Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің алқа отырысында былтырғы жұмыстар қорытындыланып, Президенттің бақылауындағы экономика салалары мен мемлекеттік басқаруды цифрландыру бойынша маңызды міндеттер қарастырылды.
Цифрлы трансформация – жүйелі реформаларды іске асырудың, мемлекеттік басқаруды жетілдірудің және халық сенімін арттырудың түйінді құралдарының бірі. Бұл үрдісті барынша тиімді, қолайлы және өнімді іске асыру үшін Цифрлы офицерлер институты құрылып, былтыр цифрландыруға жауапты вице-министрлерге арналған (CDO) KPI жүйесі енгізілген еді.
«Әсіресе бүгінгі жағдайда CDO – инновациялық және технологиялық экономиканы қалыптастыру жолында жүйелі өзгерістердің драйвері. Олар өздері қадағалайтын салаларда, яғни ауыл шаруашылығы, өнеркәсіп, энергетика және тағы басқа салада инновацияларды енгізіп, жаһандық үрдістерден қалмай инновациялық экожүйені қалыптастырып, міндеттерді жүзеге асыру үшін отандық стартаптарды тарта отыра халықаралық BigTech компаниялар мен отандық ғылыми қауымдастықтың мүмкіндіктерін кеңінен пайдалану тиіс», деді Цифрлық даму, инновациялар және аэроғарыш өнеркәсібі министрі Бағдат Мусин.
Ведомство басшысы айтқандай, елді мекендерді интернетпен қамту, байланыс сапасын арттыру және ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету бағытында да біраз жұмыс атқарылды. Атап айтқанда, бас шаһар мен Алматы, Шымкент қалаларында сынақтан өткізіліп жатқан 5G буын технологиясын биыл осы қалаларда коммерциялық мақсатта енгізу көзделіп отыр. 2021 жылдың қорытындысына сәйкес, 1 257 ауыл талшықты-оптикалық байланыс желілері (ТОБЖ) арқылы кең жолақты интернетпен, 928 елді мекен мобильді интернетпен қамтылды.
Байланыс сапасын арттыруға да баса назар аударылып жатыр дейді министрлік өкілдері. Былтыр 611 елді мекенде мобильді интернет жақсартылса, биыл да 157 ауылдағы интернет сапасын арттыру жұмыстары жоспарланған. 2021 жылы ведомство мамандары байланыс сапасы бойынша 562 тексеріс жүргізіп, бекітілген параметрлерді бұзғаны үшін байланыс операторларына 132 млн теңге айыппұл салынды. Бұл орайда биыл сапасыз байланысқа айыппұл көлемін 1 500 АЕК-ке дейін көтеру жоспарда бар.
Қазір Каспий теңізінің түбінде ТОБЖ салу жұмыстары қолға алынып, бұл – елімізді Еуразия орталығындағы цифрлы хабқа айналдыру жолындағы маңызды және ауқымды жобалардың біріне айналдырады.
Сондай-ақ былтыр Қазақстан +997 телефонды кодын резервке алып, бірақ әлі де +7 аймағында қалу мүмкіндігі бар. Осы бағытта құзырлы орган мамандары ресейлік тараппен және Халықаралық электрбайланыс одағымен тиісті жұмыстар жүргізіп жатыр.
Мемлекеттік қызметтерді жетілдіру, бизнес-процестерге реинжиниринг жасау жұмыстары да қарқынды жүріп жатыр. Бұл орайда 110 бизнес-процеске анализ жасалып, қажетсіз үдерістер анықталды. Қазір өзекті процестерді цифрлау басталып, оң нәтижесі байқалып жатыр.
Бүгінде бірқатар маңызды мемлекеттік қызмет проактивті түрде көрсетіледі. Алайда министрдің айтуынша, барлық қызмет проактивті форматта ұсынылуы тиіс, демек азаматтар түрлі мекемелерге жүгініп, табан тоздырмауы керек. Осы бағытта министрлік 2022 жылы тағы 20 проактивті қызмет енгізуді жоспарлап отыр.
Алқа мәжілісі барысында еліміздегі аэроғарыш өнеркәсібі саласындағы мәселелер, геодезия және картография саласында атқарылып жатқан жұмыстар мен «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы аясында жүзеге асып жатқан жобалар, цифрлы сервистердің енгізілуі жөніндегі маңызды мәселелер пысықталып, жан-жақты талқыланды.