайтарды. Ал Боралдай ауылдық округінде өндірістік кооператив басшылары ауыл маңынан 7 шақырымға дейінгі аймақта жатқан жерді елге табыстады. Өзге де азаматтар өзіне тиесілі жерді халықтың пайдалануына қарсы еместігін, құжаттарын рәсімдеп, тұрғындарға пайдалануға тапсыратыны туралы айтуда. Қайтарылып жатқан жер телімдерін жинақтап, оны сол елді мекеннің ортақ жайылым жеріне бекіту үшін аудан әкімдігінде тиісті қаулы жобасы әзірленіпті. Ал Төлеби ауданында аумағы 8 мың гектарға жуық жайылым елді мекендерге ортақ пайдалануға бекітіліп берілді.
Өңірде бұл бағыттағы жұмыс, яғни пайдаланылмай, бос жатқан және заңсыз алынған жайылым жер алқаптарын қайтару және түгендеу жұмыстары күшейтілді. Космомониторинг арқылы «Гринпойнт» жүйесімен облыста 2019-2021 жылдар аралығында 1 874,1 мың гектар алқапқа түсірілім жүргізілген. Нәтижесінде, ауыл шаруашылығы мақсатындағы 87,2 мың гектар жердің игерілмегендігі көрсетілген.
Облыстық жер қатынастары басқармасының басшысы Ерғали Тілегеннің айтуына қарғанда, былтыр облыс бойынша 131,1 мың гектар пайдаланбай жатқан жер телімдері анықталса, оның ішінде арнайы жер қорына қайтарылғаны – 46,5 мың гектар. Ал 61,2 мың гектар жерді қайтару жөнінде нұсқамалар берілген. Былтыр облыс әкімінің тапсырмасына сәйкес, ортақ жайылыммен қамтамасыз етудің қадамдық алгоритмі бойынша 133 елді мекенге 135,8 мың гектар жайылым жер бекітіліп берілген. Нәтижесінде, жайылыммен қамтамасыз етілген ауылдық округтердің саны 70-ке жетіп отыр. Биыл түгендеу және қайтару жұмыстары арқылы тұрғындар жалпы 618,8 мың гектар ортақ жайылыммен қамтамасыз етіледі деп жоспарланып отыр. Атқарылатын жұмыстардың нәтижесінде жалпы облыстағы жайылым қажеттілігі үш есе төмендеп, 1 054,5 мың гектар болады. Осы орайда облыс әкімі жайылымдарды қайтару, түгендеу жұмыстарын жандандыра түсуді тапсырды. «Әкімдер бос жатқан жайылымдар кімнің атында екенін жасырмай айтулары керек. Жайылымдар ел игілігі үшін қолданылуға тиіс», деді Өмірзақ Шөкеев.
Әкімдерге міндеттелген және олардың негізгі көрсеткіштері өлшенетін тағы бір мәселе – жаңа жұмыс орындарын ашу. Облыстық стратегия және экономикалық даму басқармасының басшысы Қанат Қайыпбектің мәліметінше, өңірде 777 мың адам жұмыспен қамтылған. Оның басым бөлігі – ауылдық елді мекен тұрғындары. Экономикалық қызмет түрлері бойынша жұмыспен қамтылғандардың 22,6%-ы – ауыл шаруашылығы, 18,4%-ы – білім беру, 17,4%-ы сауда саласына тиесілі болса, өнеркәсіп саласының үлесі – 6%. Бүгінде орталық органдармен халық табысын арттыруға бағытталған жоспар жобасын әзірлеу жұмыстары жүргізілуде.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев әкімдерге жыл сайын әрбір 10 мың тұрғынға кемінде 100 жұмыс орнын құруды міндеттегені мәлім. Осы мәселе талқыланған облыс әкімі аппаратының отырысында өңір басшысы Өмірзақ Шөкеев жаңа жобалар, жұмыс орындарын ашу, аудан, қаладағы қабілеті бар адамдармен бірлесе жұмыс істеуді тапсырды. Өткен жылы «Еңбек» бағдарламасы арқылы 102,6 мың адам жұмыспен қамту шараларына қатысқан. Биыл бұл бағыттағы жұмыс жалғаспақ. «Жастар тәжірибесіне» биыл 5 658 адамды жолдау көзделген. Сондай-ақ елімізде жұмыс күші жетіспейтін солтүстік өңірлерге халықты қоныстандыру жұмыстары жалғасуда. Бүгінге дейін өңірден «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» жобасы аясында 9 812 мүшесі бар 2 556 отбасы қоныс аударған. Жалпы, өткен жылдармен салыстырғанда солтүстікке көшуге ниет білдірген отбасылардың қатары 3 есеге дейін ұлғайған.
Түркістан облысы