• RUB:
    5.06
  • USD:
    522.49
  • EUR:
    547.88
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2014

CӨЗ СОЙЫЛ

456 рет
көрсетілді

Әзіл - оспақ, сын - сықақ

1 сәуір – Күлкі күні

АШҚАРАҚ «БАЛА» Көңілім қатты алаңдар, Кредит деген «балам» бар. Өзгеден ол басқарақ, Өмірі тоймас, ашқарақ. Басқа балам ән десе, Ол «вкусым басқа» дейді. Барлық бала нан жесе, Бұл бәле тек ақша жейді. Дұшпандай бір өшіккен, Есептің бәрін біледі. Уәдеден бір күн кешіксең, «Учетчикке» іледі. «Әкеңді сыйла, шешеңді, Перзенттік қалқам жолды біл». Десем де бәле жібімейді, Тасжүрек «бала» болды бұл. Ашқарақ итке тұтылам, Қалайша одан құтылам, Үй-жайымды сатсам ба? Мылтық алып атсам ба? «Давай ақша, ақша» деп, Соңымнан қалмай үреді ит. «Нервті» әбден шайқады, Атаңа нәлет кредит!   «ДОЛЛАРЫМ» Шет жүрсем – сағынарым, Жабықсам – шағынарым. Долларым, бір өзіңсің – Табынарым. Қайырмасы: Долларым, шалқып күлсең, Алдымда ұзақ жүрсең – Жүрегім жыр толғайды, Көңілім ортаймайды, Доллары бар адамдар, Ешқашан қартаймайды. Фирмада сұңқарыңмын, Биржада шырқарыңмын, Бизнеске өзің қосқан, Тұлпарыңмын. Қайырмасы: Долларым, шалқып күлсең, Алдымда ұзақ жүрсең – Жүрегім жыр толғайды, Көңілім ортаймайды, Қарызы бар адамдар, Ешқашан қайтармайды. Қорғаным өзің деймін, Жан дауа сөзің деймін, Долларым сені ойласам, Көз ілмеймін... Қайырмасы: Долларым шалқып күлсең, Алдымда ұзақ жүрсең – Жүрегім жыр толғайды, Көңілім ортаймайды, Ақшасы бар адамдар, Түнімен карта ойнайды. Орынбасар ӘЛЖІК. ҚЫЗЫЛОРДА. _________________ БІРДЕ... Сұрағына орай жауабы Жазушылар Әбдiкәрiм Ахметов пен Қабдiкәрiм Ыдырысов бiраз жыл қызметтес болды. Қабекең Жазушылар одағының үшiншi хатшысы да, Әбекең «Жазушы» баспасының поэзия редакциясында редактор. – Осы Қабдiкәрiмнiң Әбдiкәрiмнен несi артық? – дейтiн көрiнедi жiгiттердiң бiрi әдейi жұрт не дер екен деп қуланып. Сонда жазушылардың бiрi: – Қабдiкәрiмнің Әбдiкәрiм­нен «Қ»-сы артық, – деп жауап берiптi.   Өкiнiш Жазушылар одағында талантты ақын Өтежан Нұрғалиевтiң шығармашылық есебi тыңдалып, әртүрлi пiкiр айтылды. Әрине, әсiресе көре алмайтындар мен Өтағаңды ұната қоймайтындар керi сөйлеп, керенау пiкiрлер  айтады. Сонда Қуағаң – Қуандық Шаңғытбаев кеш соңында Тахаңа – Тахауи Ахтановқа әзiлдеп: – Әй, Тахауи-ай, Өтежанды ауылда трәктiрiс болып жүрген жерiнен «сенен керемет ақын шығады» деп Алматыға алдырған өзің едiң, обалына қалдың ғой ендi, сол қалпымен жүре бергенiнде бұл қазiр бригадир болып жүретiн едi, – дейдi.   «Тайсатқанның» тапқырлығы «Жалын» баспасында iстеп жүрген кезiмде бiздiң редакцияға Алматының маңында тұратын, өлең жазатын бiр жiгiт жиi келетiн. Бiздiң жiгiттер одан соғымға тай сатып алыпты да, онысы арық болып шығыпты. Бiрде жаңағы жiгiт келгенде Қастек Баянбаев: – Алдап-сулап тай сатқан, Сақта, құдай, найсаптан! – дейдi. Сонда анау ойланбастан: – Көрмей-бiлмей алдың ба, Бұл шатқаның қай шатқан?! – деп шығып кетіптi.   