• RUB:
    5.53
  • USD:
    474.57
  • EUR:
    513.63
Басты сайтқа өту
Әдебиет 14 Наурыз, 2022

Құла жорға немесе даңққа байланған тағдырлар

378 рет
көрсетілді

Ешкіөлместің етегіне Арқаның ақтан кері Біржан ат басын бұрып, «Бұл үйде Сара бар ма?! Келсін бері!» деп қиқуға басқанда, сүйріктей Сара ақшабақтай шоршып, қармаққа ілінбейді. Лажы құрып бара жатқан сал тал қармап, «қалап тиген күйеуіңді көрсет» деп, мұқатуға себеп іздейді.

«Келгенде Жиенқұлға шықпайды үнім!» деп ақтарылған ақын Сара қызыл тілге құшырын төге, бебеу жанын жұбата алмай ағыла жөнеледі.

Сәлем де Жиенқұлға келсін жатпай,

Келуге шошынады неден батпай?

Әркімнің қолда бары өзіне алтын,

Біржанға бір тырнағын

тұрмын сатпай.

Көрінсін Біржан салға ай секілді,

Ақ құйрық көңіл ашар шай секілді.

Ұсынса қол жетпейтін арғымағым,

Арғынға баламаймын тай секілді.

 

Асылым құдай берген өз бағыма,

Теңелмес жеті Біржан тырнағына.

Найманда

ол – дария, саяткерім,

Балық боп ілінемін қармағына.

 

Бесіннен қалмай жетсін жаны болса

Бөгелмей жете көрсін әлі болса!

Елден қайыр сұраған кедей Біржан,

Алмай ма мендей қызды малы болса!

 

Қажеке-ау, кісі жібер балаңызға,

Әзәзіл болды Біржан арамызға.

Сыртынан мақтасам да керек болды,

Көрсетпей жігітті ұрлап қаламыз ба?

Ес-аға, құла жорғаң барсын оған.

Ерттетіп, «Бежін» ерін салсын оған.

Елдің еңсесі салбырап, ұнжырғасы түсіп кеткен еді. Аққудың сұңғағындай талдырмаш бітімді аруға бәрі аянышпен қарады. Ол тордағы сайраған бұлбұл құстай көрінді. Сол кезде асқақ үнді салдың лебі алабұртқан көңіл мен аласұрған жүректерді шайқай жөнелді.

– Білесің арғын, найман тегіс затын.

Алашқа шығып еді Біржан атым.

Кісіге сен секілді малын шашпай,

Қазақ та қылады екен итті қатын.

 

Есімбек боққа сатпа асылыңды,

Сыйлай көр қызда болса нәсіліңді.

Ұқпасаң, «арғын жоқты айтты»

дерсің,

Есеке-ау, құлағыңа ал осынымды,

 

Қылайын көп ұзатпай сөзді қысқа.

Өлеңге жан көрмедім мұнан ұста.

Аты ұрғашы демесең қарындасың,

Адамның артығы екен осы тұста.

Біржан сал бағалағанындай адамның асылы – он сегізде ғана талшыбықтай бұралған ақын Сара болса, дәл сол тұста жылқының пырағы – жаңа ғана ақын Сара айтқан Есімбек қажының құла жорғасы еді.

... Он екі ата жалайырды жайғай­тын Сөктің ұлы Дүр төре мен Қамбар сұл­танның ұлы Найманхан Көксу өзенінің бойын мекен етіп, әуелден құтты қонысына ай­нал­дырған. Әкелері Қамбар сұлтан уағын­да Кенесары ханға қарсы Қопалы мен Аягөздегі патша әскерін астыртын жол­мен Пішпекке бастап апарған және ақ патшаға «Кенесары өлді» деп, алғаш хабар тигізген адам еді...

