Кез келген елдің тағдыры мен келешегі әскерімен тікелей байланысты. Басқаша айтсақ, армияның абыройы – мемлекеттің бет-беделі. Батыр Бауыржан Момышұлының «Тобыр – армия емес, армия да – тобыр емес» деген түсіне білгенге тіліп түсер тағылымды сөзі бар. Алайда кешегі елімізді дүрбелеңге салып, тәуелсіздігімізді теңселтіп кеткен қайғылы қаңтар қасіреті мен бүгін бүкіл әлемді екіге жарып, үрейде ұстап отырған Ресей мен Украина арасындағы соғыстан кейін әскеріміздің жоқ-жітігін қайта түгендей бастадық.
Армиямыздың әлеуеті қандай? Кәсіби армия құрудың алғышарты қандай болуы керек? Қоғамның талқысына түсіп жүрген осы және өзге де өзекті сұрақтарды дөңгелек үстел басында Қорғаныс министрлігі Стратегиялық даму департаментінің басшысы, полковник Русланбек БЕКЖІГІТОВ, Ұлттық қорғаныс университеті Бас штабы академиясы факультетінің басшысы, запастағы генерал-лейтенант Абай ТАСБОЛАТОВ, Л.Н.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті әскери кафедрасының басшысы, запастағы генерал-майор Еділ ОРАЗОВ, Ұлттық ұлан ардагері, «Генералдар кеңесі» РҚБ мүшесі, отставкідегі генерал-майор Дәулет САЛХАНОВ және әскери сарапшы Амангелді ҚҰРМЕТКЕ қойған едік.
– Кәсіби армия еліміздің қорғанысын қаншалықты нығайта алады? Жалпы, кәсіби армия құрудың алғышарты қандай болу керек?
Русланбек БЕКЖІГІТОВ:
– Ел Президенті – Қарулы Күштердің Жоғарғы Бас қолбасшысы Қ.Тоқаевтың тапсырмасына сәйкес Қазақстан армиясын реформалау бойынша кешенді жұмыстар жүргізілуде. Осыған орай Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жаңғырту, әскери дайындықты жетілдіру, заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жарақтандыру, цифрландыру ісін одан әрі жалғастыру, әскери инфрақұрылымды дамыту, әскери қызметтің беделін арттыру жөніндегі басым бағыттар айқындалды. Өткен жылы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін қажетті стратегиялық және бағдарламалық бірқатар құжат әзірленді. Бұл – 2021-2025 жылдарға арналған Ұлттық қауіпсіздік стратегиясының «Елдің қорғаныс қабілетін нығайту» бөлімі, Ел қорғанысының жаңа жоспары құжаттарының жиынтығы, 2030 жылға дейінгі Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылысы мен дамуының жаңа тұжырымдамасы. Осы жерде Тұжырымдаманы іске асыру тетіктерінің бірі Мемлекет басшысы бекіткен «Қауіпсіз ел» ұлттық жобасы екенін де айта кету керек.
Қазақстан армиясын сапалық тұрғыда жетілдіру міндеттері аясында жеке құрамның кәсіби шеберлігі мен білім-біліктілігін арттыру үдерісі жалғасуда. Әлемдік стандарттарға сай заманауи қару-жарақпен жабдықталып, кәсіби шеберлігі жоғары жеке құраммен жасақталған жауынгерлік әзірлігі мен қабілеті жоғары армияның болуы ұлттық қауіпсіздігіміз бен мемлекет мүддесін сенімді қорғау шарттарының бірі екені анық. Бүгінде Қазақстан Қарулы Күштерін жаңа үлгідегі және жаңғыртылған қару-жарақ пен әскери техника түрлерімен жабдықтау жұмыстары жалғасуда. Әскерлердің икемді басқару жүйесі қалыптасқан. Сол себепті, Қарулы Күштерімізді мемлекеттің тұрақтылығын қамтамасыз етуге даяр ұтқырлығы жоғары кәсіби әскер деп сеніммен айта аламыз. Алайда әскердің құрылыс процесі мұнымен шектелмейді. Бұл жерде армияны одан әрі дамыту мемлекеттің қауіпсіздігіне төнетін жаңа сын-қатерлер мен қауіптерді ескере отырып жүргізілетінін ескеру керек. Осыған сәйкес Қарулы Күштер қызметінің жаңа бағыттары ретінде Арнайы операциялар күштері, басқа жауынгерлік бөлімшелер мен аумақтық қорғанысты дамытуға басты басымдық беріліп отырғанын айта кеткен орынды. Әскерлерді келісімшарт бойынша жасақтау жүйесі де жүйелі түрде жетілдіріліп отырады. Қазіргі таңда Қазақстан Қарулы күштерін жасақтаудың аралас жүйесі енгізілген. Яғни азаматтарды әскерге мерзімді қызметке және келісімшарт бойынша шақырамыз.
Қарулы Күштердің қазіргі заман талабына жауап бере аларлық жаңа бейнесін қалыптастыруда осындай қажырлы жұмыстар жүргізіліп жатыр. Әлемдегі және өңірдегі әскери-саяси ахуалдың даму болжамдарын ескере отырып, армияны одан әрі жетілдіру мен оның әскери қауіпсіздікті қамтамасыз етудегі заманауи сын-қатерлерге, сондай-ақ дағдарыстық жағдайларға қарсы тұрарлық іс-қимылдарға әзірлігі бойынша нақты шаралар қабылдана бермек.
