• RUB:
    5.39
  • USD:
    474.62
  • EUR:
    517.19
Басты сайтқа өту
Өнер 02 Наурыз, 2022

Жезде мен балдыздың әдемі әлемі

1446 рет
көрсетілді

Маңғыстау даласында қара жер қойнынан қара алтынды сапырып жүрген мұнайшылар арасында өнерге жаны құштар, рухани жан-дүниесі бай жандар аз емес. Мұнай ағынына сырлы өнермен үн қосқан жезделі-балдызды қос өнерпаз – Айжарық пен Сәкен.

 

Айжарық – кәсіби қылқалам шебері, оның картиналары мұ­найшылар мақтанышы, маңғыс­таулықтар тамсана қарап, көз тойдыратын туындылар. Ол атасынан дарыған суретшілік қабілетін жоғары біліммен ұштап, Абай атындағы Алматы мемлекеттік университетінің көркемсурет-графика факультетін бітірген. Ма­мандығы бойынша біршама жыл жұмыс істеп, 2008 жылы әке жолымен мұнай өндірісі саласына бет бұрады. «ҚазТрансОйл» мекемесі Ақтау бас мұнай айдау стансасына жұмысқа орналасады. Мұнайшы болғанмен, ата қанымен дарыған табиғи талантынан бой да, ой да үзіп кете алмаған Айжарық Мейірманов бүгінде бірнеше көркі мен сыры сай тамаша картиналардың авторы. Маңғыстаулық делегация құрамында «Этноауыл» жобасына қатысып, «Маңғыстау – ашық аспан астындағы мұражай» көрмесін дайындауға үлес қосқан суретшінің өнерпаз қолынан туған суреттері сурет өнерінің қадірін білер жандардан жоғары бағасын алды. Әріптестің дарынына қуанып, талантын алдымен бағалайтын – әсіресе мұнайшылар. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына Айжарық ұжы­мына ұсынған қарт Каспий жа­ғалауы бейнеленген көрікті кар­тина бүгінде мұнайшылар асха­насының төрін толтырып тұр. Қыл­қаламынан туған сырлы бояумен көбіне қасиетті атакүлдігі – Маңыстаудың тау-тасын сөйлетіп, даңғайыр даласына ән салдырып, тентек те ерке теңізін тулатып, әрбір сай-сала, бұта-жусанынан сыр аңдыған Ай­жарықтың болмысы табиғатпен, тарихпен етене екендігі бірден байқалады, туған жер көрінісі мен өткеніне перзенттік аңсары айтпай-ақ аңғарылады. Оғыланды, Бозжыра, Шерқала, Каспий, Айрақты, шартастар – суретші көзінен қалыс қалмай, әрқайсысы жеке-жеке әдемі, көлемді картинаға айналды. Отбасында ұлттық ұстынды берік ұстаным еткен А.Мейірманов бейнелеу өнерінде тарихи тақырыпқа көбірек басымдық береді.

Айжарықтың жұбайы Ғалия – химия пәнінің оқытушысы. Өнер­де қасиет болады, ол кез келгенге емес, өз иесін, өз қадірін білер жанды тауып қонады. Ғалия­ның інісі Сәкен де мұнайшы. «Қаражанбасмұнай» АҚ бұрғылау және ұңғымаларды жерасты күрделі жөндеу басқармасы өндірістік базасының операторы Сәкен Іздібаев қазақтың ақиық ақыны, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты Мұқағали Мақатаевтың 100-ден астам өлеңін жатқа оқиды. Ғаламтор, ұялы телефон жоқ кеңшар кезінде Сам даласына отар қойды қаптатып жіберіп кең дала төсінде кітап оқу – шопандардың сүйікті ісі. Сәкен де кішкентайынан кітаппен сырласып, кітаптан мол рухани нәр алып өскендігіне күмән жоқ, өйткені Сәкеннің ағасы Болатбайдың кітапқұмарлығы, оқымыстылығына ел куә. Қара­пайым шопанның кітаби тіл­мен көсілте сөйлеп, кімнің қай кі­табының қай бетінде не жазыл­ға­нын аузының суы құрып тамсана ауызша айтып отыратын Бөкең шопандықты емес, ғылым-білім, әдебиет-руханият жолын таңдағанда танымал ғалымдардан еш кем түспесіне ел сенімді.

– Мұқағалидың ақындық қа­сиеті мен өлеңдерінің әсерлілігі өзге ақындар әлеміне ұқсамайды. Сондықтан маған мұзбалақ ақын­ның жырларын жаттау қиын емес. Әріптестерім жұмыс арасында өлең оқып беруімді сұрайды. Мен де шал­қар шабытқа кенеліп, жү­рек­­пен жеткізуге тырысамын, –дейді ол.

Мұқағалиға деген айрық­ша құрметі болуы керек, маң­ғыс­­тау­лық мұнайшы жігіт Мұқағалидың туған жеріне арнайы барып, музейімен танысқан. Ақынның туған топырағына табан тигізіп, рухына тәу етіп, мұрасын көзбен көруді көптен мақсат еткен Сәкен осылайша бұл арманына қол жеткізді. Отбасында төрт бала өсіріп отырған әке тұңғышына Ақ­жол есімін берген. Бүгінде Ақ­жол – Әл-Фараби атындағы Қа­зақ мем­лекеттік ұлттық универ­ситеті био­технология факуль­тетінің 3-курс студенті. Қажетті мамандық. Айтса айтқандай, Ақжолдың жолы ақ болып, соңынан үшем інісі ерді. Өнерге жаны құштар әке үшемге Мұқа­ғали, Шәмші, Төлеген есімдерін таңдады. «Бір шаңырақ астында Сәкен Сейфуллин, Ақжол Мейірбеков, Мұқағали Мақа­таев, Шәмші Қалдаяқов, Төлеген Айбергенов тұрады» деп әзілдейді өздері. Ал Сәкен аға өз жары Бал­кү­міс жеңгейді «Лашын» деп атайды екен. Бұл да Сәкеннің Мұқа­ғалиға деген айрықша құрметінің дәлелі.

Жүректеріне өнер ұя салып, көкейлерінде өнердің күміс үні күмбірлеп тұратын жезделі-бал­дызды қос өнерпаз өндірісте ел игілігіне ғана еңбек етіп жүрген жоқ, өз әріптестеріне, өз ортасына шабытты әсер сыйлап, ұлт рухания­тына да өзіндік үлес қосып жүр.

 

Маңғыстау облысы