Ол заманда төрелер өздерін ақсүйек, көк мауыты санағандықтан қыздарын қаратабан жұртқа бермей төрелерге ұза­татын. Осы бір дәстүрмен екеуі құданда­ласып, балаларын отастыратын мәмілеге тоқтады. Найманханның қызы Дүрдің ұлына ұзатылатын болып шешілді. Сол уақытта Дүрдің босағасындағы су тө­гілмес асқан жорға құла құнан ел­дің көзін қызықтыратын. Бұл құлаға Жоны­қар таудың бөктерін жайлаған Тәнекенің ұлы Есімбек қажының да назары ауып, әукесі салбырай қарады. Кезінде әкесі Тәнеке Барақ сұлтан екеуі Кенесары-Наурызбайдың кегін қуып, қырғызды шауып, Төрекелді манапты тұтқындап қаматқаны; хан мен сұлтандардың, қазақ сарбаздарының қасі­ретті өлімі үшін құнын алған ерлігі – төре­лердің жатса-тұрса естерінен кетпейді. Әрі Ескелді бидің шөбересі Ұлбайдан ту­­ған жиені болып келетін Есімбек батыл қоз­ғалды. Қоржынына алтын білезік пен өзге де жылтырақтар салып, қанжығасына зер­тон бөктертіп, қос шабдар қасқа ат жете­летіп, Найманханға арнайы кісі жө­нелт­ті. Оған «жорғаны әпер» деп қолқа салды. Бұлай аяқты еркін көсуінің себебі, Най­манханның ұлы Қасен Есімбектің Тоқ­ба­ла деген қызын айттырып, үкі қадап кеткен.

Баянжүректен жеткен бұйымтайды жерге тастамай Найманхан жанына бала­ған құнаны екенін біле тұра Дүрге барды, бірақ құнанды ала алмады. Сосын лажы таусылған ол тығырықтан шығар жол іздеп, қаптағайдан келген сый-сыяпаттың үстіне тағы да тарту-таралғы қосып, және екі ат алып Есімбектің алдына мойны салбырап өзі жетті.

– Құдасын құдайындай көретін қазақ болғаннан соң, бір ауыз сөзіңе бола Дүр­ге бардым, әйткенмен, амал қанша, қолым­ды құр қайтарды. Енді өзіңе жайымды айтып, келіп тұрмын. – Таудай үйелмені сөлбірейіп, әтүйірі қаша сөйледі.

Алған бетінен қайтпайтын, көкейіне түйген нәстеден тайынбайтын Есімбек сарғыш өңі бозара қалып:

– Туысқаныңнан бір қылқұйрықтыны алуға жарамасаң, құдандалығымыздың еш қадірі жоқ, қызымды бермеймін, – деді сілейіп. Еңсесі түсіп, иіні құлап еліне оралған Найманхан Дүрге келіп:

– Іші боқ, сырты түк бір құнаныңды қи­мадың. Енді Есімбек құдалықты бұз­бақ. Сөзін жерге тастаған бізге қызын ұзат­пайтын түрі бар. Сенің алдыңда туысқан­дығым былай әрі құда бола тұрып, бір кісілік құнымның жоқ екенін көрдім, таудай басымды қадірлемедің, мен де сенен құдалықты бұзамын! – деді.

Мынаны естіген Дүр қипыжықтай бір бозарып, бір сазарып отырды да бәлеге қалдырған құнанды Найманханға жетектетіп жіберді. Сөйтіп Есімбек тізеге салып отырып, құла жорғаны 1863-жылы қолына түсірді.

Адымы аттан артық құла құнанды қа­жы үстінен құс ұшырмай мәпеледі. Бауы­ры жерге тиіп, көсіліп салатынын білді – аққан жорға. Дөненінде жануарға күш түсірмей, дөң де асырмады. Бестісінде баппен ғана мінді. Алты жасқа қараған қыста шілде терін алып, үлкен жарыстарға дайындады. Құла тізгінді сүзіп тастап жорғалағанда шапқан атты ілестірмей, қарқынына қарқын қосып, талықпай салатын болды. Нағыз көрген көзге тап тастайтын қаз мойынды, жарма жалға айналды.

