Президент Жолдауда негізінен саяси реформаларды таныстырды. Дегенмен экономикалық жетістіктер тізбегінің де бірінші кезекте саяси батыл шешімдерге берік байланысты екенін ешкім де жоққа шығармас. Мемлекет басшысы осындай ұстанымды басшылыққа алып отырған сияқты.
Қасым-Жомарт Тоқаев Үкіметке тез арада дағдарысқа қарсы шаралар пакетін әзірлеуді тапсырды. Сонымен бірге ұлттық валютаның орнықтылығын қамтамасыз етуді де тапсырды. Бұл шаралардың орындалуы экономикалық қауіпсіздіктің кепілі боларын да атап өтті. Жалпы, соңғы 3 жыл көлемінде халықтың нақты табысының төмендеп кеткені белгілі. Цифрмен айтар болсақ, 2019 жылы 6,4 пайыздан 2021 жылы 3,1 пайызға дейін құлдыраған. Табыс неліктен төмендеді? Біріншіден, пандемия жылынан бастап экономикалық өсім баяулады және инфляциялық қысым күшейді. Кәсіпкерлік субъектілерінің экономикалық белсенділігі және жұмыспен қамту жағдайлары нашарлады. Жақында Үкімет халықтың әл-ауқатын арттыру бағдарламасын қолға алатынын мәлімдеді.
Жалпы, бағдарламада 80 іс-шара қарастырылған. Оның өзін екі топқа бөліп қарастыруға болады – тікелей және жанама әсер етуші факторлар. Тікелей шаралар бюджет қызметкерлерінің жалақысын көтеруге бағытталған. Жанама шаралар халықты жұмысқа орналастыру, кәсіптік даярлау (қайта даярлау), өзін-өзі жұмыспен қамту, өңдеу өнеркәсібі және кәсіпкерлік кәсіпорындарының өнімділігін арттыру кезінде жәрдемдесу есебінен кірістердің өсу мүмкіндіктерін кеңейтуге, яғни еңбек және кәсіпкерлік кірістерді арттыруға бағытталған. Бұл ретте ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының да мәні зор. Яғни азаматтардың қаржылық сауаттылығын арттыруға мүмкіндік беретін фильм, бейнероликтер де дайындалады.
Қазір көпшіліктің қиын экономикалық жағдайда отырғаны белгілі. Соңғы дерек бойынша елімізде 6,3 млн адам банкке қарыз екен. Бұл дегеніңіз экономикалық белсенді халықтың 68,5 пайызы. Бұл ретте банктердің проблемалық қарыздарының барлық көлемі 1,1 трлн теңгеге жетті. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің деректері бойынша 73,3 мың жас жұмыссыз жүр. Жыл сайын түлектердің шамамен 50 пайызы жұмысқа тұрмайды, жұмысқа орналасқан түлектердің 40,1 пайызы мамандығы бойынша жұмыс істемейді, жоғары білімі бар тіркелгендердің 23 пайызы біліктілігі төмен жұмысқа орналасқан. Ал жастардың 34,1 пайызы мамандықты өз бетінше таңдамаған. Бұл деген, әрине, аса жағымсыз статистика. Осы орайда оқушыларға мамандық таңдауда көмек көрсету үшін кешенді кәсіптік бағдар беруді енгізу өте маңызды. Атап айтқанда, кәсіпорында маманның мансаптық өсу нұсқаулығын әзірлеу; орта білім беру ұйымдарында «педагог-кәсіптік бағдар беруші» штат бірлігін енгізу; кадрларға қажеттіліктің 17 өңірлік картасын жасау; кәсіпорындардың өтінімдері бойынша техникалық және кәсіптік мамандықтарда 70 мың оқушыға дейін кадрлар даярлау; кәсіпорындар мен құзыреттер орталықтары базасында 1 мыңнан астам арнайы пән оқытушыларын тағылымдамадан өткізу; кәсіптік стандарттар негізінде білім беру бағдарламаларын әзірлеудің ерекше маңызға ие екенін айтқым келеді.
Қорытындылай келе, кірісті арттыру – бір құжаттың міндеті емес, Ұлттық жобалардан, тұжырымдамалардан және 2025 жылға дейінгі даму жоспарларынан бастап бағдарламалық құжаттардың кең тізбесінде қамтылған Үкіметтің барлық іс-қимылдарының жиынтығы екенін атап өткен жөн. Осылайша, Үкіметтің Халықтың табысын арттыру жөніндегі 2025 жылға дейінгі бағдарламасын іске асыру 2 млн-нан астам жұмыс орнын құруға мүмкіндік береді.
Ерділдә ТӘУТЕНОВ,
«Экономикалық зерттеулер институты» АҚ
Макроэкономикалық зерттеулер және болжамдау орталығының директоры