Түркіменстанда мерзімінен бұрын өткізілген президент сайлауында дауыс беру аяқталды, деп хабарлайды Egemen.kz.
Сайлау және референдумдар жөніндегі орталық комиссиясы 12 наурызда жергілікті уақыт 19-00-дегі мәлімет бойынша, сайлаушылардың 97,12% дауыс бергенін хабарлады. Ресми дерек бойынша, бүкіл облыс пен ел астанасында дауыс беруге келушілер 97% құраған. Бұл көрсеткіш шетелдегі учаскелерде 91 процентке жуықтайды.
Сарапшылардың көбі қазіргі президенттің ұлы 40 жастағы Сердар Бердімұхамедов айқын басымдықпен жеңіске жетеді деп болжайды. Саяси додаға одан басқа 8 үміткер қатысқан. Сердар Бердімұхамедов өткен жылдың 11-13 ақпанында вице-премьер, Жоғары бақылау палатасының төрағасы болып тағайындалып, Түрікменстанның Мемлекеттік қауіпсіздік кеңесінің құрамына енген.
Жаңа мемлекет басшысын ұлықтау рәсімі 19 наурызға белгіленіп отыр. Түркіменстанда президент 7 жыл мерзімге сайланады.