Еділ ОРАЗОВ:
– Әлемнің көптеген дамыған елі кәсіби армия ұстаудың тиімділігін іс жүзінде тексерді. Өздеріңіз білесіздер, Қазақстан халқының саны анау айтқандай көп емес. Сол себепті де еліміздің кәсіби армиясы ең алдымен өзінің қорғаныс қабілетін қамтамасыз етуі керек. Толығымен кәсіби армияға көшу мемлекет бюджетінен үлкен шығындарды талап етеді. Мұны да ескерген жөн. Кәсіби әскерге көшу туралы мәселе туындаған кезде көптеген дау, талқылау, шетелдік тәжірибені алдын ала зерделеу, белгілі сарапшылардың пікірін қарау, өз мүмкіндіктерін бағалау және т.б. болды. Осындай жан-жақты талқылаулар мен сараптамалардың нәтижелерінен кейін ғана армияны жасақтаудың аралас нысанына – келісімшарт негізінде әскери қызметке көшу және шақыру бойынша жасақтаудың белгілі бір пайызын сақтау туралы шешім қабылданды. Сонымен қатар бұл контингенттің үлесі мемлекеттің әскерге жұмылдыру қажеттілігіне байланысты болуы керек. Яғни бәрі таразыланып, ақылмен шешілді. Енді осы атқарылған ауқымды жұмыстың барлығын, жұмсалған қаржы-қаражат, әскерде жинақталған өндірістік тәжірибе, білім-білік, іскерлік пен қалыптасқан дағдының барлығын ысырап ету, бәрін бір сәтте жойып жіберу ақымақтық болар. Сондықтан «Армияны кәсібилендіру қажет пе?» деген сұрақты талқылаудың өзі артық. Өйткені бізде ішінара болса да кәсіби армия бар. Ендігі мәселе – осы жасақталған әскерді одан әрі жетілдіру және дамыту.
Амангелді ҚҰРМЕТ:
– Елдің қорғаныс қабілеті туралы сөз еткенде көптеген факторды ескеру қажет. Жалғыз Қарулы Күштер арқылы қорғанысты нығайтамын деу ақылға қонымсыз. Өйткені армия – әдетте сырттан төнетін қауіп-қатерге қарсы қолданылатын құрылым. Ал елді әлсіретуге тырысатындар іштен де шығуы мүмкін әрі олардың тәсілдері де сан түрлі болады. Айталық экономикалық мүддеге қайшы жұмыс істеу, әлеуметтік жағдайды әлсірету, ұлтаралық, дінаралық кикілжің ұйымдастыру, ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы халықтың билікке деген сенімін азайту тәрізді сансыз тәсілдер бар. Содан да болса керек 2017 жылы қабылданған Әскери доктринаға «гибридті күрес» дейтін ұғым енгізген. Онда «гибридті» күрес әдістері – қарсы күресетін мемлекет аумағындағы жағдайды тұрақсыздандыру үшін әскери күшті (оның ішінде қарсы тұрған тараптың аумағындағы арнайы операциялар, жекеменшік әскери, күзет компанияларының күштерін), әскери емес құралдарды кешенді қолдану, сондай-ақ басқа мемлекеттердің, террористік, экстремистік ұйымдар мен сепаратистік қозғалыстардың әлеуетін пайдалану арқылы әскери-саяси және әскери-стратегиялық мақсаттарға қол жеткізу тәсілдері» деп ашық сипатталған. Қаңтар оқиғалары елімізде осы гибридті тәсілдер қолданылғанын көрсетті. Сонымен қатар Қарулы Күштерден бастап, ішкі саясатқа жауапты мекемелерге дейін қапы қалғанын көрдік. Яғни «ұйқыдағы ұяшықтарды» назардан шығарып алғанымыз белгілі болды. Одан бөлек күштік құрылымдардың арасында үйлесімнің болмауы, барлау қызметінің тым нашар жұмыс істегені байқалды. Сондықтан қорғанысқа армия жалғыз өзі жауапты емес. Бірақ кәсіби армия – қорғаныстың ең басты құрамдас бөлігінің бірі. Онда да іс жүзінде кәсіби болса ғана алаңсыз ұйықтауға болады. Ең бастысы, кәсіби әскер жасақтау барысында адам өмірінің ең қымбат қазына екені ескерілуі тиіс. Әр сарбаздың өмірін сақтандыру, жараланса, мерт болса, нақты белгіленген өтемақы төлеу, армияға жұмсалатын қаржыға парламенттік бақылауды күшейту тәрізді қосымша шаралар да әскердің кәсібилігін арттыруға септігін тигізеді. Кәсіби армия жасақтау – кешенді іс. Әзірге бізде кәсіби армия құру жолында тәуір қадамдар бар. Бірақ әлі де олқы тұстары көп.
Абай ТАСБОЛАТОВ:
– Бұл сұраққа жауап бермес бұрын ең бірінші «кәсіби армия» деген сөздің мағынасын түсініп алғанымыз жөн. Өйткені қарапайым халықтың дені кәсіби және жай әскердің ара-жігін ажырата бермейді. Қазақстан әскері кәсіби армия қатарына кіреді. Себебі әскер құрамындағы офицерлер мен генералдардың барлығы кәсіби мамандар. Одан кейін келісімшарт бойынша жұмыс істейтін сержанттар, қатардағы жауынгерлер де кәсіби. Ал бір жылдық әскери борышын өтеуге келгендер кәсіби әскерилер емес. Олар еліміздегі әскердің 25 пайызын құрайды. Бұл көрсеткіш жыл сайын көбейіп келе жатыр. Мәселен, жыл сайын әскерге шақыруды кейінге қалдыруға немесе одан босатылуға негіздері жоқ 18-27 жасқа дейінгі Қазақстан азаматтары мерзiмдi әскери қызметке шақырылады. Әскери міндетін өтеуге келгендерді біз бір жыл бойы әскери тәртіпке, техниканың тілін түсініп, қару-жарақты қолдану дағдысына дайындаймыз. Бір жылдан кейін олардың барлығы запасқа кетеді. Ал егер әскер қатарында қалып, әрі қарай қызметін жалғастырғысы келсе, арнайы әскери білімін жетілдіру арқылы олар да кәсіби армияның құрамын толықтыра алады. Ал кәсіби әскердің ең басты шарты білікті әрі білімді кадрмен жасақталуымен айқындалады.
