Атақты ғалым, саясат және қоғам қайраткері, М.В.Ломоносов атындағы Мәскеу мемлекеттік университетінің ректоры Виктор Садовничий 75 жасқа толды.
Осыған орай, Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаев оған жеке құттықтау хатын жолдаған болатын. Хатта В.Садовничийдің басқаруымен «ММУ инновациялар мен ізгі бастамалардың бұлағына айналып, әлемнің ең үздік университеттерінің қатарына кірді», деп атап көрсетілген.
Мерекелеу қарсаңында Қазақстанның Ресейдегі елшісі Марат Тәжин мерейтой иесімен кездесіп, Мемлекет басшысының атынан аталған құттықтау хатты тапсырды. Елші мәдени-гуманитарлық салалардағы Қазақстан мен Ресейдің қарым-қатынастарына В.Садовничийдің ерекше үлес қосқанын атап өтіп, оған ұзақ ғұмыр мен табыс тіледі.
Сонымен бірге, жүздесу барысында мәдени-гуманитарлық, оның ішінде ең бастысы, білім беру саласындағы мәселелер талқыланып, екіжақты ынтымақтастықтың күн тәртібіндегі мәселелері бойынша пікір алмасу өтті.
«Егемен-ақпарат».