Теннистен Қазақстан ұлттық құрамасы кейінгі жылдары жаңа форматтағы Дэвис кубогының финалдық бәсекесінде үнемі өнер көрсетіп келе жатқаны белгілі. Жерлестеріміз биыл да бас жүлде үшін өтетін бәсекеден үмітті. Ол үшін Александр Бублик пен Михаил Кукушкин бастаған жерлестеріміз осы аптадағы жарыстың іріктеу кезеңінде Норвегия құрамасын жеңуі тиіс.
Қазақстан мен Норвегия арасындағы шешуші сынға жолдама беретін іріктеу бәсекесі 4-5 наурыз күндері Норвегияның бас шаһары – Ослодағы Oslo Tennisarena спорт кешенінде өтеді. Бұл сында ел намысын Михаил Кукушкин, Андрей Голубев, Александр Недовесов, Дмитрий Попко және Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик қорғайды. Қазақстандық теннисшілер Дэвис кубогы аясында норвегиялықтармен тұңғыш рет кездеспек. Жарыс ережесі бойынша құрамалар төрт жекелей сында және бір жұптық матчта бақ сынайды. Әр ойын үш сетке дейін созылады. Жеңімпаз құрама осы жылдың қыркүйек айында өтетін Дэвис кубогының финалдық кезеңіне (командалық әлем чемпионатына) жолдама алады.
«Ослодағы ойынға толық дайынбыз. Хард төсеніші екі командаға да қолайлы деп ойлаймын. Командамызбен ойынға тыңғылықты дайындалып жатырмыз. Құрамадағы жігіттер Норвегиямен ойынға нағыз бабында келді. Ешкімде жарақат жоқ. Жеңіске жетіп, жанкүйерлерімізді қуантамыз деген үміттемін», деді Михаил Кукушкин.
Норвегия құрамасы қазіргі таңда Дэвис кубогының рейтингінде 39-орынды иеленуде. Скандинавия елінің өкілдері 2019 жылдан бері жаңа форматтағы турнирдің әлі күнге дейін финалға жолдама ала алмай келеді. Дегенмен олар бүгінге дейінгі ең үздік нәтижесіне сонау 1995 жылы қол жеткізген. Сол жылы ұйымдастырылған теннистен Әлемдік кезеңнің бәсекесінде Норвегия плей-офф сатысына дейін жеткен болатын. Сондай-ақ Норвегия Дэвис кубогына 1928 жылдан бері қатысып келеді.
Қазіргі таңда Норвегия құрамасының көшбасшысы – 23 жастағы Каспер Рууд. Кезінде Каспердің әкесі де, атасы да тенниспен кәсіби түрде айналысып, бірталай жетістікке қол жеткізген. Рууд бұл күндері ерлер арасындағы жаңарған әлемдік рейтингте 8-орында тұр. Ол осы күнге дейін АТР турниріндегі жеті жарыстың бас жүлдесін жеңіп алған.
Норвегия құрамасының екінші ракеткасы саналатын 24 жастағы Виктор Дурасович әлемдік рейтингте 326-орынға жайғасқан. Сондай-ақ викингтер елінің құрамында 21 жастағы Лукас Хеллум Лилленген (әлемдік рейтингте 1302-орында тұр), 20 жастағы Герман Хойерал және 22 жастағы Симен Сунде Братхольм бар. Құрама капитаны – Андерс Хасет.
Ойындар кестесі: 4 наурыз күні екі жекелей кездесу өтеді. Матчтар елорда уақыты бойынша 23.00-де басталады. 5 наурызда теннисшілер жекелей және жұптық сында шеберлік байқасады. Бұл ойынның уақыты 19.00-ге жоспарланған.