Әйелдер күресінен ресми халықаралық жарыстар ХХ ғасырдың сексенінші жылдарынан бері үздіксіз ұйымдастырылып келеді. Тарқатып айтсақ, әлем чемпионатының тұсауы осыдан дәл 35 жыл бұрын Норвегияның Леренскуг қаласында кесілді. 1988 жылы Францияның Дижон шаһарында Еуропа біріншілігінің жалауы желбіреді. Тоқсаныншы жылдардың бел ортасынан бері Азия мен Америка құрлығының үздіктері анықтала бастады. Одан кейін бұл эстафетаны Африка мен Мұхит жағалауы елдері қабылдады. Ал 2004 жылы әйелдер күресі Олимпия ойындарының бағдарламасына еніп, ғаламдық доданың алғашқы жүлделері Афинада сарапқа салынды.
Бұрындары КСРО-ның құрамында болған мемлекеттер арасында әлем чемпионаттарында ең үздік нәтижеге Украинаның балуандары қол жеткізген екен. 1993-2021 жылдар аралығында олар 8 алтын, 6 күміс және 19 қола медальды олжалады. Барлығы – 33 жүлде. Екінші орындағы Ресейдің 60 жүлдесі бар. Алайда алтын медальдарының аз болуы салдарынан олар жарыс кестесінде басты қарсыластарынан қалып қойды. Ресейлік бұрымдылар 5 алтын, 22 күміс және 33 қоланы иеленді. Дәл осы көрсеткіштерінің арқасында аталған елдің спортшылары әлемдік өлшем бойынша да озық командалардың қатарына еркін енуде. Нақтылап айтсақ, украиналықтар тек Жапония, АҚШ, Қытай және Канада секілді алпауыттарды ғана алға жіберіп, бесінші орынға табан тіресе, Ресей құрамасы жетінші орынға тұрақтады.
Әлем чемпионаттарының қорытындысы бойынша Қазақстан бұрынғы «бауырлас» республикалар арасында алтыншы орынды иемденуде. Жерлестеріміз әзірге 5 күміс пен 7 қоланы қанағат тұтуда. Барлығы – 12 жүлде. Біздің бұрымдыларымыздың нәтижелері мынадай: Күміс – Елена Шалыгина (2007, 2010 жылдары), Жұлдыз Ешімова (2008), Гюзель Манюрова (2012) және Жәмила Бақбергенова (2021). Қола – Ольга Смирнова (2007), Ольга Жәнібекова (2007), Елена Шалыгина (2009), Жұлдыз Ешімова (2011), Екатерина Ларионова (2013), Айым Әбділдина (2016) және Валентина Исламова (2019).
Жерлестерімізге қарағанда Әзербайжан мен Беларусьтің көрсеткіштері әлдеқайда жақсы. Іргеміздегі Қырғызстанның қоржынында небәрі бес-ақ жүлде болғанымен, сапа жағынан олар да біздің алдымызда тұр. Өйткені соңғы уақытта Алатаудың арғы бетінде күрестің бұл түрі керемет қарқынмен дамып келеді. Осыдан үш жыл бұрын Нұр-Сұлтанда Айсұлу Тыныбекова алтын тұғырдан қол бұлғаса, былтыр Айсұлумен қатар Мейірім Жұманазарова да дәл сол межеден көрінді. Яғни төрткүл дүниенің мықтылары жиналған жарыста аталған елдің әнұраны үш мәрте шырқалды. Одан бөлек, олардың қоржынында тағы қос қола медаль бар. Бір кереметі, сол жүлделердің барлығы да тек өз өрендерінің еншісінде. Міне, қазіргі кезде қазақ жанкүйерлерінің қырғыз қыздарының толағай табысына қызыға қарауының да себебі сол.
Салыстырмалы түрде алсақ, Қазақстанның қоржынындағы 12 жүлденің жетеуін легионерлер жеңіп алғанын айта кетуге тиіспіз. Нақтылап айтсақ, Елена Шалыгина – Ресейдің Кемеровосынан, Ольга Смирнова – Чувашиядан, Гюзель Манюрова – Мордовиядан, Валентина Исламова – Новосібірден және Жұлдыз Ешімова – Қырғызстаннан.
