• RUB:
    5.5
  • USD:
    474.83
  • EUR:
    515.38
Басты сайтқа өту
Аймақтар 16 Наурыз, 2022

Атакентте су басу қаупі туындады

256 рет
көрсетілді

Демалыс күндері толассыз жауған жаңбырдың және егістік алқаптарды сор шаюдың ағын суларынан Мақтаарал ауданы Атакент кентінде су басу қаупі туындады. Оған №32 «Батыс» коллекторына су толып, ернеуінен асып кетуі де өз септігін тигізген. Аудандық төтенше жағдайлар мен азаматтық қорғаудың инженерлік құрылымының арнайы техникалары шұғыл жетіп, К-18 каналы мен коллекторлар аралығындағы 100 метр жері қазылып, жинақталған сулар №43 «Шығыс» коллекторына тасталды.

Мақтаарал аудандық шекара басқармасының келісімімен Өзбекстан Республикасымен шектесетін шекараның бейтарап аумағындағы «Шығыс» коллекторының екі жағында орна­тылған темір торлары алы­нып, су өткізгіш қабілетті арт­тырылды. Атакент кентінің егістік алқаптардың аяқ жағы­нан өнімділігі сағатына 100 текше метр су сорғы насос­тар орнатылып, К-18 каналына тасталды. Сондай-ақ бұл күні қатты жауын-шашын сал­да­рынан Атакент кенті, Мақтаарал, Ж.Нұрлыбаев, Достық, Жаңажол, Жамбыл ауылдық округтері аумағында жер асты суы деңгейі көтеріліп, бірнеше үйлердің ауласына су толғандығы жөнінде аудандық өрт сөндіру бекеттерінің байла­ныс бөліміне тұрғындардан ха­барлама түскен. Ол бойынша жергілікті атқарушы және тө­тенше жағдай бөлімінің қыз­меткерлері тарапынан аумақ­тан су сорып шығару жұ­мыс­та­ры­ жүргізілді. Аудан әкім­дігінің хабарлауынша, 60-қа жуық су сорғыштар көшелер мен үйдің аулаларына толған су­ды шығару жұмыстарымен ай­на­лысты.

Жалпы, Түркістан облысында су тасқынына қарсы қа­уіп­сіздік жұмыстары жос­пар­­ға са­й жүргізілуде. Тө­тен­ше жағ­дайлар департа­мен­ті басты­ғының орынбасары Е.Сарыбаевтың айтуынша, қа­зір­гі таңда облыс аумағында су тасқыны бойынша жағдай бір қалыпты, тұрақты бақылауда. Су тасқынының алдын алу мақсатында Түркістан облысында 1 200 шақырымнан астам 680 арық, канал қоқыстан тазартылды, 61 500 дана қап, 482 тонна инертті материал әзірленген. Жергілікті атқарушы органдар мен төтенше жағдайлар департаменті тарапынан жалпы 2 065 адам, 400 бірлік техника, 6 қайық, 294 мотопомпа дайындыққа келтірілген. Су қоймалары мен өзендердің су режіміне күнделікті мониторинг жүргізілуде. Облыс бойынша су қоймаларының орташа толуы 45-50%-ды құрайды. Яғни тасқын суларды қабылдауға жеткілікті орын бар.

 

Түркістан облысы