• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Қоғам 02 Наурыз, 2022

Тұрғын үй бағасы құбылып тұр

904 рет
көрсетілді

Әлемдегі саяси жағдай шиеленісе түсіп еді, теңгеміз теңселіп кетті. Ұлттық валютаның құлдырауы елдегі тұрғын үй бағасын құбыл­тып жіберді. Салдарынан сырттан келетін құрылыс ма­териал­дары қымбаттауы мүмкін. Осыны аңғарған құрылыс салу­шы­лар жұмысты уақытша тоқтатуға мәжбүр. Бірдің кесірі мыңға тиеді деген – осы.

 

Ресей мен Украина арасындағы шиеленіс, солтүстіктегі көршімізге са­лынған экономикалық санкция­лар рубльдің, тиісінше біздің тең­генің де жағдайын нашарлатып жіберді. Теңгенің әлсіреуі тұрғын үй нарығын теңселтіп жі­бер­ді. Қазақстан құрылыс салушылар қауымдастығының пре­зи­ден­ті Виктор Микрюковтің айтуынша, елдегі компаниялардың біра­зы пәтер сатылымын уақытша тоқта­тып­ты. Олар бағаны қайта қарауға ниетті. Құрылыс салушылардың енді бір тобы тұрғын үй бағасын қа­зірдің өзінде 5-7 пайызға қым­бат­­татып үл­герген. Құрылыс ком­­па­ниялары үл­кен тәуекелдің ал­дын­да­ тұр. Бұған теңгенің құлдырауы себеп болып отыр.

Оның айтуына қарағанда, аза­мат­тық заңнамада тараптардың жа­сал­ған шартына өзгерістер ен­гізіл­­уі мүмкін жағдайлар белгі­лен­­ген.

– Құрылыс компаниялары мен клиенттер арасындағы шарт­тар­дың көбінде белгіленген ба­ғаны өзгер­ту мүмкіндігіне қа­тысты та­лап­тар қамтылған. Шарт­ты мұ­қият оқыған адамдар мұны жақ­сы біледі. Яғни қаржы нары­ғын­­дағы девальвация белгілі бір деңгейден асып кетсе немесе бас­қа да өзгерістер орын алса тараптар келіскендей баға өзгеруі мүмкін. Демек, қазіргі жағдайға байланысты шарттардың төлем бөлігіне қатысты өзгерістер енгі­зілуі мүм­кін, – дейді Қа­зақ­стан құ­рылыс салушылар қауым­дас­ты­ғының президенті.

В.Микрюков қаржы нары­ғын­да­ғы жағдай тұрақ­тал­ған­ға дейін төлемді бөліп төлеу тетігі алынып тасталуы мүмкін екенін жеткізді.

– Тараптардың келісімі бо­­йын­ша ағымдағы шарттардың талап­тары өзгеруі ықтимал. Өйт­ке­­ні материалдардың қым­бат­­тауына байланысты құры­лыс­­тың ағымдағы құны да айтарлықтай өзгереді. Мұндай келісім тараптар­дың ортақ мақсаты үшін, яғни нысан құрылысының уақтылы аяқталуын қамтамасыз ету үшін керек, – дейді В.Микрюков.

Қазақстан жылжымайтын мү­лік фе­дерациясының басшысы Ермек Мүсірепов те Виктор Микрюковтің пікірін қолдап отыр. Оның айтуынша, геосаяси жағ­дайға байланысты еліміздің қа­зіргі тұрғын үй нарығы пес­симистік сипатқа ие.

– Сөз жоқ, құрылыс мате­риал­­­дарының бағасы қым­бат­тайды. Сон­дықтан құры­лыс салу­шы ком­па­ниялардың жарты­сына жуығы уақытша тайм-аут алуы мүмкін. Доллардың қа­зір­гі бағамына сәй­кес бизнес және элит кластағы үйлердің б­а­ғасы өседі. Өйткені мұндай үйлердің құрылысына импорттық материалдар пайдаланылады. Қолданылатын құрылыс мате­риал­­дарының кем дегенде 70 пайызы шетелден әкелінеді. Яғни долларға тәуелді. Ал бюджеттік жобаларда импорттың үлесі төмен. Сондықтан теңгенің әлсіреуі эконом және комфорт кластағы үй­лер­дің бағасына анау айтқандай әсер етпеуі мүмкін. Бірақ бұл жерде алыпсатарлар жағдайды ушық­тырып жіберуі ықтимал, – дейді Е.Мүсірепов.

Нарықтағы мәмілелердің бәрі теңгемен жасалса да, жылжымай­тын мүлік иелері мен сатушылар бағаны доллар бағамына байланыстыра отырып көтереді. Сон­дық­тан сарапшы сатып алушыларды жағдайдың дамуын ба­қы­лауда ұстауға, дүрбелеңге ермеу­ге, салқынқандылық танытуға ша­қырды.

– Рас, нарықта ажиотаж бар. Шамалы күткен дұрыс. Ал шаршы метрдің құнының өзгеретіні анық. Қазіргі жағдай экономика үшін де, нарық ойыншылары үшін де қиын. Мұндағы ең бірінші ойыншы кім? Еліміздің ақшасы жоқ, бірақ баспана алуға ниеті бар азаматтары. Геосаяси жағ­дай жыл­жымайтын мүлік нары­ғын­да үлкен дау тудырады. Енді «кепіл­ақы төлеп қойып едім», «біз бас­қа бағаға келіскенбіз» деген әңгімелер айтыла бастайды. Мұ­ның бәрі қанша уақытқа созылатыны белгісіз. Белгісіздік қашанда қиын. Әсіресе, нарық үшін, – дейді Қазақстан жылжымайтын мүлік федерациясының басшысы.