Дәулет САЛХАНОВ:
– Кәсіби армия құрудың алғышарты – Отанды, ел қорғауды жан-тәніңмен сүю. Батыр Баукең айтқандай, рухы мықты жауынгерді ешқандай жау ала алмайды. Сондықтан жастар тәрбиесінде ең алдымен отансүйгіштік тәрбиесі, елімізді, жерімізді ғасырлар бойы қорғаған батыр-бабаларымыздың жауынгерлік дәстүрі жалғасын табуға тиіс. Кәсіби армия дегенде қазіргі заманға сай техникалық жарақтандырылған әскери құрамалар мен бөлімдерді айтамыз. Кейінгі жылдарда жекелеген мемлекеттер арасында болып жатқан әскери қақтығыстар бұрын мықты деп саналып келген өздігінен жүретін ауыр техникалар мен артиллерияның ескіре бастағанын көрсетіп отыр. Соғыс өрті тұтанған аймақтарда дыбыстан жылдам ұшатын шабуылшы ұшақтар мен арнайы мақсаттағы жасақ құрамын жеткізетін тікұшақтар жойқын күшке ие бола бастады. Бұдан басқа алыс-жақын, орта қашықтарға арналған зымырандар кешенінің орны бір бөлек. Енді осы техникалық күштерге ұтқыр қимылдайтын әуе десанттары мен арнайы мақсаттағы жасақтарды қоссақ, кәсіби армия дегеніміз осы. Тағы бір айта кететін нәрсе, қорғаныс саласы да жыл сайын жаңартуды, жаңғыртуды, жаңа қару түрлерін ойлап табуды қажет етеді. Мәселен, Түркия елінің «Байрақтары» әуеден шабуыл жасайтын өте ыңғайлы, өте жойқын қару түрі екенін дәлелдеп үлгерді. Сондықтан осындай күшті қарулармен жарақтанған кәсіби армия еліміздің қорғанысын барынша қорғай алады.
– Әскер санын арттыру осы саладағы қордаланған мәселені шеше ала ма?
Русланбек БЕКЖІГІТОВ:
– Жалпы, әскерлердің құрамы әскери қауіпсіздікті қамтамасыз ету тапсырмаларын шешу үшін «қажеттілік пен жеткіліктілік» принципінің негізінде анықталады. Сонымен бірге бұл жерде мемлекеттің қатерлері мен мемлекеттің экономикалық мүмкіндіктерін де ескеру керек. Тағы бір негіз жаңа қару-жарақ пен техниканы қабылдау болып табылады. Қарулы Күштерді дамыту жоспарлы әскери-саяси жағдайдың болжамдары, заманауи әскери жағдайлар сипатының өзгеруі, қарулы күрес жүргізудің нысандары мен әдістері ескеріле отырып қалыптастырылады.
Осы тапсырмаларды шешу үшін Президент Жарлығымен Қарулы Күштердің, басқа да әскерлер мен әскери құралымдардың құрылысы мен даму тұжырымдамасы, армияны қайта жарақтандыру жоспары әзірленді. Аталған құжаттардың шеңберінде Қарулы Күштердің құрылымы мен құрамын жетілдіру, әскерлердің жауынгерлік мүмкіндіктерін арттыру, әскерлерді заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен біртіндеп қайта жарақтандыру қарастырылған.
Осыған байланысты Қорғаныс министрлігінде қажетті қосымша штаттық сан мен қаржыландыруды анықтау бойынша жұмыстар жүргізілуде. Өздеріңізге мәлім, Жоғарғы Бас қолбасшының Жарлығымен Арнайы операциялар күштері құрылды. Оны орындау мақсатында жаңа әскер тегінің ұйымдық-штаттық құрылымы дайындалды, жауынгерлік бөлімшелердің құрамы анықталды.
Амангелді ҚҰРМЕТ:
– Әскер санын арттыру қорғаныс саласындағы мәселелерді шешпейді, керісінше өршітіп жібереді. Өйткені сарбаз саны көбейген сайын Қарулы Күштерді ұстауға, жарақтандыруға, жаттықтыруға кететін қаржы да молаяды. Бұл өз кезегінде қоғамның өзге де салаларына бағытталуға тиіс қаржы көлемін кемітеді. Жауынгері көп армия құрамыз деп жүргенде қоғамда наразы көңіл күйдегі топтар мен радикалды күштер көбеюі мүмкін. Қорғаныс саласындағы басты мәселе жемқорлықпен байланысты. Әскерилердің армияны жабық құрылым ретінде ұстауы, қоғамдық бақылауға жол бермеуі түрлі заңсыздыққа жол ашады. Ал жемқорлық, сыбайластық жүрген жерде дұрыс бақылау болмайды. Мәселен, тәуелсіздік алғаннан бергі 30 жыл ішінде елдегі оқ-дәрі арсеналдары мен қоймалары әлі толық инвентаризациядан өткен жоқ. Білуімше, заманауи үлгіде бірде-бір әскери қойма салынған жоқ. Техникалардың ескіргені, сарбаздар дайындығының көңілдегідей болмауы, тіпті КСРО кезінен келе жатқан ұғымдардың өзгермеуі тәрізді мәселелер қорғаныс саласына кешенді реформа қажет екенін көрсетіп тұр. Бірақ мұндай реформа әскер санын ұлғайтумен немесе азайтумен ғана өлшенбейді. Реформа жемқорлыққа қарсы ымырасыз күрес пен Қазақстан жағдайына негізделген әскери ғылымды дамыту, заманауи технологияға ұмтылысқа негізделгені жөн.
Абай ТАСБОЛАТОВ:
– Әскер санын көбейтудің қажеті жоқ. Қаңтар оқиғаларынан кейін бұл сұрақтың өткір қойыла бастағанын түсінемін. Бірақ өз басым армия қатарын көбейтуді құптамаймын. Себебі қазіргі таңда бізде полиция мен ҰҚК-нің жеке құрамын санамағанда Қарулы Күштер, Шекара қызметі, Ұлттық ұлан, Мемлекеттік күзет қызметінде 150 мыңдай сарбаз бар. Бұған запастағы офицерлерді қосыңыз. Одан әрі бұл санды көбейте берудің дәл қазір ешқандай себебі жоқ.
