• RUB:
    4.85
  • USD:
    498.34
  • EUR:
    519.72
Басты сайтқа өту
Экономика 15 Наурыз, 2022

Қазақстан экономикасында өсім бар

572 рет
көрсетілді

Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Үкімет отырысында еліміздің 2022 жылғы қаңтар-ақпандағы әлеуметтік-экономикалық даму және республикалық бюджеттің атқарылу қорытындылары, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қаралды.

Міндет – экономиканың өсу қарқынын сақтау және жеделдету

Бірінші мәселе бойынша Ұлттық экономика министрі Әлібек Қуантыров, Ұлттық банктің төрағасы Ғалымжан Пір­матов, Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев баяндама жасады.

Қазақстанда биылғы екі айдың қоры­тындысы бойынша ІЖӨ өсімі 3,5%-ға дейін жеделдеді. Нақты сектор эконо­миканың тұрақты өсу драйверіне айналды. «Өнеркәсіп өндірісінің көлемі – 4,7%-ға, оның ішінде өңдеу өнеркәсібі 3,9%-ға артты. Фармацевтикада 17%, киім өндірісінде 12,8%, машина жасауда 9,2%, оның ішінде локомотивтер мен вагондар өндірісінде 23,8%, автомобиль жасауда 10,2%, пластмасса бұйымдары өндірісінде 8,7%, да­йын металл бұйымдары өндірісінде 4,4%, құрылыс материалдары өндірісінде 2,1% өсім байқалады», деді Ә.Смайылов.

Премьер-Министрдің айтуынша, экономиканың шикізаттық емес секторларындағы тұрақты инвестициялық белсенділік жедел экономикалық өсімнің негізгі факторына айналды. Кен өндіру саласын есепке алмағанда, инвестициялар 5,7%-ға өсті. Қаңтар-ақпан айларының қорытындысы бойынша Ақмола, Павлодар облыстарында және Нұр-Сұлтан қаласында барлық негізгі макрокөрсеткіш бойынша өсім байқалып отыр. Ең төмен көрсеткіштер Ақтөбе және Маңғыстау облыстарында тіркелді.

Ә.Смайылов қазіргідей күрделі кезеңде экономиканың өсу қарқынын сақтай отырып, әрі қарай жеделдету ма­ңызды міндет екенін атап өтті. «Халық­тың табысын арттыру, жұмыс орындарын құру және экономиканы әртараптандыру жұмыстарын барынша күшейту қажет. Бұл үшін Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес Үкімет 2022 жылға арналған Іс-қимыл бағдарламасын іске асыруда. Сондай-ақ Халықтың табысын арттыру бағдарламасы әзірленді. Мемлекеттік органдардың бірінші басшылары мен әкімдерге осы іс-шаралардың сапалы және тиімді орындалуын қатаң бақылауға алуды тапсырамын», деді Премьер-Министр.

Сонымен қатар әкімдер әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасын тұрақтандыруға ерекше көңіл бөлуге тиіс. Ол үшін қажетті тетіктердің бәрі бар. Сондай-ақ нарықтағы құбыл­малы жағдайды ескере отырып, Ұлттық экономика министрлігі мүдделі мем­лекеттік органдармен және әкімдіктермен бірге бақылауды күшейтіп, инфляция­ны тежеп, бағаларды ұстап тұру үшін қо­сымша іс-шараларды әзірлеуі қажет. Бұған қоса, қазіргі жағдайда іскерлік белсенділікті әрі қарай дамыту үшін индус­трияландыру жұмыстарын тиімді жүргі­зудің, экономикаға, әсіресе, шикізат­тық емес секторға инвестициялар тар­тудың, сондай-ақ шағын және орта биз­несті дамытудың маңызы зор. «Индус­трия, ауыл шаруашылығы, ұлттық эконо­мика министрліктері мен әкімдіктер бұл жұмысты айрықша бақылауда ұстауы қажет», деп тапсырды Ә.Смайылов.

Айта кетейік, қазіргі уақытта Үкімет жанында бизнес өкілдерінің қатысуымен Дағдарысқа қарсы шаралар жөніндегі жедел штаб жұмыс істейді. Оның отырыс­тарында туындаған барлық проблемалық мәселелер бірлесіп шешіледі.