Экономист, DM Technology компаниясының атқарушы директоры Эльдар Шамсутдиновтің пікірінше, дәл қазір нарық форс-мажор жағдайында тұр. Ал мұн­дай кезде нарыққа болжам жасау дұрыс емес. Өйткені әрбір ақпарат көпшілікті адастыруы мүмкін.

– Қысқа және орта мерзімді перс­­пективада бастапқы нарық­та­ғы да, қайталама нарықтағы да баға көтеріледі. Жалпы, бағаның өсуі биылғы қаңтар оқиғаларынан кейін басталған. Ал оған де­йін бағаны тұ­рақ­тандыруға және төмендету­ге мүм­кіндік бере­тін алғы­­шарттар болды. Бұл деге­німіз­ – карантиндік шек­теу­­­лердің жеңілдеуі, логистика мен им­порттың жолға қо­йыл­уы. Жыл­жы­­майтын мүлік – ин­вес­ти­ция­лық актив. Жұртшы­лық­тың қо­лында мұндай актив көп те емес. Біздіңше, тұрғын үй бағасының қымбаттауының бір себебі осында жатыр. Өйткені бағамдағы айыр­ма­шылықтан ақша табуға ниет­тілердің қолында бір ғана карта бар. Ол – жылжымайтын мүлік. Сондықтан олар пайда көріп қалу үшін тұрғын үй бағасын өсіруге тырысады. Әсіресе, құрылыс сала­сына алдын ала инвестиция сал­ған­дар пайдаға барынша кенелуді көздейді, – дейді Э.Шамсутдинов.

Оның айтуынша, нарықтағы сұраныс доллар бағамына тәуел­ді емес. Сұраныс дегеніміз – адам­дар­дың тұрғын үйге деген қажет­тілігі және мұндай қажет­тілік тө­мен­деген емес.

– Зейнетақы қорындағы шекті соманы тұрғын үй жағдайын жақ­сар­ту үшін шешіп алуды көзде­гендердің дені өткен жыл­дың соңында-ақ қимылдап үлгерді. Демек, шекті соманың негізгі бөлігі пайдаланылды. Сәуір айында бұған қатысты дүр­бе­лең мүлдем басылады. Бірақ ақпараттық дүрбелең кезінде бас­пана бағасы біз ойлағаннан да қым­баттап кетеді. Сондықтан ба­ғаның қашан тұрақталатынын болжау қиын. Дәл қазіргі жағ­дай­да көрші мемлекеттердегі жағдай мен халықтың сыртқы саяси ахуалға деген реакциясы тұрғын үй бағасына әсер етеді. Сондықтан форс-мажор жағ­дайында дүрбелеңге ермеген дұрыс. Десе де, тәжірибелі инвес­торлар осының өзін мүмкіндікке айналдырып кетеді. Менің айтарым, жылжымайтын мүлік шынымен қажет болса, онда оны қазір сатып алған абзал. Ал егер аса бір қажеттілік болмаса, әліптің артын баққан дұрыс, – дейді экономист.

Астаналық риэлтор Айдана Бейсекееваның айтуынша, доллар бағамының өзгеруі бірінші кезекте бастапқы нарықтағы үйлерге әсер етеді.

– Доллардың бағамы шетелден импортталатын құрылыс ма­териал­дарының бағасын қым­бат­татады. Сондықтан қазір біздің ішкі нарық іштен тынып тұр. Нарықтағы ойыншылардың бәрі бағамның тұрақталғанын күтеді. Демек, алдағы бірнеше аптада мәмі­лелер саны күрт кемиді. Қазіргідей алмағайып шақта на­рыққа болжам жасауға болмайды. Былтыр елдегі баспана бағасы 17 пайызға қымбаттады. Биыл да қымбаттайды. Қазірдің өзінде өсім бар және бұл жалғаса бермек, – дейді А.Бейсекеева.

Әлемдегі саяси жағдайдың жыл­­жымай­тын мүлік нарығына қатыс­­­ты әсері туралы Ұлттық эко­­но­мика министрі Әлібек Қуан­ты­ров та пікір білдірді. Оның айтуын­ша, жағдайдың күрт нашарлап неме­се күрт жақсарып кетуі де мүмкін. Бәрі Ресей мен Украина арасындағы келіссөздердің қалай аяқталарына байланысты.

– Қазір біздегі инфляция дәлізі 5-7 пайызды құрап отыр. Бәлкім, тағы 1-2 пайыз қосылуы мүмкін. Біз айтып жүрген негативтің салдары тіпті басқаша болуы да ықтимал. Сондықтан нақты бір­деңе айту қиын. Өйткені жағдай күрт нашарлап немесе күрт жақсарып кетуі ғажап емес. Бұл Ресей мен Украина тарапы жүргізіп жатқан келіссөздердің нәтижесіне байланысты. Екі ел арасындағы проблема шешілмей, созыла түскен са­­­йын оның эко­но­микаға деген кері әсері де ұлғая береді. Яғни жағдай жедел реттелсе ғана өңірдегі ел­дер­дің эко­номикасына келетін залал азая­ды. Мәселен, геосаяси жағ­­дай жылжымайтын мүлік на­ры­ғына әсер етуі мүмкін. Теңге әлсіреген кезде кейбір құрылыс ма­­териалдарының бағасына қы­сым күшейеді. Бірақ бүгінде біз құрылыс материалдарының кө­бін өзімізде шығарамыз. Кейбір материалдар бойынша жергілікті үлесті 80-100 пайызға дейін жет­кіздік. Бұрын Қазақстанда шы­ға­рыл­маған керамика, шыны се­кілді материалдардың импортын толықтай отандық өнімге алмастырдық, – деді Ә.Қуантыров.