Жуырда ғана Бейжіңде мәресіне жеткен 2022 жылғы Қысқы Паралимпия ойындарының қола жүлдегері Александр Герлицке «Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген спорт шебері» атағы берілді. Спортшыға төсбелгіні Премьер-Министрдің орынбасары Ералы Тоғжанов тапсырды. Салтанатты іс-шараға Мәдениет және спорт министрі Дәурен Абаев, Ұлттық Паралимпиада комитетінің Бас хатшысы Ерлан Сүлейменов және Паралимпиада құрамасының бас бапкері Василий Коломиец қатысты.
«Қазақстанның Паралимпиада құрамасына осындай жетістігі үшін ерекше алғыс айтқым келеді. Сіздер керемет нәтиже көрсеттіңіздер. Қайсарлық пен табандылықтың арқасында біздің еліміз осы ойындарда лайықты өнер көрсетті. Бұл нәтиженің соңында спортшылардың өздеріне және олардың жаттықтырушыларына ғана белгілі орасан зор еңбек жатыр», деді Ералы Тоғжанов.
Премьер-Министрдің орынбасары бұқаралық спортты дамыту және инклюзивті ортаны құру мәселелеріне ерекше назар аудару керек екенін айтып, бұл мәселелер Мемлекет басшысының жеке бақылауында екенін жеткізді. Ералы Тоғжанов мемлекет тарапынан спортты дәріптеу үшін барлық қажетті жағдайларды жасау алдағы уақытта да жалғасатынын мәлімдеді.
«Александр өзіне жүктелген сенімді толығымен ақтады. Сіздің жетістіктеріңіз рухани жігердің жарқын үлгісі. Бізді алдағы уақытта үлкен жұмыс күтіп тұрғанын атап өткім келеді. Біз осы Паралимпиадада жоғары нәтижелер көрсеткен ҚХР мен Украинаның тәжірибесін мұқият зерделейтін боламыз», деді Дәурен Абаев.
Александр Герлиц қазақстандықтарға қолдау көрсеткені үшін алғыс білдіріп, құраманың барлық жаттықтырушылар штабының үйлесімді және кәсіби жұмысын атап өтті.
XIII Қысқы Паралимпиада 4-13 наурыз аралығында Бейжіңде өтіп, оған әлемнің 50 елінен 700-ден астам спортшы қатысты. Қазақстан құрамасы бір қола медальмен жалпыкомандалық есепте 17-орынға табан тіреді.