Жақында Қазақстанда Голливуд фильмдерін прокатқа шығару мәселесі шешіледі. Бұл туралы Мәдениет және спорт министрлігі хабарлады, деп хабарлайды Egemen.kz.
Кеше, 10 наурызда ҚР Мәдениет және спорт министрлігінде Дәурен Абаев еліміздегі киноиндустрияны дамыту мәселелері бойынша кеңес өткізді. Оған кинопрокат нарығында танылған отандық компания басшылары қатысқан.
«Қазіргі уақытта шетелдік компаниялармен барлық қажетті келіссөз жүргізіліп жатыр. Голливудтың үш студиясы - Universal Pictures, Warner Bros. және Paramount Pictures – бұрын бекітілген кестеге сәйкес қазақстандық көрерменге картиналарын ұсынуды жалғастырады.
Walt Disney Company және Sony компанияларымен отандық кинопрокатшылар ҚР МСМ қатысуымен тікелей келіссөздер жүргізіп жатыр. Тиісті келісімдерге қолжеткізу үшін айтарлықтай кедергілер жоқ», делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, келіссөздер нәтижесі мен қазақстандық кинотеатрлардың одан ары жұмысы туралы егжей-тегжейлі ақпарат қосымша хабарланады.