Орта салмақтағы IBF және IBO чемпиондық белбеуінің иегері қазақстандық Геннадий Головкин (41-1-1, 36 КО) мен екінші орта салмақтағы әлемнің абсолютті чемпионы мексикалық Сауль «Канело» Альварес (57-1-2, 39 КО) арасындағы үшінші жекпе-жек күзде өтеді.
Америкалық USA Today Sports+ басылымының мәліметінше, трилогия 17 қыркүйекке жоспарланған. Ал жекпе-жек екінші орта салмақ дәрежесінде (168 фунт) өтеді. Бұл кездесуде Альварестің төрт белбеуі сарапқа салынады. Трилогия боксшылардың бұған дейінгі екі айқасы өткен АҚШ-тың Лас-Вегас қаласында ұйымдастырылады деп жоспарлануда. Бір айта кетерлігі, екі боксшы арасындағы алғашқы айқас 2017 жылдың 16 қыркүйегінде, екіншісі 2018 жылдың 15 қыркүйегінде өткен еді.
Бұл жекпе-жекке дейін Головкин де, «Канело» да сәуір-мамыр айларында бір-бір кездесуден өткізеді. Отандасымыз сәуірде жапониялық Рёта Муратамен, Сауль Альварес 7 мамырда ресейлік Дмитрий Биволмен жұдырықтасады.