Сол жылы кезінде Аягөзге аға сұлтан болған, Кенесары ханға жетегіне ереуіл ат ілестіріп, алты жүз азамат берген Ағадай­ұлы Бексұлтан төренің асына сауын айтылды. Бексұлтан төре бертінге дейін ар­ғы беттегі қазақ даласында жүргендіктен ол жақ­тан да кіл ығай мен сығайлар қота­рыла жетті. Бұл жарысқа қытайдың Қошуы­тынан да қалмақ жорғалары қатыс­қан еді. Көкше, Баянауыл, Кереку тарабынан да арғын, керей жиылып, құйрық-жалы сүзілген небір саңлақтарын үкілеп жіберді. Бірақ бәйге құла күліктің қанжығасында кетті. Соңынан шаңды шұбыртып, құлағы­ның түбінен бейпіл желді саулата нөпір қа­лыңның алдынан жануар жеке өтті. Тіз­гінді сүзіп, көзі тостағандай жанып алған.

Келесі жылы да Балпық бидің ұлы Тіленші қазының асында, кең қолтық ар­ғымақ, қара суды теріс ағызды. Байқор­жын сазында, құла жорға тағы бәйгеден бірінші келді. Мұны көрген Дүрдің іші қыз-қыз қай­нап, құдасына зілдене көзінің астымен қара­ды. Сұғы Найманханға емес, өлмелі әке­сіне тиген сияқты. Астан қайтқан ел Қамбар қарияның дәуірін теріс салғанын естіді.

Келер жылы Найманхан төренің әкесі Қамбар сұлтанның асында аттар күндік жерге айдалып, құла жорға қара тер сү­мек­теген сайын жұлдызша ағып, қара үзіп, лағып шықты. Қолтығы ақтаң керге ұласқан құла арғымақ құлағын қайшылап, үдете-үдете самғады. Ал Тәнекенің кіші ұлы Разбектің қара аты аламанда бас бәйгені алды.

Құдай саңлақтықты сүйегіне бітірме­геннен соң, қанша жемдесе де жабының тұлпар болмайтыны белгілі. Құла жорға арғымақтың ішіндегі артығы болып шықты: бір шүу деп кетсе он күн тынбай қарасүргін мініс беріп, жаратылысынан қабырғалы, белділігінен лауға талмай жүре беретін. Он күнде бір демалса, жетіп жатыр. Мұны жұрттың бәрі біліп, жылқысүрей сырқындылар үн-түнсіз басын шайқады. Дәл осы кезде қытайдың астана­сы Бейжіңде Цинь империясының басшылары Шыңжаң дүнгендері мен ұйғырларына қарсы соғыста үстемдікке жетіп, ұлттық той жасады. Оған ежелгі ымдас одақтасы орыстарды арнайы шақырды. Ол шақыртудың бірі Қопал уезі басқарма басшысы – Эрентальға да тиді. Жол ұзақ, атаман қытайға мініп баратын ат іздеді. Мінсе атқорасында сандақтар жетеді, жердің соншалық шалғайлылығынан жанын қажытпайтын жылқы керек еді. Төңірегіндегілер бірден Есімбектің құла жорғасын ауыздарына алды. Бірақ ояз мүдіре берді, мүдіретіні алғаш Қопалыға табаны тиген жылдары Тәнеке ордасын шауып, өзін аямай сабаған. Есімбектің де соққысы тигені жадында. Сол келеңсіз көрініс көз алдына көлбей тізбектелді. Бірақ одан бері неше заман өтті, қазір түкі­рігі жерге түспейтін ояз. Ызбары мен ыз­ғары кез келгенді ықтырып жібереді. Ай­бы­ны тасып тұрғанда қажыға кісі салды.