Күмән Тоқаш Бердияров өзi онша ұната бермейтiн бiр танысы қайтыс болып жерлегелi жатқанда қолын артына ұстап ерсiлi-қарсылы жүрiп: – Мынадан Мұқағалиға сәлем айтып жiберсем, айтар ма екен, айтпас па екен? – дейдi.   Жар мен шар Бір топ жігіттер бильярд ойнап жатқанда ақын Темірше Сарыбаев домалап келе жатқан шарды өбектеп: – Келе ғой, жаным, кіре ғой, жаным, – дейтін көрінеді. Сонда Исраил Сапарбаев: – Сен шарды жарды аймала­ғандай аймалайды екенсің, – депті.   Немістердің әділдігі Қасым ағамыз соғыста жүр­генде жаудың оғы кепкен нандарына тиіп, қақ бөліпті. Сонда Қасекең: – Неміс деген халық әділ болады екен ғой, біз таласады деді ме екен, бір тілім нанымызды қақ бөліп берді ғой, – депті.   Арыстан мен Тұрымтай Ибрагим оқу бітіріп ауылда қызмет істеп жүргенде бір-екі рет үйіне масаңдау келсе керек. Соны аңғарған әкесі Ағытай: – Осы сен неге ішсең бұлғақтап қаласың? – депті. Сонда әкесінің де бір кездері қызғанын көрген Ибрагим ағамыз: – Арыстандай Ағытайды шайқалтқан арақ тұрымтайдай мені қайтсін! – депті. Серікбай ОСПАНҰЛЫ. ҚОСТАНАЙ. _________   ЕНДІ НЕ ІСТЕУГЕ БОЛАДЫ? Адам болған соң жер басып, асып-тасып, жан-жағыңа мейірiм шуағын шашып, шатыңды шатынатпай, көңiлiңдi көлеңке баспай, көңiлдi жүргенге не жетсiн! Тротуарды тырп-тырп басып келе жатыр едiм, ортасынан тiлiп жiберсе екi адам болып шыға келетiн еңгезердей еркек алдымнан шыға келдi. – Бұл жермен жүрмеңiз! – дедi ол салған жерден. – Е, жер астында алты жүз албасты жатыр ма? – Жоқ, тротуар менiң жеке меншiгiм. Анау жерге дейiн гос актiм бар. Пожалыста, әр қадамыңызға қырық теңге төлеп жүре берiңiз. – Өй, сен кiмсiң? – «Жол жиегi» ЖШС қыз­мет­керiмiн. – Атың кiм? – Жолдыбай. – Жолдыбай болмақ түгiлi, Асфальтбай болсаң да ары тұр! – Әр қадамыңызға қырық теңге! – Өй, құрып кетшi, әрi! – дедiм де, аялдамаға келдiм. Сөйтсем, мұнда автобус күтiп тұрғандар қораз сияқтанып, бiр аяқпен тұр бәрi. «Бұларға не бол­ған?» – деп ойланып үлгер­генiм­ше, бiр әйел жетiп келдi. – Мұнда тұрыңыз, бұл жер менiкi! Гос актiм бар! Мына жерлер платный! Бiр аяқтап тұрсаңыз отыз теңге, екi аяқпен тұрсаңыз алпыс теңге! – Сұмдық қой бұл! Қала әкiмi, жерком осындай сұмдыққа барған ба? Ақша бiтсе жекешелендiрiп, жер бiткендi сата беру керек пе? – Айқайламаңыз, – дедi әлгi әйел, – әне, бiр аяғы жоқ ақсақал да тұр ғой! Оларға «лгот» бар, жиырма тоғыз теңге төледi! Қайран алпауыттар-ай, қайран шенеунiктер-ай, аман болыңдар, әйтеуiр! Халықтың қамын қашан ойлайды екенсiңдер осы!  Көше­нiң арғы бетiне өтiп, келесi жол жиегiмен жын қаққандай, екi көзiм­нен қан аққандай аласұрып келе жатыр едiм, бiр кiсi жетiп келiп: – Әр қадамыңыз қырық бiр теңге! – дедi. – Сiзде ұят бар ма? – Бар. Еңбектеп жүрсем ше? – деп, жата қалып еңбектей берiп едiм, желкемнен бүрiп ұстап алған анау: – Еңбектегенiңе екi жүз теңге! – дедi. – Солай ма? Маған жер басып жүруге болмайды екен ғой! Алла тағала маған жер басып жүрудi сыйлаған. Оны да көп көрдiңдер ме? Осы қалада сатылмаған жер қалды ма