Дәулет САЛХАНОВ:
– Әскер санын арттыру осы саладағы қордаланған мәселені шешеді деп ойламаймын. Әскер санын емес, жоғарыда айтқандай қару-жарақ пен әскер техникасының жаңа түрлерін көбейту ұтымды. Бұрын тұтас полк, батальон шешетін соғыс мәселесін қазір тез қимылдайтын шағын топтағы барлау және арнайы мақсаттағы жасақтар шеше алатын болды. Халық саны аз елдердің өзі жаңа қорғаныс қару түрлерінің арқасында өздерін өздері қорғай алатын дәрежеге жетті.
– Қазақстанның қорғаныс саласы заманауи қару-жарақтармен, әскери техникамен қаншалықты қамтамасыз етілген?
Русланбек БЕКЖІГІТОВ:
– Қарулы Күштерді заманауи қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау, сондай-ақ мемлекеттің әскери әлеуетін жетілдіру Жоғарғы Бас қолбасшының ұдайы бақылауында. Мемлекет басшысы 2022 жылғы 19 қаңтар күнгі сөйлеген сөзінде геосаяси жағдайды және өңірлік деңгейдегі қауіп-қатерлерді ескере отырып, Қарулы Күштердің жауынгерлік қабілетін түбегейлі арттыруды талап етті. Ол, сондай-ақ, әскери-көліктік авиация паркін толықтыру қажеттігін де баса айтты. 2022 жылға арналған қару-жарақ пен әскери техниканы сатып алу жоспарын қайта қарауды тапсырды. Қорғаныс министрлігінде Қазақстан армиясын заманауи, жоғары технологиялық қару-жарақпен және әскери техникамен жабдықтау жұмыстары тұрақты негізде жүргізіліп келеді. Бұл – Қарулы Күштердің алдында тұрған басым міндеттердің бірі. Мемлекет басшысының тапсырмасын іске асыру аясында әскери ведомство отандық қорғаныс-өнеркәсіп кешенімен өзара ықпалдаса отырып, әскерді техникалық тұрғыдан қайта жарақтау шараларын қабылдап жатыр. Бүгінде отандық кәсіпорындарда өндірілген «Арлан» брондалған дөңгелекті машиналары, зымыран-артиллериялық корабльдері, «Нұр» радиолокациялық стансалары жауынгерлік кезекшілікті лайықты атқарып келеді. Бұл тізімді жаңа үлгідегі байланыс құралдарымен, оптикалық көздеуіштермен, автомобилдік техникалармен де толықтыруға болады. Мұнан өзге осы отандық қорғаныс өнеркәсібі кешеніне қарасты кәсіпорындарда қару-жарақ пен әскери техникаларды күрделі жөндеу мен жаңғыртудан өткізу мүмкіндігі бар. Бұл ретте мемлекеттік қорғаныстық тапсырыс шеңберінде алыс-жақын шетелдерден соңғы қарулы қақтығыстарда өзін жақсы қырынан көрсеткен қару-жарақ пен әскери техника үлгілері сатып алынуда.
Еділ ОРАЗОВ:
– Жауынгерлік іс-қимылдардың нысандары мен әдістері күннен-күнге қарқынды дамып келеді. Осыған орай әскерді қазіргі заманғы қару-жарақ, әскери техникамен жабдықтаудың маңызы өте зор. Мемлекетіміз өз бюджетінің мүмкіндіктері негізінде бұл мақсаттарға қомақты қаражат бөліп келеді. Жалпы, кез келген ел, тіпті ең дамыған елдер де әскерге бөлінген қаржы өзінің қорғаныс қабілетін қамтамасыз ету үшін жеткілікті деп айта алмайды. Сол себепті де бұл сұраққа нақты жауап беру өте қиын. Өйткені біздің Қарулы Күштеріміздің қазіргі заманғы қару-жарақпен және әскери техникамен қаншалықты қамтамасыз етілгенін анықтау қиын. Бұл тұста қаруландыруға қабылдау үшін жоспарланған қару-жарақ пен әскери техника үлгілерінің технологиялық келешегі, олардың болашақта жаңғырту мүмкіндігі туралы, сондай-ақ олардың армиядағы үлгілермен үйлесімділігі туралы айту өзекті болар еді. Өкінішке қарай, бұрын бұл мәселелерде елдің қорғаныс қабілетін тиісті түрде нығайтуға мүмкіндік бермейтін белгілі бір қателіктер болғанын да жасыра алмаймыз.
Амангелді ҚҰРМЕТ:
– Өз басым Қазақстан Қарулы Күштерінің заманауи құрал-жабдықтармен, техникамен қамтамасыз етілуін орташа деңгейде деп бағалаймын. Айталық, біздегі танктер ескірді. Көбі 840 аттың күші бар Т-72Б танктері. Көрші-қолаң 1200 аттың күші бар техника қолданады. Біздің танктер 3++ буынынан кіретін болса, көптеген елдер кемі 4+ буынындағы танктерді қолданады. Атыс қаруларының да тоза бастағаны байқалады. Дегенмен оптикалық және байланыс құралдарының біршама заманауи үлгілерін алғанымыз рас. Жаңа саналатын ұшақтарымыз да бар. Бірақ тікұшақтарымыз ескіріп барады. Қарулы Күштердегі ең жаңа техника тек әскери теңіз күштерінде ме деп санаймын. Өйткені олар қолданатын кемелердің басым көпшілігін өзіміз құрастырып жүрміз. Сонымен қатар ең басты мәселе қорғаныс саласын заманауи техникамен, қару-жарақпен қамтамасыз етуде концептуалдық мәселе бар. Айталық жаяу әскер қолданатын барлау дрондары мен шабуылдаушы дрондарға енді қол жеткізіп жатсақ та, мини немесе наондрондар бізде жоқ. Мәселен, Батыс елдерінің бірқатары PD 100 Black Hornet минидрондарын пайдаланады. Әскерлер бұл құрал арқылы ғимарат ішінде жасырынғандарды, тасада отырғандарды анықтай алады. Алақандай ғана қуыстан өте шығатын құрал арнайы күштердің «көзі мен құлағына» айналып отыр. Қаңтардағы бүлік кезінде армияда да, ҰҚК мен ІІМ арнайы күштерінде де мұндай техниканың жоқ екеніне көзіміз жетті. Сол сияқты радиолокациялық және байланыс құралдарын жаңалауда да біршама кешігіп қалған сияқтымыз. Бірер жыл бұрын ғана «Нұр» РЛС-ін алдық. Әуе шабуылына қарсы қолданылатын зениттік-зымыран кешендерінің кейбір түрлеріне енді ғана қол жеткіздік. Оған мысал керек болса «Бук» ЗЗК-ні атар едім. Бұрын ол Қазақстан армиясында болмаған. Екі жыл бұрын ғана алдық. Қысқасы қорғаныс саласының заманауи техникамен қамтамасыз етілу деңгейіне көңілім толмайды. Ең бастысы сол техникаларды қолданатын мамандарымыздың даярлығы мен дербес шешім қабылдау қабілетіне күдігім көп.
