Жуырда «Атамекен» ҰКП алаңында туристік сала кәсіпкерлері салалық мемлекеттік органдармен бірге отандық музейлерді жаңғырту мәселелерін талқылады.
«Бүгінгі таңда музейлердің деңгейін туристік нарықтың қазіргі қажеттілігіне, әсіресе елдің мәдениетімен танысқысы келетін жас туристердің қызығушылықтарына бейімдеу қажет. Сондай-ақ қазіргі кезде музейлерді жаңғырту және музейге баратын туристер санын арттыру мәселесі өзекті болып қала береді. Орта есеппен алғанда, пандемияға дейінгі кезеңде еліміздегі 250 музейге күніне 74 адам барған екен. Бұл – өте төмен статистика», деп атап өтті «Атамекен» ҰКП Туристік сала комитетінің төрайымы Юлия Якупбаева.
Мәдениет және спорт министрлігі Мәдениет комитеті төрағасының орынбасары Мақсат Арғынбеков ведомствода мұражайлар жұмысының тиімділігін арттыруды жоспарлап отырғандарын айтты.
«Біз туристерді музейлерге де көптеп тартуды көздеп отырмыз, осыған сәйкес бірқатар шара қабылдануда. Музей қызметкерлерінің еңбекақысын көтеру мәселесі де пысықталып жатыр. Креативті экономика тұжырымдамасы аясында музейлерде қызықты өнімдерді енгізу міндеті қойылды. Қызметкерлерді ынталандыру үшін біз жүлде қоры қомақты байқауларды жиі өткіземіз. Өкінішке қарай, министрлік тарапынан көптеген іс-шара қаржыландырылмай, аяқсыз қалып жатады. Сондықтан демеушілерден қаражат тарту бойынша жұмыс істеп жатырмыз», деп атап өтті спикер.
Оның айтуынша, музейге кіру билеттерінің құнын жоғарылату мәселесі күн тәртібіне қойылған. Өйткені 200-300 теңге көлеміндегі баға бүгінгі нарық талаптарына сай келмейді.
Жиын барысында «Қалалық туризм орталығы» ЗТБ атқарушы директоры Татьяна Верницкая қалалық туризмді дамытуды зерттеу аясында анықталған бірқатар проблема туралы айтты.
«Қазіргі кезде бізде тақырыптық музейлер, нақты ғылымдар музейі жеткіліксіз. Көп жағдайда музейлер туроператорлардың тапсырысы бойынша тақырыптық экскурсияларды дайындамайды. Егер тақырыптық экскурсиялар ұйымдастырылатын болса, музейлерге келушілердің де саны артар еді. Сонымен қатар қазіргі таңда музейлердің коммерциялық жағын дамыту өзекті мәселе болып тұр», деді кәсіпкер.
Қолөнер шеберлері одағының жетекшісі Айжан Бекқұлова музейлер қолөнер шеберлері шеберлік сабақтарын өткізу, кәдесый өнімдерін жасау және тақырыптық іс-шараларды ұйымдастыру арқылы туристерді тарта алады деп пайымдайды.
Бизнес-қоғамдастық өкілдерінің бастамаларына қарамастан, бүгінде музейлердің коммерциялық қызметін дамытуда әкімшілік кедергілер бар екені де айтылды.
«Қазіргі кезде «Мәдениет туралы» заңға өзгерістер енгізілді. Өзгерістерге сәйкес ақылы қызметтер тізімі айтарлықтай қысқартылды. Яғни кәдесыйларды сату енді мүмкін емес. Ал музейдегі тамақтану орындарына келер болсақ, мұның бәрін музейлер емес, мемлекеттік мүлік департаменті реттейді. Біз оларға көрсетілетін қызметтердің сапасы туралы айта бастағанда, жалға алушылар бірден шу шығарады», деп атап өтті Ұлттық музей директорының орынбасары Абай Сатыбалдин.
Министрлік өкілдері қазіргі уақытта музейлердің жұмысын жетілдіру үшін олардың қызметін реттейтін нормативтік-құқықтық актілерді өзгерту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатқанын атап өтті. Кеңес қорытындысы бойынша барлық ұсыныс жиналып, министрлікке жіберілді.