S&P Global Commodity Insights басылымы үндістандық ірі мұнай-газ компаниясы Indian Oil Corporation-ның сақтандыру тәуекеліне байланысты ресейлік және қазақстандық мұнайды саудадан алып тастағанын жария етті. Корпорация кез келген төлем және сақтандыру тәуекеліне ұшырамас үшін өз жеткізушілерінен ресейлік және қазақстандық мұнайды ұсынбауды сұраған.
«Бұл жайлы споттық саудаға қатысатын трейдерлер хабарлады. Мұндай қадамның басты себебі – халықаралық санкцияның салынуы мен төлемнің тежеліп қалуына жол бермеу» деген аты-жөнін белгісіз қалдыруды сұраған компания өкілі.
Дерек көзінің хабарлауынша, елдің аса ірі мемлекеттік мұнай өңдеу зауыты ресейлік Urals және ВСТО, сондай-ақ қазақстандық CPC (Caspian Pipeline Consortium – Каспий құбыр консорциумы) сияқты мұнай сорттарының free-on-board жағдайында қабылданбайтынын мәлімдеген.
«Мұнай импорттау тұрғысынан әлемдегі үшінші ел саналатын Үндістан 2021 жылы Ресейден мұнай импортының 1 пайыздан азын импорттады. Ақпан айында, Ресей Украинаға басып кірмей тұрып Indian Oil Corporation сәуірде жоғары күкіртті Urals ресейлік сортының 2 млн тоннасын жеткізу туралы келісімшарт жасаған. Трейдердің сөзінше, Үндістан мемлекеттік банкі АҚШ, ЕО және БҰҰ санкциясына тап болған қандай да бір транзакцияларды өңдемейді» деп жазады S&P Global.
Үндістанның Ресейден алатын импорт себетіне шикі мұнай, табиғи газ, көмір, табиғи қазба байлық, меруерт, асыл және жартылай асыл тастар, ядролық реактор, қазандық, машина және механикалық құрылғылар, электр машиналар мен тыңайтқыштар кіреді.
АҚШ пен оның одақтастарының қаржылық санкциялар пакеті аясында ресейлік банктерді SWIFT халықаралық төлем жүйесінен ажыратуы, өзге де қатаң қаржылық шектеулер көптеген мұнай өңдеу компанияларының өздерінің ресейлік мұнайға қатысты жоспарларын қайта қарауға мәжбүр етті.
Канада бірінші болып Ресейге эмбарго жариялады. Премьер-министр Джастин Трюдо Путин мен оның олигархтарына үлкен пайда әкеліп отырған кез келген ресейлік шикі мұнай импортына тыйым саламыз деді. Канада мұнай өндіру қауымдастығының дерегінше, 2019 жылы Канада Ресейден 18 000 баррель мұнай өнімдерін импорттаған. Сөйтіп, Ресейді АҚШ пен Сауд Арабиясынан кейінгі аса ірі жеткізуші деңгейіне шығарған.
«Бұл Қазақстан үшін Ресей Федерациясына қарсы санкциялар енгізілгеннен кейін тікелей шектеулердің ықпалына түсудің бірінші прецеденті. Ел экономикасына кері әсерін тигізуі мүмкін мұндай жағдайлардың алдын алу үшін шұғыл шаралар қабылдау қажет деп есептейміз», деп жазған еді қаржы сарапшысы Андрей Чеботарев.
Кейінірек Tengrinews басылымы Энергетика министрлігінің «ҚазМұнайГаз» мамандарына сілтеме жасай отырып жасаған пікірін жария етті. Олардың айтуынша, Indian Oil Corporation-ның қазақ мұнайынан толық бас тартуы шындыққа сай келмейді.
«Үндістандық БАҚ және Refinitiv ақпарат агенттігінің мәліметі бойынша Indian Oil Corporation сақтандыру және мұнай өңдеу зауыттарына жеткізу шығындарының артуына байланысты FOB негізінде Urals және CPC мұнай маркаларын алуды тоқтату туралы хабардар еткен. Егер сатушы мұнайды мұнай өңдеу зауытына өзі жеткізген жағдайда Indian Oil Corporation оны сатып алатын болады» делінген министрлік хабарламасында.
Ведомствоның хабарлауынша, мұны Bloomberg ақпарат агенттігі және үндістандық мұнай компаниясының өзі де растайды. Себебі, 28 ақпанда Urals және CPC мұнай маркасын мұнай өңдеу зауыттарына жеткізіп беру негізінде тендерлік тапсырыс жарияланған.
Каспий құбыр консорциумы тәулігіне 1,2 млн баррель мұнай жеткізеді. Бұл – әлемдік жеткізудің 1,2 пайызы. Жалпы, Қазақстанда өндірілетін мұнайдың үш маршрут арқылы экспортқа шығарылатыны белгілі: ресейлік порттар арқылы, Каспий құбыр консорциумы арқылы және Қытайға бағытталған құбыр желілері арқылы. Каспий құбыр консорциумының өзі мұнайды алдымен ресейлік Новороссийск портына жеткізіп, сол жерден шартарапқа жөнелтеді. Бұл орайда Reuters нарықта расымен қазақ мұнайын сату қиындағанын растайды.
«КҚК құбыр желісі соңғы күндері антиресейлік санкция проблемаларына тап болды. Қазақстандық мұнайдың ресейлік сорттармен қосылуы және олардың ресейлік порттардан тиелуі себепті тұтынушылар оны сатып алудан қашып жатыр» делінген хабарламада.