өзi? Былай, iнiшек, менiң қадамым үлкен. Секiрiп-секiрiп қадамдар санын азайтсам, аз төлеймiн ғой? – Өзiңiз бiлесiз. Мен керi шегiндiм де секiрiп-секiрiп, жәй жүрiс қадамының жартысына ғана төлеп құтылдым. Содан, емiн-еркiн демалайыншы деп ойлап, саябаққа келейiн. Мұнда небiр кафе, құмар ойынханалар салынып тасталған екен! Адамдар демалатын жердi де бизнеске айналдырыпты! Бiр кезде бiреу келдi. – Сiз неғып тұрсыз? – Демалып. – Демалуға болмайды. – Неге? – Бұл жердiң ауасы жекешеленген. Мiне, мемлекеттiк актiсi де бар. – Сонда немене, ауа жұтпай тұншығып өлуiм керек пе? – Онда шаруам жоқ. – Ауа жұтқаныңызға жетпiс теңге. – Мен ауа жұтып тұрғаным жоқ. – Қалай? – Солай. Мен мүлде ауа жұт­паймын. Қаланың сасық ауасы дәрi ме маған? – Қалай тiрi жүрсiз, егер ауа жұтпасаңыз? – Кеше тауға барып, таза ауа көп жұтып, өкпемдi толтырып, «заправка» жасап алғанмын. – Ондай әзiлiңiз өзiңiзге! Кетiңiз бұл жерден! Салым суға кетiп, саябақтан шығып, көше жиегiндегi ағашқа сүйенiп тұр едiм, бiр шал шалқа­сынан түсердей баж ете қалды. – Е, не боп қалды? – деп сұрадым мен. – Ол ағашқа сүйкенуге болмайды! Ағаш менiкi! Жекешеленген! Құдайым-ау, мынау заман не болып кеттi өзi? Жер басып жүруге болмайды, ойнап-күлуге болмайды, қалай өмiр сүремiз? Ендi бiз құс емеспiз ғой, ұшып жүретiн? Үй жаққа келсем, көршiлерiм көп қабатты үйлерiне, терезелерi арқылы арқан тартысып, амалдап кiрiп жатыр екен! Бiр оңбаған подъезге кiре берiс жерге мемлекеттiк акт алып үлгерiптi. Ендi қайттiк? Мен сегiзiншi қабатта тұратын едiм. Балконда тұрған әйелiме айқайладым: – Ендiгi жылға дейiн көшеге шықпаңдар! Мен саты iздеуге кеттiм! – дедiм. Басқа не дейiн. Адам болған соң, өз Отаныңда жер басып жүргенге не жетсiн! Мұхтар ШЕРІМ. ШЫМКЕНТ. _________   СҰРАҚ-ЖАУАП – «Мықтының арты диірмен тартады» – деген сөз бар еді... – Ол баяғыда айтылып ескіріп, есі кетіп қалған тіркес. Қазіргісі «жемқорлардың жемсауы жеті қат жер астындағы мұнайды құбырсыз-ақ сорып алады». *  *  * – Бастығыңыздың қызметі дүркіреп тұрғанда барлық жақсы сөзіңізді сол кісіге арнап едіңіз, қызметінен ұшып кеткенде неге жамандай бастадыңыз? – Ол кезде оны айтуға бізде уақыт болды ма?.. *  *  * – Күнделікті тұтынатын тауарлардың бағасы тағы қымбаттады. Сонда арзан бірдеңе қалды ма? – Уәде және біз, демалып жүрген ауа мен су тегін. Соған тәубе деңіз. Егер ауа сатулы болса көрер едім қалай-қалай дем шығарғаныңды. *  *  * – Уақыт шауып өтіп бара жатқан арғымаққа ұқсайды. Мықтылар жалына жармасып мініп кетеді. – Бәсе, екеуміз ырғалып-жырғалып оған міне  алмай қалып, тезегін теріп жүретініміз содан екен-ау. *  *  * – Кедейдің асқазанынан байдікі өте мықты дейді. – Болса болар. Олардың кейде тау етегін тоғайымен, салынып жатқан үйлерді нобайымен жұтып жіберетіні бар. *  *  * – Пара алатын кезде сіздің алақаныңыз қыши ма, әлде оң қабағыңыз тарта ма? – Қалта телефоным әлсін-әлсін қоңыраулатып, құлағыма жағымды үн әкеледі. Жүніс ҚОҚЫШҰЛЫ. Алматы облысы. Гоголь көшесіне қалай баруға болады екен?.. «Вокруг смеха» журналынан алынды.   