• RUB:
    5.05
  • USD:
    522.91
  • EUR:
    548.85
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2014

Серіктестіктің серпінді қадамы

546 рет
көрсетілді

Әлемдік экономикалық қауым­­дастықта бірлескен кәсіп­орындардың маңызы зор. Міне, осындай өзара ықпалдастық жағ­дайында жұмыс жасап жатқан «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС – Ақ­төбе өңірінен қара алтын өндіре­тін іргелі кәсіпорындардың қата­рына жатады. Оның құрыл­тай­шылары серіктестіктің 50 па­йыз акциясы пакетін ұстайтын «ҚазМұнайГаз»ҰК» АҚ және 50 пайыз акциясына иелік ететін «Caspian Investments Resources Ltd» компаниясы болып табылады. Ал, «Caspian Investments Resources Ltd» компаниясына «ЛУКОЙЛ Оверсиз» және «Sinopec» компаниялары тепе-тең­дік негізде қатысады. Серік­тестік облыстың Мұғалжар және Байғанин аудандары аумағын­дағы Әлібекмола мен Қожасай мұнай-газ конденсатты кен орын­дарын игеріп келеді. Бұл кен орын­дары Ақтөбе қаласынан 250-270 ша­қырым қашықтықта орналасқан. «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС Әлібекмола мен Қожасай кен орын­дарында көмірсутек шикі­затын өндірумен 1999 жылдан бастап айналысады. Құрылған күннен бастап компания өңірдің экономикалық дамуына елеулі үлес қосып келеді. Осы кен орындарынан қара алтынның алғашқы миллион тоннасы 2004 жылдың шілде айында өндірілді. Ал тура тоғыз жыл өткен соң, 2013 жылы Әлібекмола мен Қожасай мұнай-газ конденсатты кен орындарын қарқынды игерудің нәтижесінде кәсіпорын мерейлі 10 миллион тонна мұнай өндіру межесіне қол жеткізді. Бұл серіктестік мұнай өн­діру саласындағы көшбас­шы­лардың бірінен саналады. Сон­дай-ақ, ол әлеуметтік және кор­­поративтік жауапкершілігі жо­ғары деңгейдегі компания ре­­тін­де де танымал кәсіпорын. Мұн­­дай жетістіктердің негізі – ол адам фак­торы, атап айтқанда, қыз­мет­керлердің жоғары білікті­лігі, кә­сіптік шеберліктері, озық тех­но­логияларды игеруге деген құл­шынысы екенін айту орынды бол­мақ. Қазір серіктестікте 606 адам еңбек етеді. Соңғы екі жылда газ өңдеу зауытының пайдалануға бе­рілуіне байланысты жаңадан 100-ден астам жұмыс орны ашылды. Қуаты жылына 420 миллион текше метр газ өңдейтін кешен мұнайға ілеспе газды кәдеге жаратудың мемлекеттік бағдарламасын жүзеге асыру аясында іске қосылды. Ол Қо­жасай кен орнындағы газ дайындау және Әлібекмола кен ор­нындағы газды кешенді өң­деу қондырғылары сияқты екі нысаннан тұрады. Газ өңдеу кешенінде құрғақ тазартылған газ, техникалық пропан – бутан қоспасы, түйіршіктелген техникалық күкірт өндіріледі. Зауытты іске қосу нәтижесінде өндірілетін мұнайға ілеспе газды толық өңдеу мен кәдеге жаратуға, зиянды шығарындыларды азай­туға, экологиялық жағдайды жақ­сартуға және облыстың оң­түс­тігіндегі үлкен аймақты газ­дан­дыруға мүмкіншілік туды. Кәсіпорында халықаралық стандарттар талаптарына жауап беретін еңбек пен қорша­ған ортаның қауіпсіздігі бағдар­ла­масы енгізіліп, жүзеге асырылуда. «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС-нің газ өңдеу кешені нысандары бойынша мемлекеттік комиссияның жұмысы аясында және қондырғылардың жобалық қуаттарға шығарылуына байланысты 2014 жылдың басында Мұнай және газ вице-министрі М.Мырзағалиев газ дайындау және өңдеу нысандарында болып, кешеннің технологиялық жабдықтарымен, ілеспе мұнай газын кәдеге жарату процесімен танысты, «Мұнайшы» вахталық кентін көрді. Ол серіктестіктің серпінді дамып келе жатқанына ризашылығын білдірді. «Қазақойл Ақтөбе» ЖШС әлеуметтік бағдарламаларды жүзеге асыруға айрықша көңіл бөлетін кәсіпорын болып табылады. Компания денсаулық сақтау, білім беру, мәдениет ме­ке­мелеріне тұрақты түрде демеу­шілік көмек көрсетіп келеді. Серіктестік жетім балаларды да, дарынды жастарды да, талантты спортшыларды да, Ұлы Отан соғысы ардагерлерін де назардан тыс қалдырмайды. Мысалы, 2013 жылы Балаларды қорғау күні мұнайшылар Алға балалар үйіне кітаптар, өте қажетті тұрмыстық жабдықты – центрифуганы, ал жаңа жыл қарсаңында сыйлықтар тарту етті. Байғанин ауданының, Мұғалжар ауданы Батпақкөл селолық округінің, Ақтөбе қаласының әкімдіктеріне жыл бойы балаларды қорғау күні, республикалық «Мектепке жол» қайырымдылық акциясы аясында үлкен көмек көрсетілді. Байғанин ауданының балаларына жаңа жыл қарсаңында қысқы киім, жаңажылдық сыйлықтар тапсырылды. Компания жыл сайын Ақтөбе облысындағы қоғамдық ұйымдар мен қорларға қолұшын созып, қаржылай демеушілік жасап келеді. Олардың арасында Ауған соғысы интернационалист-жауын­­герлерінің Ақтөбе облыс­тық қоғамдық бірлестігі, Ақтөбе мүгедектер қоғамы, Қазақ зағип­тар қоғамының Ақтөбе бастауыш ұйымы, Мұғалжар ауданын қолдау және дамыту қоғамдық қоры, «Құтқарушы Ақтөбе» қоғамдық қоры бар. Интеграция игілігін көрудің бір мысалы осы. Ал, серіктестіктің бұл бағыттағы атқарған жұмыстары мұнымен шектелмейді. Жер- асты байлығын игеруге іркіліссіз кіріскен кәсіпорын өндірістік қуаттарын арттыра отырып, өндірілетін өнімдерді молайтуға бағыт ұстауда. Серіктестік құрылтайшылары өзара ынтымақтаса жұмыс іс­теу­­дің тым тәуір тәжірибесін қа­лыптастырып отыр. Олар өнді­ріс­ке осы заманғы озық технологияларды енгізіп, өндірілетін өнімнің өтімділігіне қол жеткізуде. Сон­дай-ақ, өңірдің экологиялық жағ­дайын жақсартуға да бағыт ұс­тауд­а. Осындай өздеріне де, өңір халқына да пайдалы істерімен ел экономикасының серпінді дамуына өзіндік үлесін қосуда. Бірлескен кәсіпорынның берекелі істері алда да жалғасын табатынына сенім мол. Сатыбалды СӘУІРБАЙ, «Егемен Қазақстан». Ақтөбе облысы.