Абай ТАСБОЛАТОВ:
– Әрине, көңілім толмайды. Бұл мәселеге қатысты сұрақтардың барлығы ел экономикасына келіп тіреледі. Мемлекеттік бюджеттен әскерге бөлінетін қаржы өте мардымсыз. Бізде жасыратыны жоқ, әуе қорғанысы, десантты шабуылдаушы әскердің техникаларын жаңалауға, заманауи құралдармен жабдықтауға ерекше көңіл бөлінеді. Бірақ ерекше айта кетерлік бір нәрсе бар, ол – елімізде әскерилерді әлеуметтік-материалдық тұрғыдан қолдау, баспанамен қамтамасыз ету мәселелері оң шешімін тапқан. Әрине, көш жүре түзеледі. Алдағы уақытта әскерилердің жалақы көлемін көтеруге де мән берген жөн.
Дәулет САЛХАНОВ:
– Қазақстанның қорғаныс саласы заманауи қару-жарақтармен, әскери техникамен толық қамтамасыз етілген деп айта алмаймын. Жақында ел Президенті бұл мәселенің өзекті екенін атап көрсетті. Барлау топтарын және арнайы мақсаттағы кәсіби жасақтармен көбейту керектігіне баса назар аударды.
– Әскерге бару – баршаға ортақ міндет. Алайда бұл қасиетті борышын өтеуден бас тартатындар көп. Неге? Әскерге неліктен көбіне ауыл балалары алынады?
Русланбек БЕКЖІГІТОВ:
– Меніңше, шекарасы шегенделген, әскери қуаты еселенген елде «Отанды кім қорғайды?» деген сұрақ тумауға тиіс деп білемін. Біздің жағдайымызда тәуелсіз Қазақстанның тыныштығын қазақ әскері қас қақпай қорғайтынына сенім зор. Қарулы Күштер міндеті – бізге ата-бабадан жеткен мұраны көздің қарашығындай қорғау. Бұл дегеніміз Алтайдан Каспийге дейінгі ұлан-ғайыр аумақты алып жатқан кең-байтақ жеріміз. Мәселе «кейінгі ұрпаққа не қалдырамыз?» болуы керек сияқты. Сол себепті, «Қасиетті борышын өтеуден бас тартатындар неге көп?» деген сұрақ туындамауы керек.
Қарулы Күштерді, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарды жасақтаудың негізгі бағыттарының бірі азаматтарды мерзімді әскери қызметке шақыру екені белгілі. Осыған сәйкес біз ең алдымен, жас жігіттерді мерзімді қызметке шақырудың алдында үлкен жұмыстар жүргіземіз. Әскер қатарына шақырылушылармен және олардың ата-аналарымен әңгімелесіп, адамгершілік, іскерлік қасиеттері, денсаулық жағдайы, дене дамуы, білімі мен арнаулы даярлығы, отбасылық жағдайы туралы мәліметтер нақтыланады. Тек, осы жұмыстардың қорытындысы бойынша әскер қатарына шақырылушыларды қай әскер түріне, тегіне жіберу туралы шақыру комиссияларының шешімі қабылданады.
Ал «әскерге неліктен көбіне ауыл балалары алынады?» деген сұраққа келсек, 2021 жылы отыз мыңнан астам жас мерзімді әскери қызметке шақырылды. Оның ішінде ауылдың да, қаланың да балалары жеткілікті. Конституциямызда көрсетілгендей, заң алдында жұрттың бәрі бірдей. Ешкімді тегіне, әлеуметтік, лауазымдық және мүліктік жағдайына, ұлтына, тіліне, дінге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жеріне бөлуге болмайды. Сол себепті, «мерзімді әскери қызметке көбіне ауылдың балалары алынады» деген пікір жаңсақ деп білемін. Оның үстіне қазіргі урбанизация жағдайында ауыл балаларынан гөрі қала балаларының саны артуда. Сонымен бірге Қарулы Күштер қатарында мерзімді әскери қызмет атқаруға деген қызығушылықты және оның беделін арттыру мақсатында Қорғаныс министрлігі бірқатар ұсыныс дайындауда. Атап айтқанда, қолданыстағы заңнамаға өзгерістер енгізу мүмкіндігін қарастырылды. Оның ішінде коммуналдық қызметтерге ақы төлеу кезінде мерзімді қызметтегі әскери қызметшілердің отбасы мүшелеріне (мерзімді әскери қызметті өткеру кезеңіне) қосымша жеңілдіктер беру, мерзімді әскери қызмет өткеру кезеңіне кредиттер («кредиттік демалыс») бойынша төлемдерді кейінге қалдыру, сондай-ақ білім беру секторында да жеңілдіктер беру көзделген. Одан бөлек, Қарулы Күштерде Президенттің 2021 жылғы 1 қыркүйектегі Жолдауында айтылған экономиканың нақты секторында талап етілетін жұмысшы мамандықтарын мерзімді әскери қызмет кезінде меңгеру жөніндегі тапсырмасы да іске асырылып жатыр.
