• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
Спорт 02 Наурыз, 2022

Санға емес, сапаға басымдық беретін уақыт жетті

249 рет
көрсетілді

Қазақстан спортшылары жақында Бейжіңде өткен Қысқы Олимпия ойындарын жүлдесіз аяқтағаны белгілі. Төрт жылда бір келетін басты спорттық бәсеке біз үшін тарихымыздағы ең сәтсіз Олимпиаданың бірі болды. Еліміз Тәуелсіздік алғалы бері 2002 және 2006 жылғы Қысқы ойындардан қоржынымыз бос қайтқан еді. Енді бұлардың қатарына Бейжің Олимпиадасы қосылды. Қазіргі таңда спорттың басы-қасында жүрген жауапты адамдардың жұмысын осыған қарап-ақ бағалауға болатындай. Қазақстан Олимпия ойындарында спорттың 8 түрінен барлығы 34 спортшы апарды. Ең жоғары нәтижеміз – Абзал Әжіғалиевтің 4-орны. Үздік ондыққа кіргендердің арасында Әділ Ғалиахметов (шорт-трек), Денис Никиша (шорт-трек), Дмитрий Рейхерд (фристайл-могул) және аралас эстафетаға қатысқан шорт-трекші қыз-жігіттеріміз бар.

Шорт-трек

500 метр. Абзал Әжіғалиев – 4-орын; Денис Никиша – 8-орын; Әділ Ғалиахметов – 19-орын;

1000 метр. Әділ Ғалиахметов – 24-орын; Ольга Тихонова – 24-орын;

1500 метр. Әділ Ғалиахметов – 8-орын; Денис Никиша – DNF; Ольга Тихонова – DNF;

Аралас эстафета. Яна Хан, Ольга Тихонова, Денис Никиша, Абзал Әжіғалиев – 6-орын.

Қытай жерінде шорт-тректен бір жүлде бұйыра ма деп едік. Өкінішке қарай, үмітіміз ақталмады. Дегенмен 500 метрге жарыс жолына шыққан Абзал Әжі­ғалиевтің Олимпиаданы 4-орынмен аяқтауының өзі біз үшін үлкен жетістік сана­лып отыр. Елімізде енді ғана даму жо­лына түскен шорт-трек спортында бұрын-соңды мұндай нәтиже тіркелмеген еді. 

Жалпы алғанда, Мәдіғали Қарсыбеков жаттықтыратын командаға оң баға беруге болады. Екі бірдей спортшымыз финалда өнер көрсетті. Жүлде алуға Абзал Әжіғалиевтің де, Әділ Ғалиахметовтің де мүмкіндігі болған. Бірақ Мажарстан, Қытай, Ресей, Канада, Корея Республикасы сияқты елдердің тәжірибелі спортшылары жеме-жемге келгенде отандастырымыздың алдын орап кетті.

Абзал осымен үшінші Олимпиадасын тәмамдады. Биыл 30-ға толатын спорт­шының енді төрт жылдан кейін Италиядағы Ақ Олимпиадаға баруы екіталай. Бір айта кететін жайт, егер ел спортының тізгінін ұстап отырған басшылар қазірден бастап шорт-тректегі шырмауы көп мәселелерді шешпесе, ертеңгі күні Әділ Ғалиахметов, Денис Никиша сынды жас, дарынды спортшылардың болашағына балта шабамыз.

Фристайл

Могул. Дмитрий Рейхерд – 8-орын; Юлия Галышева – 11-орын; Павел Колмаков – 21-орын; Анастасия Городко – 21-орын; Аяулым Әміренова – 22-орын; Олеся Граур – 28-орын;

Акробатика. Ақмаржан Қал­мұрзаева – 11-орын; Жанбота Алда­бер­генова – 13-орын; Шерзод Хашырбаев – 19-орын.

Қазақстан жанкүйерлерінің жүлде күткен спорттарының бірі – фристайл. Соң­ғы жылдары қысқы спорт түрлерінде «жыр­тығымызды жамап» жүрген могул­шылар еді. Юлия Галышева, Павел Кол­маков, Дмитрий Рейхерд сынды қыз-жігіттеріміз әлем чемпионаттары мен Әлем кубогының кезеңдерінде ұдайы жүлде алып, жанкүйерлерін қуантып жүрді. Тіпті осыдан төрт жыл бұрын Корея жеріндегі Олимпиадада қоржынымызға жалғыз қола медаль салған да Юлия Галышева болатын.

Өкінішке қарай, фристайлшылар да төртжылдықтың басты жарысына дайын болмай шықты. Үміт күткен Дмитрий Рейхерд пен Павел Колмаков финалға шыға алмады. Юлия Галышеваның жолы тіптен ауыр болды. Олимпия ойындарына келе сала коронавируспен ауырған спортшымыз жарысты екінші іріктеу кезеңінен бастауға мәжбүр болды. Оның өзі соңғы сәтте ғана шешілді. Осының барлығы Галышеваға психологиялық жағынан қиындық тудырғаны айтпаса да түсінікті. Содан да болар, отандасымыз дәл шешуші сәтте білгенінен жаңылып, өрескел қателік жіберді.

