Шайбалы хоккейден Гагарин кубогы жолындағы плей-офф бәсекелері басталды. Жарыстың алғашқы іріктеу кезеңіне қатысып жатқан елорданың «Барысы» сырт айдында Магнитогорскінің «Металлургымен» кездесіп, 3:2 есебімен басым түсті.
Тұрақты біріншіліктің биылғы ойындарында қарсылас шыдатпай, «Шығыс» конференциясын ғана емес, бүкіл лиганы бірінші орынмен қорытындылаған «Металлург» кешегі ойында «Барысқа» басымдық таныта алмады. Ойынның бірінші кезеңі тең дәрежеде өткенімен, екінші 20 минутта «Барыс» хоккейшілері есеп ашты. Голдың авторы – Бейжіңдегі Қысқы Олимпия ойындарында Словакия құрамасымен бірге қола жүлдені жеңіп алған Томаш Юрчо. Ал үшінші кезеңнің басында Якоб Лилья «Барыстың» басымдығын одан әрі арттырып, есепті 2:0-ге жеткізсе, 52-минутта Томаш Юрчо дубльдің авторы атанды.
Мұзайдын иелері сапынан бұл ойында елордалық команданың бұрынғы ойыншысы Линус Виделль мен Николай Голдобин бір-бір голмен көзге түсті. Екі команда арасындағы екінші матч бүгін де Магнитогорскідегі «Металлург Аренада» өтеді. Кейінгі екі ойын 5 және 7 наурызда елордада өтеді деп жоспарланған. Айта кетейік, плей-оффтың келесі кезеңіне төрт ойында жеңіске жеткен команда жолдама алады.