Еділ ОРАЗОВ:
– Еліміздің Конституциясына сәйкес әскердегі қызмет – бұл әрбір азаматтың қасиетті және құрметті міндеті, ал «Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы» заңға сәйкес әскери қызмет – азаматтардың Отан алдындағы конституциялық борышын орындауымен байланысты мемлекеттік қызметтің ерекше түрі болып саналады. Ең алдымен, «әскерге барудан бәрі қашады» деген түсінік дұрыс емес екенін айтқым келеді. Бұл әрі шындыққа да жанаса бермейді. Себебі өз Отанының нағыз патриоттары саналы түрде, ықыласпен әрі үлкен қызығушылықпен Қарулы Күштері қатарында, басқа да әскерлері мен әскери құралымдарында қызмет етуге барады. Ал енді «Неге қашады?» деген сұраққа әскерде нақты жауап жоқ. Мүмкін, бұл мәселеге «Неге бұлай болды?» деген сауалға жауап іздеу арқылы келу керек болар.
Біріншіден, Одақтың күйреуімен армияда белгілі бір хаос пайда болды. Бұрынғы КСРО-ның барлық республикасының әскери қызметшілері бір мезетте өздерінің тарихи Отанына орала бастады. Әскердегі әлімжеттік, дезертирлік, әскери қылмыстар және басқа да көптеген жағымсыз құбылыстың элементтері айқын көріне бастады. Отанына оралған, бірақ белгіленген қызмет мерзімін аяқтамаған көптеген адам әскери бөлімдерге оралғысы келмеді. Әскери бөлімдердің командирлері, әскери комиссариаттар қашқындарды іздестіре бастады, құқық қорғау органдары оларды жауапкершілікке тарта бастады. Ең өкініштісі, осы құбылыстар толығымен Қазақстанда орналасқан әскери бөлімшелер мен бөлімдерде де көрініс тапты. Тәуелсіз Қазақстанның армиясы жаңа ғана құрылды, материалдық-техникалық қамтамасыз ету, казармалардағы тұрмысты жайластыру проблемалары және жағдайды жедел түзетуге мүмкіндік бермейтін басқа да көптеген қиындық кездесті. Еліміздің Қарулы Күштерін құрудың бастауында тұрған офицерлер мен генералдар және сол кезде қызмет еткен сарбаздар сол кезеңдегі барлық қиындықтарды әлі де ұмыта қойған жоқ. Қорғаныс министрлігі, мемлекеттің басқа да күштік құрылымдары әскерде қызмет ету үшін оның қазіргі жағдайына жету үшін көп жұмыс істеуге мәжбүр болды. Жоғарыда мен тізбелеп шыққан қиындықтар мен кедергілердің барлығы армияның имиджіне теріс әсер қалдырғаны анық. Бүгінгі күнге дейін қалып қойған армия туралы теріс пікір сол кездегі стандарттар бойынша және ең алдымен, психологиялық тұрғыдан сақталып қалғаны да рас. Мұндай алып-қашпа әңгімелердің арасында «әскерде әлімжеттік дендеп кеткен», «онда ұрып-соғады», «мүгедек боп қайтасың», «тұрмыстық жағдайы жоқ» деген сыңайлы теріс пікірлер бар. Егер қазіргі жағдайға тура қарап, нақты талдау жасап, объективті баға берер болсақ, іс жүзінде армиядағы бүгінгі жағдай мүлдем өзгеше екенін көруге болады. Рас, кемшілік мүлде жоқ емес, бар. Бірақ бұл бірлі-жарым кемшілік жүйелі түрде жіберілетін қателіктер емес және әскер қатарына келуге үзілді-кесілді бас тартуға себеп те бола аламайды.
Екінші себеп, менің ойымша, бұл 2000-жылдардың басында орта арнаулы оқу орындары мен орта мектептерде бастапқы әскери даярлықты (БӘД) оқытуды оңтайландыру мәселелерінде, іс жүзінде осы даярлыққа бөлінетін сағаттар санын екі есе қысқартқанда жіберілген елеулі қателіктерде жатыр. Бұлай істеуге мүлде болмайтын еді. Ойланбай қабылданған осы шешімдердің салдары мен ызғары әлі күнге дейін сезіліп тұрады. Отанды қорғайтын жас ұрпақты, болашақ ел қорғанын мектеп қабырғасынан, мектеп партасынан бастап дайындау керек. Отан қорғау деген қасиетті борышты балаға қаршадайынан санасына сіңіріп өсіру қажет. Баланың бұл арман-тілегі мектеп қабырғасында өтетін түрлі іс-шараларда ата-аналарының алдында патриоттық әндер айтып, отансүйгіштікке баулитын отты жырларды жатқа оқудан бастап қалыптаса бастайды. Бұл бағытта нақты бірнәрсе жасау ешқашан да кеш емес. Сол себепті жағдайды түзету керек.
