• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
29 Наурыз, 2014

Әріптестік байланыстар әлеуеті зор

238 рет
көрсетілді

Тәуелсіз Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев алға тартқан интеграциялық идеялар мемлекетаралық ынтымақтастықты нығайту қадамдарына қуат беруде. Күні кеше астаналық Ақмола облысының әкімі Қосман Айтмұхаметовтің Канаданың Қазақстандағы Төтенше және өкілетті елшісі Стивен Миллермен кездесуінде осы мәселелер кеңінен талқыға салынып, нақты шешімдер қабылданды. Қабылдауда өңір басшысы ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласында бірлескен жобаларды жүзеге асыруда Канада Ақмола облысының сенімді әріптесі екендігін атап көрсетті. Мәселен, 2013 жылы облыстың Канадамен тауар айналымы 35,7 миллион АҚШ долларын құрап, 2012 жылмен салыстырғанда екі есе артық көрсеткішке қол жеткізілді. Айрықша көңіл қоярлық жұмыстың бірі ретінде, 2011-2013 жылдар аралығында, етті қара мал шаруашылығын дамыту бағдарламасы шеңберінде, Канададан 1781 бас асылтұқымды мал жеткізілгені атап өтілді. Қазіргі таңда озық технология талаптарында күтімге алынған малдан жоғары өнім алынуда. Соңғы екі жылдың төл төгімі нәтижесінде қосымша табындар қатары айтарлықтай көбейді. Сондай-ақ, бүгінгі күні Ақмола облысының ауыл шаруашылығы тауар өндірушілерінің балансында 693 бірлік канадалық озық техника бар. Оның жалпы құны 14,8 миллиард теңгені немесе 99,3 миллион АҚШ долларын құрап отыр. Кездесуге қатысушы жергілікті тауар өндірушілер мен ауыл шаруашылығы мамандары Ақмола өңірі мен Канада ғалымдары Шортанды ауданындағы А.И.Бараев атындағы ғылыми-зерттеу институтының базасында азықтық сояның аудандастырылған селекциясын жасауда бірлесіп жұмыс істеп келе жатқанына ризашылық білдірді. Түпкі мақсат – қатал климаттық жағдайда маңызды өнімнің 70-75 күнде пісіп-жетілуін қамтамасыз ету болып отыр. Өз кезегінде, Канаданың еліміздегі Төтенше және өкілетті елшісі Стивен Миллер байырғы әріптестік байланыстарды нығайтып,  аймақ шаруалары мен кәсіпкерлер қызметін өрістетуге мүдделі екендігін мәлімдеді. Сонымен бірге, ол мемлекетаралық интеграцияны дамыту мақсатында Ақмола облысының делегациясын Канадаға келіп қайтуға шақырды. Облыс әкімі елші ықыласына рахмет айтып, ауыл шаруашылығы мен өндіріс саласындағы ең соңғы жобалармен танысып, тәжірибе алмасу мақсатында Канадаға арнайы делегация баратынын айтты. Бақберген АМАЛБЕК, «Егемен Қазақстан». Ақмола облысы.