Қалған спортшыларға келсек, Аяулым Әміренова, Анастасия Городко, Олеся Граур секілді жастарымызға тәжірибелі қарсыластарына төтеп беруге әлі ертерек екенін байқадық. 

Ал фристайлдың акробатика түріне келсек, Жанбота Алдабергенова, Ақмаржан Қалмұрзаева, Шерзод Хашырбаев үштігі өнер көрсетті. Шерзод – ұлттық құрамаға кеше ғана қосылған жас спортшы. Ал Жанбота мен Ақмаржан тәжірибелері толысқан, нағыз бабында болатын. Бірақ екі қызымыз да дәл жауапты жарыста біз күткендей нәтиже көрсете алмады. Бірақ қазақтың екі қаракөз қызының спорттың осындай күрделі де қауіпті түрінде үлкен додаға түсіп жүргендерінің өзі көңілге қуаныш ұялатады.

Шаңғымен трамплиннен секіру

Орташа трамплин. Сергей Ткаченко – 42-орын; Данил Васильев (орташа трамплин) – 46-орын;

Үлкен трамплин. Данил Васильев (орташа трамплин) – 51-орын; Сергей Ткаченко – 54-орын.

Елімізде трамплин кешені Алматы және Щучинск қалаларында салынған. Салуын салғанымызбен, қанша жыл өтсе де дәл осы спорт түрінен нәтижеміз жақсармай-ақ қойды. Алты ай қыста Еуропаны шарлап жүретін спортшыларымызға мем­лекет тарапынан барлық жағдай жасалып келеді. Баратын жарыстарына барып та, қатысып та жүр. Бірақ Еуропа елдерін айт­пағанда, Азияның көшіне де ілесе алмай келеміз. 

Тау шаңғысы

Слалом. Захар Кучин – 36-орын; Александра Тройцкая – dnf; 

Алып слалом. Захар Кучин – dnf.

Осы спорт түрі бізге керек пе? Елімізде дені дұрыс жаттығу базасы жоқ, не жеңіп алып жатқан жүлдеміз жоқ. Қазақстанда жаттығып жатқан тау шаңғышыларын да көрмейміз. Әйтеуір Олимпиадаға жолдама алғандардың қатарын көбейтіп жүрміз. Қыс басталғанда Еуропаға кетіп, көктемге таман оралатын «туристердің» бізге қандай қажеті бар? Бәлкім, осы спорт түріне кетіп жатқан миллиондарды шорт-трек сияқты спорт түрлеріне бөліп, мәселелерін шешіп беруге болмас па? Санға емес, сапаға жұмыс істейтін уақыттың жеткені анық.

Шаңғы қоссайысы

Орташа трамплин+10 шақырым. Шыңғыс Ракпаров – 41-орын;

Үлкен трамплин+10 шақырым. Шыңғыс Ракпаров – 43-орын.

Шаңғы қоссайысына бір ғана спортшымыз қатысты. Шыңғыс Ракпаров екі қашықтық бойынша бақ сынап, қырықтың арғы жақ-бергі жағынан шықты. Трамплиннің өзін жеке спорт ретінде дамыта алмай жатқанда, оған шаңғы жарысын қосу ақылға қонбайтындай...

Биатлон

10 шақырым. Спринт. Александр Мухин – 49-орын; Владислав Киреев – 77 орын;

12,5 шақырым. Із кесу. Александр Мухин – 57-орын;

20 шақырым. Жекелей сайыс. Александр Мухин – 52-орын; Владислав Киреев – 25-орын;

7,5 шақырым. Спринт. Галина Вишневская – 52-орын;

10 шақырым. Із кесу. Галина Вишневская – 52-орын;

15 шақырым. Жекелей сайыс. Галина Вишневская – 44-орын.

Биатлон – жанкүйері көп спорт түрлерінің бірі. Әр жарыс үлкен тартыспен өтеді. Әсіресе, Норвегия, Швеция, Германия, Франция, Ресей сынды елдердің арасындағы тартыс өзгеше.

Осыдан төрт жыл бұрын Кореядағы Олимпия ойындарына 9 спортшы барып еді. Сол кездегі нәтижелеріміз бүгінгімен салыстырғанда тәуірлеу еді. Бірақ бұл жолғы барған үш спортшымыздың арасында ең жоғары нәтиже көрсеткені тек Владислав Киреев қана болды. Ол 20 шақырымдық жарысты 25-ші болып аяқтады.

