• RUB:
    5.47
  • USD:
    473.29
  • EUR:
    512.81
Басты сайтқа өту
Теннис 02 Наурыз, 2022

Джоковичті тұғырдан тайдырды

241 рет
көрсетілді

Теннистен биылғы Аустралия ашық бі­рін­шілігінің финалисі ресейлік Даниил Медведев сербиялық Новак Джо­ковичті ATP рейтингінде тұғырдан тайдырды.

Көптен бері рейтингтің көшін ешкімге бермей келе жатқан Сербияның саңлағы, «Үлкен дулыға» турнирлерінде 20 мәрте топ жарған Новак наурыз айынан бастап рейтингтегі орнын Медведевке босатып берді. Кешеден бастап әлемнің бірінші ракеткасы атанған ресейлік спортшының еншісінде 8615 ұпай бар. Ал Джокович 8465 ұпаймен екінші орында тұр. Үздік үштікті германиялық Александр Зверев (7515) түйіндеп тұр.

Қазақстандық теннисшілерге келер болсақ, ерлер арасындағы еліміздің бірінші ракеткасы Александр Бублик жаңарған рейтингте екі саты төмендеп, 32-орынға жайғасты. Өкінішке қарай, өзге жерлестеріміздің нәтижесі көңіл көншітпейді. Михаил Кукушкин алты орын жоғарылап, 160-сатыға тұрақтаса, Дмитрий Попко 171-орынды қанағат тұтуда.

Әйелдер арасындағы WTA рейтингінде Елена Рыбакина бұрынғы орнын (20) сақтап қалды. Юлия Путинцева алты сатыға төмендеп, 45-орынға жайғасса, Зарина Диас 109-сатыға көтерілді. Ол бұрын 113-сатыда тұрған еді. Әйелдер арасында әлі де аустралиялық Эшли Барти алдына жан салар емес.