Азық-түлік қауіпсіздігі алға шықты

Үкімет отырысында орта мерзімді кезеңге арналған азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету жоспары қаралды. Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қара­шөкеев, Ақмола облысының әкімі Ермек Маржықпаев, Ақтөбе облысының әкімі Оңдасын Оразалин, Алматы облысының әкімі Қанат Бозымбаев баяндама жасады.

Ауыл шаруашылығы министрі Ербол Қарашөкеевтің айтуынша, жоспар республиканың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету саласындағы мемлекеттік әлеуметтік-экономикалық саясаттың бар­лық негізгі бағытын қамтиды. Ұлттық қа­уіп­сіздік және агроөнеркәсіптік ке­шенді дамытуды мемлекеттік реттеу туралы заң­дарда азық-түлік қауіпсіздігін қам­та­масыз ету үшін үш өлшемшарт ай­қын­далған.

Бірінші өлшемшарт – бұл азық-түлік нарығындағы қолжетімділік дең­гейін сипаттайтын азық-түлікке нақты қол­же­тімділік. Екінші өлшемшарт – халықтың азық-түлік сатып алу мүмкіндігін сипаттайтын азық-түліктің экономикалық қолжетімділігі. Үшінші өлшемшарт – тамақ өнімдерінің қауіпсіздігі.

Министрдің айтуынша, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету салааралық сипатқа ие және барлық мүдделі тарап­тың үйлестірілген іс-қимылын талап етеді. «Жоспар үш негізгі бөлімнен тұ­рады, онда 31 іс-шараны орындау көз­дел­ген, оның ішінде 18-і нақты қолже­тімді­лікті, 6-ы экономикалық қауіпсіз­дікті қамтамасыз ету жөнінде және 7 іс-ша­ра өнімнің қауіпсіздігі мен сапасын қамта­ма­сыз етуге бағытталған», деді Е.Қара­шөкеев.

Бірінші бөлім ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайту жө­ніндегі іс-шараларды іске асырады және 18 іс-шараны, оның ішінде бір жедел және 17 орта мерзімді іс-шараны қамтиды. Негізгі іс-шараларға толығырақ тоқталып өткен министр үш жыл ішінде майлы дақылдар алаңдарын 3 млн гектардан 3,5 млн гектарға дейін, картоп алаңдарын 200 мың гектардан 215 мың гектарға дейін, жемдік дақылдарды 3,6 млн гектардан 4,2 млн гектарға дейін ұлғайту жо­лымен өсімдік шаруашылығында әрта­рап­тандыру жүргізілетінін атап өтті.

Сондай-ақ үш жыл ішінде ІҚМ басы 9 млн басқа дейін, ұсақ мал 20,1 млн басқа дейін, жылқы басы 4 млн басқа дейін және т. б. ұлғайтылады. «Картопты, көкөніс пен жеміс сақтау жөніндегі инвестициялық жобаларды іске асыру 2022 жылы сақтау қуатын 98,3 мың тоннаға, 2023 жылы 104,5 мың тоннаға, 2024 жылы 19,6 мың тоннаға арттыруға мүмкіндік береді», деді Е.Қарашөкеев.

Министрдің айтуынша, осы бөлімде азық-түлік тауарларын импортты алмас­тыру, АӨК өнімін өндіру мен тұтынудың нақты және болжамды теңгерімінің тал­дауы бойынша шаралар көзделген.

Екінші бөлім халықтың азық-түлік тауарларына тұтыну шығыстарының үлесін төмендету және бағаларды тұрақтандыру бойынша 5 жедел және бір орта мерзімді іс-шараларды жүзеге асыруға бағытталған. «Бұл азық-түлік тауарларының бағаларын болжау, әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларын сатушылар үшін сау­да нарықтарының жалдау ақысын төмендету, бағаларды әкімшілік реттеу­ден халықтың әлеуметтік осал топтарын атаулы қолдауға көшу бойынша ша­ралар әзірлеу, тұрақтандыру қорлары қызметінің тиімділігіне бағалау жүргізу, ауылдық жерлерде жұмыспен қамтуды ұлғайтудың жаңа нысандары арқылы кемінде 25 мың шаруашылық құру жолымен ауыл шаруашылығы жерлерінің айналымы, сондай-ақ жаңа суармалы жерлерді игеру сияқты іс-шараларды қамтиды», деді Е.Қарашөкеев.