Бір кездері Галина Вишневская Қазақ­стан биатлонындағы басты жұлдызымыз болды. Жастар арасында әлем чемпионы атанды. Әлем кубоктарында жүлде алып жүрді. Талантты еді. Бірақ ересектер арасына өткенде біз Галинаны жоғалтып алдық, өз мүмкіндігін толығымен көрсете алмады. Оның басқа спортшылардан ерекшелігі – нысанадан мүлт кетпейтін нағыз мергеннің өзі. Бұл жолы да ол спринттік жарыста бірде-бір оғын далаға кетірмеді. Сөйте тұра 50-орыннан көтеріле алмады. Яғни жылдамдығы жағынан өте баяу. Ол Пхенчхан олимпиадасы қарсаңында да сондай еді. Одан бері де өзгеріс болмады. Бұл жерде басты кінә бапкерлер штабында жатуы ықтимал. Вишневскаяны физикалық жағынан тұрақ­ты дайындайтын тәжірибелі маман­дар болғанда ол 2010 жылы Олим­пиада жүлдесін жеңіп алған Елена Хрус­та­леваның нәтижесін қайталауы әбден мүмкін еді.  

Конькимен жүгіру

500 метр. Иван Аржаников – 28-орын; Екатерина Аидова – 20-орын.

1000 метр. Надежда Морозова – 11-орын; Дмитрий Морозов – 17-орын; Екатерина Аидова – 19-орын; Денис Кузин – 23-орын;

1500 метр. Надежда Морозова – 14-орын; Екатерина Аидова – 18-орын; Дмитрий Морозов – 18-орын;

3000 метр. Надежда Морозова – 13-орын;

Масс-старт. Надежда Морозова – 15-орын; Дмитрий Морозов – 19-орын.

Шыны керек, қазіргі таңда Людмила Прокашеваның жетістігін қайталайтын спортшыға зәруміз. 1998 жылы Жапонияда өткен Олимпия ойындарында павлодарлық Людмила Прокашева қола медаль алып қуантқан еді. Содан бері қанша жыл өтті, нәтиже жоқ. Бір кездері Денис Кузин жарқ етіп шықты да, жоқ болды. Биыл да сол Кузинге үміт артып едік. Үмітіміз ақталмады. Әлем кубоктарында жап-жақсы нәтиже көрсетіп жүрген Надежда Морозова, Дмитрий Морозов секілді спортшыларымыз алғашқы ондыққа да кіре алмады.

Шаңғы жарысы

Спринт. Еркін әдіс. Әйелдер. Надежда Степашкина – 51-орын; Ангелина Шурыга – 60-орын; Ксения Шалыгина – 67-орын; Ирина Быкова – 68-орын;

Ерлер. Евгений Величко – 62-орын; Виталий Пухкало – 66-орын;

15 шақырым. Классикалық әдіс. Виталий Пухкало – 25-орын; Евгений Величко – 40-орын;

Скиатлон (15+15). Виталий Пухкало – 32-орын; Евгений Величко – 57-орын;

Масс-старт. 30 шақырым (ерлер). Евгений Величко – 43-орын;

10 шақырым. Классикалық әдіс. Валерия Тюленова – 55-орын; Ангелина Шурыга – 50-орын; Ксения Шалыгина – 51-орын;

Скиатлон (7,5+7,5). Ксения Шалыгина – 48-орын; Ангелина Шурыга – 49-орын; Валерия Тюленова – 51-орын; Надежда Степашкина – 58-орын;

Масс-старт. 30 шақырым (әйелдер). Ангелина Шурыга – 42-орын; Надежда Степашкина – 49-орын; Ирина Быкова – 54-орын;

Командалық спринт. Әйелдер. Надежда Степашкина/Ксения Шалыгина – 19-орын;

Эстафета 4х5 шақырым. Әйелдер. Ксения Шалыгина, Ангелина Шурыга, Надежда Степашкина, Ирина Быкова – 15-орын.

Біздің елдегі шаңғы спорты мен жеңіл атлетика бір-біріне қатты ұқсайды. Жеңіл атлетикада Ольга Рыпакова спорттан қол үзгеннен кейін үміт артатын спортшы қалмаған болса, шаңғы спортында Алексей Полторанин спорттық карьерасын аяқтағаннан кейін Олимпиадада үздік ондыққа кіретін спортшы таппай қалдық. Бейжің Олимпиадасына барғандардың ішінде тек әйелдер арасында командалық эстафетада 15-орыннан көріндік. Ал қалған спортшыларымызды үздік 30 спортшының қатарынан да таба алмадық.

Қорыта айтқанда, дәл қазір бізге қысқы спорт түрлері бойынша үлкен өзгерістер керек. Жоғарыда айтқанымыздай, санға емес, сапаға жұмыс істейтін кез келді. Яғни Бейжің Олимпиадасының қорытындысынан сабақ алып, дұрыс әрі нақты шешім шығару қажет.