• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
01 Сәуір, 2014

Шаңырақтың шуағы

505 рет
көрсетілді

Ана. Осы бір ауыз сөздің астарында құдіретке толы қаншама мағына жатыр десеңізші?! Өмірдің гүлі, жүректің жыры болған, тіршіліктің тірегіне, әр отбасының шуағына айналған, бәріміз үшін ардақты да асыл жан. Ол – ана. Анадан ардақты, одан құрметті де қасиетті адам жоқ. «Өмірдегі бар жақсылық күннің нұрынан, ананың ақ сүтінен жаралған», дейтін даналық сөз де сол үшін айтылған. Бұл енді адамзатпен бірге жасасып келе жатқан ақиқат. Көздеріне мейірім, жүрегіне жылылық тұнған асыл ана, ел анасы Қаншайым Исаева апаны көрген сайын сана-сезімім осы бір ой өрімдерін тағы бір дәлелдей түскендей болады. Ақ жаулығы бейнебір ақша бұлттай, нұрға малынған жүзінен мейірімділік ескен әжеймен әңгімелесудің өзі мен үшін үлкен мәртебе, зор құрмет дер едім. Тағдыр таразысында, басынан қиыншылық арылмайтын тұстарға жиі ұшырасқан қарт әже өзінің өмір тарихын тереңнен сөз етіп қозғады. «Біз, сонау қазақ халқының басына зобалаң туған жылдары дүниеге келген жандар, қиыншылықты көп көрдік қой. Балалық шақтың бал дәмін татпадық. Еңбекке ерте араласып, ерте есейдік. Аштықты да, сұм соғысты да көрдік. Жастық шағымызда тағдырдың ауыр жү­гін арқалай білдік. Несін айта­йын, қарағым, қиыншылық қыс­паққа алған заман еді ғой ол ке­зеңдер. Соған мойымай, төзе білдік. Оңаша отырғанда сан алуан ойға берілесің. Мына бейбіт заманға, бала-шағаның аман­дығына шүкіршілік етемін. Біз бала кезімізде Жиделі ауылында тұрдық. 1940 жылы жеті жылдық мектепті бітірдім. Соғыс басталған жылдары кәрі-жасқа қарамай бірдей колхоздағы еңбекке қызу араластық. Масақ теру, шөп шабу, мал бағу дейсің бе, не керек әйтеуір, бізден артылатын шаруа болған жоқ. «Бәрі де майдан үшін, бәрі де Жеңіс үшін» деген ұранды ту еттік қой. 1942 жылы отбасы жағдайына байланысты аудан орталығы Бақанас ауылына көшіп келдік. Сол жылдан бастап 1947 жылға дейін аудандық редакцияда есеп­ші болып қызмет еттім. Онын­шы класты кешкі мектепте оқып аяқтадым. Ол уақытта еңбекпен қатар, білімге деген құл­­шынысымыз да ерекше зор еді. Әрқашанда білуге, үйренуге талпынатынбыз. Соған қалай да уақыт табуға тырысатын едік. Кейіннен сауда техникумына сырттай оқуға түсіп, тәмамдадым. 1948 жылдан бастап, 1980 жылға дейін, яғни зейнеткерлікке шық­қанға дейін сауда саласында еңбек еттім. Соғыс жылдары халықтың әл-ауқаты өте нашар болды. Азық-түлік тапшы еді. Жан басына шаққанда 200 грамнан ғана нан берілетін. Ауылымыз суға тапшы еді. Ал, ылғал көзі болмаған соң көкөніс қайдан өссін?! Сол жылдары ауданға Дем­ченко деген ғалым келіп, Бақанастан академиялық бақты ашып, көшелерге ағаш ектіруді қолға алған еді. Содан бастап, аудан орталығының көркі кіріп, жасыл желекке орана бастады. Егілген ағаштарды құдықтан су тасып, қолдан суардық. Бұл қазіргі Д.А.Қонаев атындағы көше еді. Қазіргі өсіп тұрған жасыл желекке қарап, сол бір жылдары төккен теріміздің босқа кетпе­геніне қуанамын. Қазіргі қой үстіне бозторғай жұмыртқалаған заманда халықтың ішкені алдында, ішпегені артында. Елбасымыз Н.Ә.Назарбаев халықтың бағына туған тұлға ғой. Тәуелсіз еліміз күннен-күнге дамып, Қазақстан өзге елдерден көш бойы озық тұрған мемлекет болды. Аспанымыз ашық, бала-шағамыз аман, бауырымыз бүтін. Отбасының алтын діңгегі – ана үшін бұдан асқан бақыт болар ма, сірә?!» деп әжей әңгімесін аяқтады. Өмірі еңбекпен өрнектелген әңгіме кейіпкерінің туған жерге қосқан үлесі ескерусіз қалған емес. Бірнеше мемлекеттік марапаттар, Құрмет грамоталары мен Алғыс хаттар алған жан. Еңбек етіп жүрген жылдары ауылдық, аудан­дық кеңеске депутат болып сай­ланды. Халқының құрметіне бөленді. Қаншайым әже мен құдай қосқан қосағы Сейіт­кемел Смағұлов екеуі ұрпақ сүйіп, бала тәр­биелеп, өсіріп, ержеткізіп, отбасы, ошақ қасы бақытын да сезінді. Кіндігінен тараған төрт баласы бүгінде ел игілігіне қызмет етіп жүрген жандар. Үлкен қызы Мереке дәрігер болса, Гүлнары ұстаздық мамандығын серік еткен жан. Ал, ұлы Сайран аудан әкімінің орынбасары болып қызмет етуде. Ерланы жүргізуші. Төрт баладан 10 немере, 25 шөбере сүйіп отырған ардақты әжені мен тамырын тереңге тартып, жапырағын жайған бәйтерекке теңедім. Қаншайым апайдың тұлғасы менің көз алдыма жүрегі мейірімге қаншалықты толы болса, бойына соншалықты қажыр-қайраттылықты жиған, аялы ала­қанымен бесік тербетіп, бар ме­йірін айналасына шуақ етіп сеп­кен ел анасының бейнесін әкелді. Ағайын татулығынан бастап, бүкіл елдің береке-бірлігіне, жарасымды тірлігіне алтын қазық болған аналардың отбасындағы, бала тәрбиесі мен жалпы өмірдегі белсенді еңбегі, іс-әрекеті ғибратқа толы. Егер ер еліне, туып-өскен жеріне, отбасы, Отанына адал болса, ол ана сүтімен дарыған қасиеттің көрінісі. Өмірде жақ­сылық алға озып, жамандық жоғалып жатса, бұл да мейірім мен шапағаттың артқандығы. Адамдардың бір-біріне деген пейіл-ниет, ықылас-тілектері жарасым тапса ізгіліктің салтанат құрғаны. Ал мынау қысқа ғұмырда ана мейірімінен, ана жүрегінен, аялы алақаны мен нұрлы жүзі­нен ыстық, одан құдіретті нәрсе болмаса керек. Бүгінгі тәуел­сіз еліміздің еркін ұрпағын тәр­биелеуде де аналарымыз осы биік­терден төмендемегеніне, ата-баба дәстүріне адал екеніне әркез қуанамыз. Күмісбек ЕРБАЕВ, журналист. Алматы облысы, Балқаш ауданы, Бақанас ауылы.