Амангелді ҚҰРМЕТ:
– Әскерден қашатындар саны тым көп дей алмас едім. Оның үстіне қоғамда жұмысқа орналасуға пайдасы тиетін әскери билеттің «беделі» әлі де сақталған. Егер бұл тұрғыдан қарастырсақ, армия әлеуметтік лифт рөлін атқарып тұр. Сол себептен де болар, ауыл жастары әскерден бас тарта қоймайды. Ал қалтасы көтеретін азаматтардың балама түрде әскери борышын өтеу мүмкіндігі бар. Біріншіден, әскери кафедраларда оқығандар бұл міндеттен босатылады. Екіншіден, қаржысы бар азаматтар қысқа мерзімді оқу-жаттығу жиындарына қатысу арқылы әскери міндеттен құтыла алады. Дегенмен армиядағы әлімжеттік, заңға қайшы әрекеттер әлі де жойылмағанын мойындауымыз керек. Кейбір азаматтардың әскери қызметтен жалтаруына осы жағдай әсер етуі мүмкін. Ал өз басым жылына әскерге шақырылатын мыңдаған азаматтың ішінен 100-200 адам әскерден жалтарған болса, оны трагедия санамас едім. Өйткені жылына 32-34 мың азамат міндетті әскери борышын өтейді. Оның үстіне әскерден жалтарғандарға қатысты әр деректің себебі болуы мүмкін екенін ескеру қажет. Біреу ауылдан қалаға жұмыс іздеп кетіп, шақыруды алмауы мүмкін. Біреудің тұрақты тіркеуі өзгеріп кетуі ғажап емес. Ал мұндай жағдайда шақыруды алмағаны үшін жігіттерді айыптай салу қорғаныс істері департаменті мамандары үшін ең оңай жұмыс. Сондықтан әскери қызметтен саналы түрде бас тартатындар статистикасына өз басым бірден сенбеймін әрі әр оқиғаны жеке талдаған дұрыс.
Абай ТАСБОЛАТОВ:
– Мен 43 жылдан бері әскер саласында келе жатырмын. Осы уақыт ішінде талай қиындықты да, кедергілерді де өткердік. Алайда күні кеше бүкіл елімізді есеңгіретіп кеткен қаңтар оқиғасынан соң қарапайым халықта «Осы қайғылы оқиғалардан кейін жастар әскерге бара ма?», «Әскеріміздің абыройын сақтап қала аламыз ба?» деген сұрақтар өткір қойылып жүр. Сондықтан да біздің алдымызда атқарылуға тиіс ауқымды жұмыстар тұр. Оның ең басында халыққа, соның ішінде ертең ел тізгінін ұстар, ел қорғаны болар жастар арасында түсіндіру, насихат жұмыстарын жандандыру мәселелері тұр. Қазақстанның әрбір жасы қолына қару алып, тәуелсіз елін қорғауға жасқанбауы керек. Әрбір жігіттің жүрегінде «Осы борыш не үшін қажет?» деген дүдәмал сұрақ туындамауы тиіс. Өйткені еліміздің басты заңында «Қазақстан Республикасын қорғау – оның әрбір азаматының қасиетті парызы және міндеті» деп жазылған. Жалпы, «қазір әскерге ешкім бармайды» деп біржақты пікір айтуға болмайды. Мысалы әскерге шақырылған 10 жігіттің ішінде 2-3-уі ғана белгілі бір себептермен қатарға қосылмай қалады. Арасында расымен әскери борышын өткеруден қашқақтайтындары бар. Бірақ олар анау айтқандай көп емес. Қазіргі жастардың қиындықтан қашатыны да жасырын емес. Астында көлігі, тұрақты айлығы, әлеуметтік жағдайы жақсы жігіттер «сәнді де әнді өмірінің» бір жылын Отан қорғауға қиғысы келмейді. Ұйқысын қимайтын, спортпен шұғылданбайтын, жалқаулық кежегесін кері тарқан жастарға әскердің, әскери борыштың қажеті қанша?! Мұның түп-тамыры – отбасындағы тәрбиенің осалдығында, мектеп қабырғасында еңбекқұмарлыққа баулудың әлсіздігінде, жалпы қоғамдағы жастар мәселесінің солқылдақтығында жатыр.
Қарулы Күштердің ең басты міндеті – елімізді сыртқы жаудан қорғау. Жастарымыздың әскери борышын өтеуден қашуын Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Парламент Мәжілісінің отырысында да өзекті мәселе ретінде көтерді. Осыған орай қазіргі таңда Қорғаныс министрлігі жастарды әскери қызмет өткеруге ынталандыру, жеңілдік жасау мәселелеріне ерекше мән беріп, арнайы заң жобасын дайындап жатыр. Заң жобасында әскери борышын өтеп келген жастарға ЖОО-ға түсуге, жұмысқа орналасуға жеңілдік жасау мәселелері жан-жақты талқылануда.
Дәулет САЛХАНОВ:
– Әскерге барудан бас тартатындар өкінішке қарай қазір де бар. Дегенмен мұның ең басты себебі Отанды сүю, патриоттық тәрбиеге көңіл бөлу жағынан кемшін кеткен тұстар бар екенін көрсетеді. Кейбір теріс бағыттағы діни ағымдарға ілесіп жүргендер де бар. Мұның бәрі әскерге бару – ер адамның міндеті деген азаматтық борышты ұмыттырып барады. Әскерге неге көбіне ауыл балалары алынады дегенге келсек, бұл бұрыннан келе жатқан үрдіс. Ауылда өскен балалар шаруаға мығым, қиындыққа төзімді келеді, оның үстіне ауылдағы жұмыссыздықтың әсері де бар. Жұмыссыз адам әскерге барса, бос жүрмейтінін түсінеді. Бір жағынан шыңдалып, әскер мектебінен өтіп қайтатынын біледі. Қала балалары компьютерге үйір, шетелдерде оқып келуге бейім. Олардың көбі орта мектепті бітірген бойда жоғары оқу орындарына түсіп жатады. Он сегіз-он тоғыз жасында бірден әскерге бармаған жігіт кейін жасына жас қосылған соң әскерден бас тартқысы келіп тұрады. Оның үстіне әскердегі кейбір келеңсіздікті өсіріп айтатындар да баршылық.
– Әскери борышты өтеу мерзімін 2 жылға ұзарту керек деген ұсынысқа қалай қарайсыз?
