Облыс орталығының іргесіндегі Павлодар ауылындағы №40 жалпы білім беретін жаңа орта мектеп қаланың солтүстік бөлігінде орналасқан. Онда бүгінде 500 бала оқиды. Ауылда Қасым қажы мешіті салынды. Жергілікті тұрғындар жаңа мектептің бой көтеруіне үлес қосқан Парламент Мәжілісінің депутаты Тито Сыздықовқа рахмет айтуда. Дағдарыс уақытына қарамай, өткен жылы ашылған жаңа мектепке бұл күндері ауылдықтар, ата-аналар көл-көсір риза.
Қалаға жақын ауыл болғандықтан, жан-жақтан көшіп келушілер де көп. Ауыл әкімі Ирина Фогельдің айтуынша, соңғы бір-екі жылда елді мекенде 200-дей сәби өмірге келіпті. Бұл – жаңа мектепке келетін алғашқы бірінші сыныптықтар қатарын көбейтеді деген сөз. Былтыр қала әкімі Бақытжан Жоламанов мектепке “Жигули” жеңіл автокөлігін сыйға тартты. Республикалық бюджет есебінен салынған бұл мектепке 738 миллион теңге қаржы жұмсалды. Жаңа мектепте оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беру үшін қазіргі күні барлық жағдай жасалған, арнайы жабдықталған пән кабинеттері кең де жарық, компьютер сыныптары, үлкен асхана, спорт залы бар.
Фарида БЫҚАЙ,
ПАВЛОДАР.