• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
Кино 15 Наурыз, 2022

Режиссер атындағы кинозал ашылды

420 рет
көрсетілді

Ұлттық киноның жан-жақты кәсіби дамуы жолында аянбай еңбек етіп, отандық кинематографияға «Шоқ пен Шер», «Омпа», «Қызжылаған», «Мұстафа Шоқай», «Аманат» секілді сом туындылар сыйлаған белгілі режиссер-драматург, Мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, Жорж Садуль атындағы халықаралық сыйлықтың иегері Сатыбалды Нарымбетов атындағы кинозал ашылды. Бұл – отандық кино тарихындағы елеулі оқиға.

Алматыдағы «Тұран» уни­вер­ситетінің «Кино және телевизия академиясы» аясында пайдалануға берілген кино­залдың ашылуына режиссердің қос қанаты – ұлдары Ескендір мен Мұхит Нарымбетовтер ғана емес, идеяны жүзеге асы­руға «Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы» мен Ш.Айманов атындағы «Қазақ­фильм» киностудиясы да атсалысып, отандық кино сала­сының қайраткерлері тұтас қолдау білдірген. «Әкем тек қазақ киносының тарихында ғана емес, әлемдік кинематография тарихында да өшпес із қалдырды. Бұл кинозалдың ашылуының үлкен мәні бар. Бүгінде барлық өнердің ішінде кино өнері алдыңғы орынға шығып, өскелең ұрпақты өзіне табындырып, маңызды тәрбие құралына айналып отырғандықтан, қазақстандық кейінгі жас буын отандық киноның алдыңғы легінде болған С.Нарымбетов туралы білуге тиіс. Сондықтан бұл оқиға әкемді мәңгі есте сақтаудың аз ғана үлесі деп білемін», деді кинозалдың салтанатты ашылу рәсімінде алғашқы сөздің тізгінін алған режиссердің ұлы, белгілі режиссер Ескендір Нарымбетов.

Кинозал бүгін ашылғаны­мен, режиссердің өзі ұзақ жыл­дар бойы «Тұран» универси­тетінің студенттеріне дә­ріс оқуға шақырылған. Универ­ситет ректоры Рахман Алшанов: «Режиссердің уақытының ты­ғыздығына байланысты кері шегеріле берген ұсыныстың орайы осылай келсе де, Саты­­балды ағамыз бәрібір универ­ситетімізге келді» деп, Кино академиясы үшін бұл залдың маңызы зор екенін атап өтті. «Елімізде 180 кинотеатр бар. Бүгінде кинопрокаттағы отандық кино үлесінің артып келе жатқанын ескерсек, көрермен үшін мұндай орындар керек», дейді ректор.

Салтанатты шараға Смағұл Елубай, Гүлнар Әбікеева, Рүс­тем Әбдіраш, Әлішер Сүлей­мен, Арман Әсенов, Болат Қа­лымбетов сынды әріптестері мен шәкірттері қатысып, аза­мат­тық көзқарасын айқын біл­ді­руді борышы санаған ре­жис­сердің күрескерлік қасиеті ту­ралы кеңінен баяндады. Әйгі­лі Наталья Аринбасарова, Пан­кратов-Черный, Юрий Ма­мин, Мариям Якубова уа­қыт өткен сайын орны ойсырап, қимастық пен сағыныш сезі­мін ұлғайта түскен тұлғаға де­­ген жүрекжарды естелігін ар­­найы дайындалған деректі фильм арқылы жолдады. Ада­ми болмысы, дарыны мен шы­ғар­машылығына байланысты жылы естеліктерін ортаға салды.

Кинозал заманауи құ­рыл­­ғылармен жабдықта­лып, ал­дағы уақытта бола­шақ режис­серлердің шығармашы­лық зертханасына айналдырып, кино өнеріне байланысты мәдени шаралар өткізу жоспарланған.

 

АЛМАТЫ