Русланбек БЕКЖІГІТОВ:
– Қоғамда мерзімді қызметтің уақыты туралы қайшылықты әңгімелердің тұрақты көтерілетіні жасырын емес. Сонымен бірге әскерлердің жауынгерлік қабілеттілігін тиісті деңгейде ұстап тұруға, кіші әскери мамандарды даярлауға және оларды кейіннен тиімді пайдалануға кететін мемлекеттің шығындары мерзімді ұзартудың орындылығының негізгі критерийлері болып табылатынын да ұмытпауымыз керек. Бұл әскерлерді жарақтандыру үшін жеткізілетін қару-жарақ пен әскери техниканың күрделенуіне, әскери салаға ақпараттық технологиялардың кеңінен енгізілуіне, әскери даярланған резервтің жинақталуына да байланысты.
Кез келген идеяны практикалық тұрғыда жүзеге асыру үшін оған үлкен көлемдегі дайындық жұмыстары жүргізілуі керек. Бұл бастама ведомствоаралық деңгейде жан-жақты зерделеуді талап етеді және Мемлекет басшысы мен Үкімет тарапынан қолдау табуға тиіс. Сондай-ақ мұндай мәселелер қоғамда кеңінен талқылауға түсетінін де ұмытпаған жөн.
Еділ ОРАЗОВ:
– Жоқ, екі жылдық әскери мерзімге қайта оралудың қажеті жоқ! Еліміз үшін бір жыл оңтайлы қызмет мерзімі деп санаймын. Біріншіден, Үкіметке бір жылдық қызмет мерзіміне ауысу туралы түпкілікті шешім қабылдамас бұрын, жауапты уәкілетті органдар эксперименттің барлық «оң және теріс жақтарын» мұқият, ғылыми талдаумен есептеп берді. Шетелдік әскерлердің тәжірибесі де ескерілді. Содан кейін ғана Қазақстан Қарулы Күштерінде бір жылдық қызмет ету мерзіміне көшу жүзеге асырылды. Екіншіден, бұл мәселеде тағы біреулердің сарбаздарды 1 жылда емес, «үш аптаның ішінде» дайындауды ұсыну мүмкіндігін ескерген жөн. Міне, біз осыдан қорқуымыз керек.
Амангелді ҚҰРМЕТ:
– Әскери борышты өтеу мерзімін 2 жылға ұзарту жауынгер санын көбейтуге алып келеді. Борыш мерзімі екі жыл болғаны үшін жыл сайын шақырылатын азаматтар санын азайта алмаймыз. Ал әскер саны өссе, шығын да көбейеді. Сондықтан әскери борыш мерзімін 2 жылға ұзартуды құптамаймын. Тек бір жылдық мерзімде сарбаздарға не үйретілетінін, олардың қанша рет қарудан оқ ататынын, жаттығуға шығатынын, заманауи техникаларды қолдарына ұстап көретінін анықтау керек. Кейде бір жыл бойы бірде-бір рет оқ атпастан үйіне қайтатындар болады. Меніңше бұл жағдай әр командирдің дербес шешім қабылдауға тәуекел ете бермейтінін көрсетеді. Бәлкім ревизия жасалса оқ-дәріні шығындады деген айып тағылмас үшін жаттығуларға қатысты бұйрықты тек жоғарыдан күтетін шығар. Сөйтіп, бұйрық түспегені үшін дұрыс жаттығу жасатпауы да ғажап емес.
Дәулет САЛХАНОВ:
– Әскери борышты өтеу мерзімі бұрынғыдай екі жыл болуы керек. Отанды қорғау, әскери борышты екі жылдық мерзіммен атқару кәмелетке толған жастардың міндеті ретінде заңды құжаттармен бекітілуге тиіс. Қазіргідей бір жылдың ішінде жас сарбаз әскери өмірді, әскери қару-жарақты тез меңгеріп кете алмайды. Екі жылдық сарбаздық мерзім бұл өмірдің өзінде, әскери оқу-жаттығулардың барысында дәлелденген нәрсе.
Абай ТАСБОЛАТОВ:
– Әскери борышты өтеу мерзімін 2 жылға ұзарту керек деген мәселені талқылағанда асығыстыққа барудың қажеті жоқ. Жалпы, бұл ұсынысқа тереңінен қарау керек. Себебі әлем елдерінің көбі 1 жылдық әскери мерзімді таңдап отыр. Мәселен, Қытайдың өзі 1 жарым жылды таңдап алды. Ресейде – 1 жыл. Кәсіби әскер құрудағы басты шарттардың бірі де осы – мерзімі. Қатардағы жауынгерге әскери өмірдің негізгі талаптарын түсіндіріп, басты тәртібін – тәуліктік жасақ пен сабақ оқытуға бір жыл уақыт жеткілікті. Ал екі жылдық әскери мерзім бір шетінен мемлекетке де ауыртпалық түсіреді, екінші жағынан кадр дайындау үдерісін тежейді. Әрине, командир ретінде бізге 1,5 жыл өте ыңғайлы болар еді. Себебі әскер қатарына қосылған жасты нағыз сарбаз, толық жауынгер ретінде даярлықтан өткізіп болғанда оның кететін уақыты келеді де, әскери құрылым қатарын басқа жастар келіп толықтырып жатады. Мұндайда әсіресе офицерлердің діңкесі құриды. Әскери ортаға үйреніп, жауынгерлік дағдыларға бейімделген кәсіби жауынгер, мықты сарбазы нағыз дер шағында кетіп қалады. Бірақ екі жылдық әскери мерзімнің тағы бір мәселесі бар. Ол – әскердегі әлімжеттік.
Жалпы, әскер қатарына қосылған сарбазды толық жауынгерлік даярлықтан өткізу үшін бір жыл жеткілікті. Мемлекет басшысы, Жоғарғы Бас қолбасшымыз Қ.Тоқаев халыққа Жолдауында жастарға мамандық алудың тағы бір мүмкіндігі армияда берілуі қажет екенін айтқан болатын. Осыған орай қазіргі таңда Қорғаныс министрлігі мерзімді әскери қызметтегі сарбаздардың 41 мамандықтың 32-сін игеру мәселесін пысықтап жатыр.
Дөңгелек үстелді жүргізген
Бану ӘДІЛЖАН,
«Egemen Qazaqstan»