Алматыдағы Қазақ мемлекеттік қыздар педагогикалық университетінде «Ең үздік дирижер» байқауы өтті. Сайысқа қатысушылар халық әндерімен қатар, орыс, ағылшын, грузин халық әндерінен тұратын он алты шығарманы дирижерлеп орындады.
Музыкалық дарындарды анықтау мақсатында өткен байқауға өнер және мәдениет факультетінің, хорды дирижерлеу және ән кафедрасының Хор класы пәнінен дәріс алып жүрген студенттер қатысты.
Студенттердің қабілеттерін хорды дирижерлеу және ән кафедрасының білікті ұстаздарынан құралған қазылар алқасы бағалады.
Байқауға қатысушы студенттердің шеберлігі хор шығармасының музыкалық бейнесін ашу, шығарманы орындаудың кәсіби дағдыларын меңгеру, шығарманы көркемдік-техникалық шеберлікпен орындау, хор шығармасын орындауда адам жанының эмоционалдық-психологиялық жағдайының әртүрлі тұстарын, күйзелісін, көңіл күйін, сезімін дирижерлық қимылмен орындап жеткізу талаптары бойынша анықталды.
Әділ-қазылар алқасының қорытындысы бойынша бас жүлдеге 25 жылдан бері хор кафедрасын басқарып келе жатқан профессор, білікті ұстаз Мұрат Бурунчиннің шәкірті Гаухар Қуандықова лайық деп танылды. Гаухар грузин композиторы Р.Лагидзенің « Тбилиси туралы ән» шығармасын шеберлікпен орындап, дирижерлық қабілетін жоғары деңгейде көрсете білді.
Айнаш ЕСАЛИ,
«Егемен Қазақстан».
АЛМАТЫ.