2004-2021 жылдар аралығында Олимпия ойындарында әйелдер күресінен барлығы 24 жүлде жиынтығы сарапқа салынды. Сол 24 алтынның 15-ін жапондар олжалады. АҚШ, Қытай және Канаданың әнұрандары екі мәрте шырқалды. Германия, Ресей және Украина балуандарының бір-бір реттен бақ жұлдыздары жанды. Небәрі осы жеті мемлекеттің өкілдеріне ғана төртжылдықтың басты додасында бас жүлдені олжалау бақыты бұйырған екен.
Әлем чемпионатында украиналықтарға кеткен есесін ресейліктер Олимпиадада қайтарды. Бұл команданың сапында Наталья Воробьева топ жарса, Гюзель Манюрова, Алена Карташова, Валерия Коблова финалда ұтылды. Любовь Волосова мен Екатерина Букина үшінші сатыға жайғасты. Украинаға жалғыз алтынды Ирина Мерлини сыйға тартты. Дәл сол Мерлини және Ирина Коляденко мен Алла Черкасова қолаға қол созды. Барлығы – 4 жүлде.
Үздік үштікті Әзербайжан қорытындылады. Олардың бақандай алты медалі бар. Сол жүлделердің төртеуін әйгілі Мария Стадник олжалады. Украинаның батыс беткейінде орналасқан Львов қаласында дүниеге келген даңқты балуан өзі қатысқан төрт Олимпиаданың барлығынан олжалы оралды. Атап айтсақ, 2008 жылы Бейжің мен 2020 жылы Токиода қола алса, 2012 жылы Лондон мен 2016 жылы Рио-де-Жанейрода күміспен күптелді. Лондонда Юлия Раткевич және Рио-де-Жанейрода Наталья Синишина үшінші орындарды иеленді. Бұл спортшылар да легионерлер. Раткевич – Беларусьте, ал Синишина Украинада дүниеге келді. Осы мәліметтердің өзі-ақ әзербайжандықтар күні бүгінге дейін өз балуандарына көңіл бөлмей, тек келімсектерге ғана арқа сүйеп келе жатқанын аңғартады.
Қазақстан құрамасы Олимпиадада бес жүлдеге қол жеткізді. 2008 жылы Елена Шалыгина мен 2012 жылы Гюзель Манюрова үшінші сатыға тұрақтады. Отандастарымыз үшін 2016 жылы Бразилияның Рио-де-Жанейро қаласында алауы тұтанған Олимпия ойындары өте табысты болғанын спорт сүйер қауым ұмыта қойған жоқ. Сол жарыста Манюрова күміс алса, Екатерина Ларионова мен Елмира Сыздықова қола медальды мойындарында жарқыратты.
Өздеріңіз байыптап қарасаңыздар, әйелдер күресінен жеңіс тұғырына көтерілу оңай шаруа емес екен. Мәселен, бұрындары Одақтың боданында болған 15 республиканың сегізі ғана әлем чемпионатында жүлде алды. Олимпия ойындарында ондай құрметке тек алтауы бөленді. Бір қуантарлығы, табысты өнер көрсетіп жүргендер қатарында Қазақстан өкілдері де бар. Жерлестеріміздің қоржынында күміс те, қола да бар. Десек те бізді тек алтын медальдың аздығы алаңдатады. Егер бұрымдыларымыз аса ірі байрақты бәсекелерде бас жүлдеге қол жеткізе алғанда, тұғырымыз бүгінгіден әлдеқайда жоғары болатыны сөзсіз еді...
Әлем чемпионаттарының нәтижесі
(1993-2021 жылдар аралығы)
Орын
Командалар
Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
1.
Украина
8
6
19
33
2.
Ресей
5
22
33
60
3.
Әзербайжан
3
6
8
17
4.
Қырғызстан
3
0
2
5
5.
Беларусь
2
5
8
15
6.
Қазақстан
0
5
7
12
7.
Эстония
0
1
2
3
8.
Латвия
0
0
3
3
9-15.
Армения, Грузия, Литва, Өзбекстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан
0
0
0
0
Олимпия ойындарының нәтижесі
(1996-2021 жылдар аралығы)
Орын
Командалар
Алтын
Күміс
Қола
Барлығы
1.
Ресей
1
4
2
7
2.
Украина
1
0
3
4
3.
Әзербайжан
0
2
4
6
4.
Беларусь
0
2
1
3
5.
Қазақстан
0
1
4
5
6.
Қырғызстан
0
1
1
2
7-15.
Армения, Грузия, Литва, Латвия, Өзбекстан, Молдова, Тәжікстан, Түрікменстан, Эстония
0
0
0
0