Қопаң-қопаң етіп, жирен торы мін­ген екеу Есімбек бидің ауылына түсті. Суырт­пақтатып отырып, ояздың сәлемін жеткізді. Сосын қажы ояздың уағында сойылы тисе де кек қумаған мырзалығын сыйлап, құла жорғаны Бейжіңге мініп баруға жетелетіп жіберді. Патша өкілі Бейжіңнен әдемі ер сатып ап, соны ерттеп, хан сарайының алдындағы алаңда атты шерумен өткен екен. Боғдыханның қабылдауына барып, қонақасын ішіпті. Келгеннен кейін «бежін» ерді құла жорғадан алмай, айшықты әбзелдерімен қажыға әкелдіріп салды. Қытай ері әспетімен құранды найман ерлерден оқшауланып көрінді. Сараның Біржанмен айтысындағы:

«Ес-аға құла жорғаң барсын оған,

Ерттетіп, «бежін» ерін салсын оған», – дегені, осы оқиғаны қамти айтқаны болатын.

Келер жылы жаз әлетінде бес-алты ат­ты Қопалыдан тіке шығып, Баянжүректің іргесіндегі Есімбектің ауылына түсті. Дәу­­леті тасқан бай-манаптың есігіне кім­дер келмейді? Әйткенмен мыналардың жүріс-тұрыстары оқшаулау, сөйтсе – қыр­­ғыздар. Қажының табалдырығынан «ас­салаумағалейкүм» деп әуендете енді. Төрге шығып жайласып, мән-жай сұраса бастады. Бұл келіп отырған Шабдан ма­нап­тың ұлы Мұқыш шора екен. Әкесі Жантай Тәнекемен сыйлас болған. Орыс­тың қысымынан үш матай елі ығып, қа­лың дулаттың арасына Қордай жаққа барғанда Тәнеке би атасы Жантай манаппен шығысып, екеуі сыйласып кеткен. Жантай қаптағайдың құрметтілерін бастап, қоқанның ханы Мәделіге апарған. Сонда Тәнеке мен Тастанбек отыз-отыздан алпыс арғымақ шығарып, ханға тарту-таралғы жасады. Сый-сыяпатпен келген ауған елді Мәделі жақсы қарсы алып, жадырай күлді. Төріне оздырып, арнайы қонақасы берді. Мәміле барысында қоқан ханы:

– Көшіп келген жерлеріңді мекендеп, айналадағы жұртпен тату тұрыңдар, – де­ді мейманасы тасыған қалыбын бүр­ке­мелемей. Өзінің де ілтипатын танытып, Тәнекенің үлкен ағасы, қыдыралының ақса­қалы Қалқабайға қодастың құйры­ғынан жасалған ту, құлшанның бас иесі Тастанбекке бағалы сый тарту етті.

Сөйтіп қуғыншылыққа түскен мезет­те аз уақыт матайлар дулат арасында сая тауып еді. Атажұрттан ауып мүсәпір хал кешкенде қырғыздың қамқорлығын ұмытпағандықтан құлын сойып, қол қусырып қарсы алды. Қонақасы үстінде мұртының шалғысын сұқ саусағының сыртымен дәміл-дәміл көтеріп қойып, Мұқыш та аталары мен әкелерінің достығын таң атқанша жыр ғылып айтты. Ертеңінде аттанарда бұйымтай сұрағанда, шаруасы құла жорға болып шықты.

– Есімбек көке, алыстан ат арытып жет­кендегі шаруам, даңқы мен дақпырты Жонықар алатауынан асып, сонау Тянь-Шань алатауына жеткен құла жорға. Қызы­ғын бір дәурен сіз көрдіңіз, енді бір дәурен біз көрейік, – деді айыр қалпақты шора. «Кезінде қоқанға алпыс арғымақ берген, бізге бір атты қияр» деген дәмесі зор. Тартынып қалса «жақсылықты ұмытқан қайырсыз» деп жазғырып, ата-бабасына ғана емес, қазақ халқының атына кір жағып кететінін ұғып, жанына балап, тақымына басқан құла жорғаның шылбырын қолдарына ұстатты. Сөйтіп құла жорға 1872-жылы Жетісудан қырғыз ауып кетті, сонда 11 жастағы ат еді.

