Павлодар қаласында бес қабатты үйден өрт шыққан. Жұмысқа жедел кіріскен сала қызметкерлері 37 жасар азаматты қызыл жалын ортасынан алып шығып, жедел жәрдем өкілдеріне табыстаған, деп хабарлайды Egemen.kz облыстық ТЖД баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Тілсіз жау ортасынан аман шыққан азамат бүгінде жансақтау бөліміне түскен. Бұдан бөлек өрт сөндірушілер бірнеше азамат пен екі баланы балкон арқылы құтқарған. ТЖД келтірген деректерге зер салсақ, өрт 19 наурыз күні сағат 23.00 шамасында тұтанған. Екінші қабатта орналасқан пәтерлердің бірінде тұрмыстық заттар мен жиһаздар өртенген.
«№3 өрт сөндіру бекетінің қызметкерлері Ерғали Кәрімжанов, Дамир Қабылбек, Әсет Әубәкіров және Олег Лопатенко жұмысына адалдық танытып, пәтер иесін аман алып қалды. Олар жәбірленушіні кіреберіс есіктен алып шыққан», делінген баспасөз қызметінің хабарламасында.