Өткен аптада елордадағы «Сарыарқа» спорт кешенінде тректегі велоспорттың темптік және спринттік түрлерінен жасөспірімдер мен ересектер арасындағы қысқы ел біріншілігі ұйымдастырылды.
Биылғы Қазақстан чемпионатында еліміздің 13 аймағынан келген 152 спортшы бақ сынады. Нәтижелерге тоқталар болсақ, кейрин бойынша ерлер арасында Андрей Чугай топ жарса, спринтте Сергей Пономарев чемпион атанды. Мэдисоннан топтық жарыста Светлана Пащенко мен Анжела Соловьева жеңіске жетті. Ал ерлер бәсекесінде Рамис Дінмұхамедов пен Дмитрий Потапенко көш бастады.
Із кесуден командалық жарыста Рамис Дінмұхамедов, Әлішер Жұмақан, Дмитрий Носков және Дмитрий Потапенко Қазақстан чемпионы атағын жеңіп алды. Әйелдер арасында Бота Батырбекова, Вероника Мырксина, Светлана Пащенко, Фаина Потапова алтын жүлдегер атанды. Із кесуден жекелей сында Әлішер Жұмақан жеңіске жетсе, әйелдер арасында Марина Кузьминаға тең келер ешкім болған жоқ.