Үшінші бөлім тұтынушыларды қауіпсіз өніммен қамтамасыз ету бойынша 4 жедел және 3 орта мерзімді іс-ша­раларды жүзеге асыруды көздейді. Зерт­теліп отырған импорттық өнімнің үле­сін 80%-ға дейін арттыру үшін тамақ өнімдерінің сапасы мен қауіпсіз­дігін бақылауды қамтамасыз ету, 2024 жылы отандық ветеринариялық және био­пре­параттардың үлесін 80%-ға дейін ұлғайту үшін қолда бар ветери­нария­лық және биопрепараттар өнді­ретін отандық кәсіпорындарды жаңғыр­ту және жаңаларын құру және басқа­лары. «Жоспарды іске асыру ұлттық қауіп­сіз­діктің маңызды құрамдас бөлігі ретінде азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге, азық-түлікпен қамтамасыз етілу деңгейін арттыруға, халықтың азық-түлік тауарларына шығыстарын төмендетуге және тұтынушыларды қауіпсіз өніммен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді», деп түйіндеді Е.Қарашөкеев.

Ақмола облысының әкімі Е.Мар­жық­­паевтың айтуынша, Азық-түлік қауіп­сіздігін қамтамасыз ету жоспарын іске асыру аясында өңірде 263 млрд теңгеге 48 маңызды инвестициялық жоба іске асырылады. Олар өсімдік майын 3,5 есеге, көкөністердің жылыжай өндірісін 3 есеге, сүт-тауарлы фермаларда шикі сүт өндірісін бір жарым есеге, еттің барлық түрін 25%-ға; ұн мен жарма өнімдерін 20%-ға арттыруға мүмкіндік береді. Сонымен қатар 5,5 мың тоннаға балық және форель уылдырығы мен бекіре тұқымын өсіру игерілетін болады.

Ақтөбе облысының әкімі О.Ораза­лин­­нің айтуынша, қазіргі уақытта Ақтөбе облысы негізгі 32 түрлі азық-түлік өнім­дерінің 24-і бойынша өзін-өзі қамта­масыз етеді. Қалған 8 түрі бойынша (қарақұмық жармасы, күріш, қант, тұз, сарымсақ, бұрыш, алма, балық) басқа өңірлерден және ішінара импорт арқылы жеткізілуде. «Қазіргі таңда аймақ ұн, нан өнімдерімен өз өндірісі есебінен толық қамтамасыз етілуде. Ұнды 2 элеватор өндіреді және де ішкі нарықты қамтып қоймай, экспортқа да өз өнімдерін шығаруда», деді О.Оразалин.

Алматы облысының әкімі Қанат Бозым­­баевтың айтуынша, азық-түлік қа­уіп­сіздігін қамтамасыз ету мақса­тында биыл ауыл шаруашылығы дақыл­дары­ның егіс көлемі 1,3 мың гектар­ға ұлғай­тылып, 974 мың гектарға жеткі­зіледі. Жалпы құны 75 млрд теңгені құрай­­тын 47 инвестициялық жоба іске асы­­рылады. Атап айтқанда, импортты алмас­тыру міндеті аясында «Прима Құс» ком­пания­сының жылына 36 мың тон­на ет өндіре­тін құс фабрикасы салынуда, ин­вести­ция көлемі – 34 млрд теңге. 1 мың гектар­ға қарқынды бақ салу бойын­ша құны 33 млрд теңгелік жоба іске асы­рылу­да. Сыйымдылығы 6 мың тонна жеміс сақтау қоймасы салынды. Соны­мен қатар биыл 11,4 мың тонналық тағы 4 жеміс сақ­тау нысанын іске қосу көзде­луде. 34 млрд теңгеге жеміс-жидек клас­тері­нің инфра­құрылымы салынып жатыр. «Көкө­ністер­ді жыл бойы өндіруге көшу үшін 4,7 гек­тарда өнеркәсіптік жылыжай іс­ке қосы­лады. Осылайша, облыста жылы­жай кө­көністерін өндіру көлемі 35 мың тоннаға дейін жеткізіледі», деді Қ.Бо­зымбаев.