Орыстарда жорға болмайды. Желіскер­лер, шоқырақтар шығады, ара-тұра жүйрік­тер де ұшырасты. Олар атты сабылтып, құс қанаты талатын қашыққа шаптырмай­ды. Оның үстіне жылқыны күш-көлік ре­тінде қабылдап, қасиетін толықтай ұғы­на қоймады. Сондықтан жорға дегенді білмейтін, өйткені олардың қолтума тұ­қы­мында жорға ныспы жоқ. Ат шауып же­те ал­майтын желіскер жылқылар көбіне пәуес­ке мен кашөбкіге шегілді. Себебі оның үстінде ұзақты күнге желісіне шыдап отыру үшін, қазақ болып туу керек. Осы­ны ұққан қырғыздар су төгілмес құла жорғаға Түркістан генерал-губернаторы К.Кауфманның тақымын бір тигізіп, жанын рақатқа бөлегілері келді. Сөйтіп өз­деріне қатысты шаруаларын реттеп алмақ.

Осы көкейіне түйген күлдібадамды тындыру үшін Шабдан манап әкелерінің достығын алға тартып, ұлын Мұздыбұлақ пен Баянжүрекке аттандырған еді.

Есте жоқ сонау ескі заманда 1786-жылы бабалары Әтеке жырық орыстың қол астына өтуді сұрап, Петерборға елші жіберген екен. Содан бері сарқылшықтар десе ұрпағының есі ауып, аңсары құ­лай бе­реді. Саяқ пен сарыбағышты бұрата­раның бодауына байлап бергісі бар. Ақырында немересі соны іске асырды. Бір кезде қара қырғыздың бүтіндігі мен мүддесін көздегендей болған Жантай манап, ақ патшаның ел ішіндегі азғырынды айуанына айналған. Орыстармен тонның ішкі бауындай болып кеткен Жантай манап пен оның ұлы Шабдан Тоқмақтың төңірегін уысында ұстады. Алайда Шабданнан күллі сарыбағыш сырт айналып, оның ішіндегі тынай ғана ықпалында қалған еді.

Міне, осы орысшыл озбыр топ, жақсы­лықты патша губернаторына жасағысы келді. Құла жорғаны жетелеп апарып, Азия атаманының алдына көлденең тартты. Константин Петрович фон Кауфман ерге қонып, үстінен су төгілмес жорғаның жанын тербеткеніне қатты сүйінді. Мынандай керемет тарту жасаған Шадман манапты ұлы Мұқыш екеуін арқасынан қақты.

Суреттей сымбатты көз тартар сыйлық­ты өзіне алып қалғанды жөн санамай, саң­лақтық сүйегіне біткен құла жорғаны ІІ Александр патшаға тарту ретінде Петерборға жіберді. Оның кереметтігін көріп, жер танабын қуырған адуынды екпініне сүйінген патша, желіскерлердің бәйгесіне қосты. Мұндай жарыстар жертезек мұжықтар қаптаған Ресейде аз, тіпті болмайды да. Сондықтан тақымы ақтан кер құланы Еуропалық елдердегі халықаралық бәйгелерге салды, жануар талай топты жарды. Жердің қысқалығынан кейде екінші, үшінші орын алып қалып жатты. Қазақ жылқысының жайын сүндетсіздер қайдан білсін... Бұл кезде айналасы екі дуанның аумағында ғана шабатын Құлагер енді-енді туып жатса керек...

Даңққа байланған тағдырлар үнемі даңғыл бола бермейді. Сана мен сүйекке біткен саңлақтық әмісе бақытқа бастай қой­майды. Құла асқан жорғалығынан туған жерінен қиянға біржола кіндігін үзіп кетті. Ақын Сара асқан саңлақтығынан өзін-өзі таба алмай, шерге батып, қысқа ғұмыр кешті. Біржан да қызыл тілге құшырын төккен орта жүздің бұлбұлы болса да, өкініш пен құсаға булығып өлді.

Кейде саңлақтардан сандақтар озып кетіп жатады...

 

Әділбек ЫБЫРАЙЫМҰЛЫ,

Халықаралық әдеби «Алаш» сыйлығының лауреаты