МЕРГЕНБАЙ АЙТҚАН ЕКЕН Күнәңді құдайға жаппа – Барлық нәрсе құдайдың дегенімен болады. Тіпті менің әрекеттерімді де менің қалауым бойынша жасылды деуге келмес, – деп насихат айтқан құр­дас молда Мамытбекті Мер­генбай одан әрі сөйлетеді. – Қой, айналайын, өзіңнің ақы­мақтығыңды құдайға жаппа! – деді Мекең. – Кеше құдайды ғайбаттаған парторг болып, бүгін молдаға айналған екіжүзділігіңе құдай кінәлі болмас, күнәңді өзің көтер.   Жауабы қиын сұрақ Көрші келіншек Шәрипа Мергенбайға келіп: – Осы бар ғой, Меке, сіз арақ ішпейсіз, ә? – деді. – Енді оның не керегі бар... – Ал менің Әзімім неге ішеді? – Енді оны өзінен сұрау керек емес пе? –  Оның айтатыны маған белгілі. Мың рет естігем. Маған сіздің айтқаныңыз керек, ол неге ішеді? – Менің әйелім басқаға барып осындай әңгіме айтатын болса, мен ішпек түгілі асылып өліп қалатын шығармын. Ал Әзімнің неге ішетінін білмедім... – депті Мергенбай.   Үмітіңді үзбе Жарас туысы таусыла сөйледі. – Орысқа үйлендім – ауылға жақпады, мұсылман біреу табылмады ма деді – ажырастым; грузинкаға үйлендім, оған қазақтар жақпады – ажырастым; неміске үйлендім, Германияға кетеміз деді, елден қайтіп кетейін дедім – ажырастым; қазаққа үйлендім, ол өзіме жақпады – ажырастым. Енді маған не дейсіз, Меке-ау?! – Не деуші едім, көп этносты республикамызда әлі де біраз халық бар ғой, аман болсаң, тағы да үйленерсің, – деді Мергенбай.   Қуатты пайдаланған жөн – Бір тілім нанның қуаты бір шақырым жүгіруге жетеді екен, – деді Қыдырәлі інісі. – Мұны Жәмилә жеңешеңе айтсаң төрт тілім нан жегізіп, Ахмет көкеңді күнде базарға жұмсап жүгіртер еді, – депті сонда Мергенбай құрдасын өз әңгімесіне араластырып. – Олардың үйі мен базардың арасы екі шақырым.   Дұрыс пен бұрыс – Меке аға, мен арақты тастадым. – Дұрыс қой. – Меке аға, мен темекіні де тастадым. – Енді бұл өте дұрыс. – Енді бұл тастауды аяғына дейін жеткізгім келіп тұр, – деді Кәдек. – Әйелді де тастаймын-ау. – Ал енді мұныңды дұрыс деуге менің аузым бармай тұр, – депті Мергенбай. – Дұрыс пен бұрыстың араласқаны жөн болар. Мамадияр ЖАҚЫП. АЛМАТЫ.   ДӘРІГЕРЛІК «ТҰШПАРА» Емханада: – Өліп бара жатырмын, көмек­тесіңізші, дәрігер... – Қайда жұмыс істейсіз? – Көмектесіңізші... – Жұмыс орныңызды айтсаңызшы енді. – Ол соншалықты маңызды ма? – Әрине, сіздің қандай жұмыс істейтініңізге қарап диагноз қоямыз ғой. *  *  * Дәрігер науқасқа: – Сіздің құрттаған тістеріңізді емдеу үшін, мына алтын тісіңізді жұлу керек. – Неге? – Енді, емнің ақшасын кім төлейді? *  *  * – Дәрігер, мен қанша мазасын алып, тынымсыз сөйлей берсем де, күйеуім үндемей отыра береді. Мүмкін, ол ауру шығар? – Ол  – ауру емес, талант! *  *  * Дәрігер әйелге: – Сіздің күйеуіңізге тыныштық керек. Мына ұйықтататын дәрілерді алыңыз. – Мұны оған жатар алдында беремін бе? – Жоқ, бұл дәрілер сізге арнал­ған, күнде таңертең ішесіз... _____________ Мүйісті жүргізетін Берік САДЫР