Халық азық-түліктен тапшылық көрмейді

Мәселені Үкімет басшысы Әлихан Смайылов қорытындылады. Оның айтуын­ша, соңғы жылдарда бүкіл әлемде азық-түлік тауарларына деген сұраныс пен оның бағасы күрт өсіп барады. Сон­дықтан отандық ауыл шаруашылығы өнім­дерін өндіру мен қайта өңдеу арқылы ішкі нарықты азық-түлік тауарларымен қам­та­масыз ету бірінші орынға шығып отыр.

Премьер-Министр атап өткендей, өндіріс көлемі ұлғайтылмаса, тұтынудың өсуі сөзсіз импортқа тәуелділікке және азық-түлік қауіпсіздігі деңгейінің төмендеуіне әкеледі. «Мемлекет басшысы ағымдағы сын-қатерлер мен тәуекелдерді ескере отырып, азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етудің маңыздылығын бірнеше рет атап көрсетті. Осыған байланысты тиісті Жоспар әзірленген болатын. Қазіргі жағдайда бұл құжаттың маңыздылығы одан сайын арта түскенін көріп отырмыз», деді Ә.Смайылов.

Азық-түлік қауіпсіздігі мәселесі – еліміздің ұлттық қауіпсіздігін қамтамасыз етудің басты шарттарының бірі. Бүгінде Қазақстан негізгі азық-түлік тауарларымен толық көлемде қамтамасыз етілген және қазір ешқандай да алаңдаудың қажеті жоқ. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету мәселелерінде бірінші кезек­тегі міндет – азық-түлік тауарлары­­ның нақты қолжетімділігін, олардың дү­кендер мен базарлардың сөрелерін­де жеткілікті болуын қамтамасыз ету. Осы бағытта жоспарда көзделген іс-ша­ралар егіс алқаптарын әртараптан­дыру, мал шаруашылығын кешенді дамыту, жаңа инвестициялық жобаларды іске асыру, сақтау және логис­тика инфрақұ­рылымын дамыту есебінен жүзеге асырылатын ауыл шаруашылығы өнімдері өндірісінің көлемін ұлғайтуға бағытталған.

Премьер-Министрдің айтуынша, нарықты азық-түлікпен толықтыру шаралары азық-түлік өндірісі мен тұтыну теңгерімін ескере отырып жүргізілуге тиіс. «Бағаны реттеудің қолданыстағы механизмдерінің тиімділігін бағалау керек. Сондай-ақ бағаларды әкімшілік реттеуден халықтың әлеуметтік жағынан аз қамтылған топтарын адрестік қолдауға көшу үшін ұсыныстар дайындау қажет. Бағаларды әкімшілік механизмдермен ұстап тұру нарықтық тәсілдерге жатпайтынын білеміз, сондықтан бағаларды тұрақтандырудың басқа да әдістерін қолдану қажет», деді Ә.Смайылов.

Оның айтуынша, жоспар аясында форвардтық жеткізулер жүйесін да­мыта отырып, АӨК және сауда субъек­тілерінің арасында ұзақ мерзімді тұрақты шаруашылық байланыстарды орнату шараларын да қарастыру керек. Азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуде шығарылатын тамақ өнімдерінің сапасы да маңызды орын алады. Бұл бағытта ветеринарлық және фитосанитарлық бақылау, тамақ өнімдерін сертификаттау жұмыстарын жетілдірудің маңызы зор.

Ә.Смайылов сондай-ақ аграрлық ғы­лымды дамыту қажет екенін атап өтті. «Ғылыми зерттеу процестерінің ин­теграциясын, кадр дайындау және ғылыми жетістіктерді өндіріске енгізуді қамтамасыз ету керек. Бұл үшін жоспарда аграрлық университеттер базасында құрамына аграрлық ғылыми институттар мен тәжірибелік шаруашылықтарды қоса отырып, зерттеу орталықтарын құру бойынша нақты міндеттерді қарастыру қажет», деді Премьер-Министр.

Бұған қоса, Жоспарда көзделген іс-шаралар Өңірлік даму жоспарларында да қамтылуы керек. «Облыс әкімдеріне азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету бойынша нақты KPI бекітілуге тиіс», деп түйіндеді Ә.Смайылов.