• RUB:
    4.98
  • USD:
    516.93
  • EUR:
    542.52
Басты сайтқа өту
03 Сәуір, 2014

Жұмысқа жақсы жол ашылды

338 рет
көрсетілді

ӨРКЕНДІ ӨНДІРІС ӨРІСІ

Кеше Елбасының кәсіпкерлікті тексеруге жариялаған мораторийі өз күшіне енді

Кәсіпкерлікті қолдау жөніндегі Елбасының арнаулы Жарлығы Жетісу жерінде қалай жүзеге асырылып жат­­­­қан­дығы туралы «Санжар» көп салалы фирмасы­ның ди­ректоры, кәсіпкер Жанатбек САРҒАЛДАҚОВПЕН әңгіме. – Жанатбек Сәдуақасұлы, әуелгі әңгімені өңірдегі тәжі­ри­белі кәсіпкер ретінде кәсіп­керлікті қолдау жөнінде күні кеше күшіне енген Елбасының арнаулы Жарлығы туралы айтудан бастасаңыз? – Елбасының «Қазақстан Рес­публикасында кәсіпкерлік қыз­мет үшін жағдайды жақсарту жөніндегі түбегейлі шаралар туралы» Жарлығы тура керек кезінде жарияланды деп санаймын. Олай дейтінім, осынау құзырлы құжат бізге, яғни шағын және орта бизнесте жүрген кәсіпкерлерге өте қомақты көмек болып отыр. Се­бебі, ұжымымызға келетін түрлі тексерушілерге алтын уақы­ты­мызды қиып, сұрағандарын түсін­діріп айтудың өзіне талай уақыт кетеді. Біз кәсіпкерлер қазақтың «әрбір уақыт алтынмен тең» деген сөзін ұран еткенбіз. Өйткені, әр күнді қорытындылаған кезімізде ертеңгі күннің әр минутын санап, атқарылатын жұмысты белгілеп, бөліп жазып қоямыз. Сондықтан, Елбасы Жарлығымен елімізде қабылданып, күшіне енген мораторий бізге үлкен көмек болып отыр деп ашық айта аламын. Себебі, ешнәрсеге алаңдамай, нақтылы атқаратын жұмысымызды істеп отырмыз. Тағы да қайталап айтарым, Елбасы тарапынан кәсіп­керлерді қолдау бүгін өте жақсы деп бағаланып қана қоймай, ертең де өте жақсы жемісін берері хақ. Кәсіпкерлер ісі дегенде айта кетер жайт, Елбасының саралап, сараптауы мен ұйғарымына сәйкес, белгіленген уақытта ішкі өнімді 50 пайызға жеткіземіз деп ойлаймын. Оған мемлекет тарапынан кәсіпкерлерге жасалып жатқан жеңілдіктер мен мүмкіндіктер де негіз болары анық. – Сіз басқарып отырған «Сан­жар» фирмасы қандай кәсіппен айналысады? – Кәсіпорын көп салалы. Мал бағып, егін егіп, отандық өнімді өңдейтін өндірісті дамытып, тұрақ­ты 70 адам еңбек етеді. Әрине науқандық жұмыс кезінде олардың саны 90-нан асады. Орташа айлық жалақы 40-45 мың теңге болады. Ел заңнамасына сәйкес құрылып, әрекет ететін ұжым болғандықтан мемлекетке тиісті мөлшерде салық төлеу, жұмысшылардың зейнетақы қорларына төлемдерді аудару заң шеңберінде жүзеге асырылуда. Бүгінгі таңда ұжымымызда 8 этнос өкілі жұмыс істейді. Арасында жоғары білімді мамандар да бар. Шыны керек, барлығы қазақ тілінде таза сөйлейді. Заман талабын дұрыс түсінгендіктен және келушілердің басым бөлігі орыс тілін білмейтін оралман ағайындар болғандықтан сатушы болып жұмыс істейтін орыс қыздар мен әйелдердің тілі тез жаттығып кетті. Әңгімелескен Нұрбол ӘЛДІБАЕВ, «Егемен Қазақстан». Алматы облысы, Ескелді ауданы.